Украина "Путин резиденциясына шабуылды" айыптаған Орталық Азия елдері басшыларын сынға алды

Новгород облысындағы Путиннің резиденциясы орналасқан жер

Украина сыртқы істер министрлігі "Путиннің резиденциясына шабуыл жасалды" деген ақпаратқа сеніп, бұл әрекетті айыптаған Орталық Азия елдері басшыларын сынға алды. Әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде министрлік аймақтағы бес ел - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанды атаған.

"Біздің ойымызша, Ресей таратқан фейктерге берілген мұндай реакция Украина өзара құрмет пен тиімділік қағидаттарына негізделген достық әрі прагматик қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылып отырған Орталық Азия елдеріне лайық емес. Сонымен қатар, мұндай реакция бұл мемлекеттердің Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдаймыз деген ұстанымына да қайшы келеді. Қазір Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын агрессор мемлекет бұзып отыр" делінген Украина сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Бұған қоса Украина сыртқы істер ведомствосы Орталық Азия елдері басшыларының "Украинадағы бейбіт тұрғындарға қарсы жасалып жатқан Ресейдің тұрақты әрі нақты зымыран соққыларына ешқандай реакция танытпағанына" қынжылыс білдірген.

"Бүгін "мемлекеттік нысандарға шабуылдау" туралы мәлімдеме жасаған елдер 2025 жылғы 7 қыркүйекте Ресей зымыраны Украина министрлер кабинетінің ғимаратына соққы берген кезде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ" делінген хабарламада.

Киев Орталық Азия елдері "қысқа мерзімді мүдделерге сүйеніп, Ресей пропагандасын" қолдау білдіріп отыр деп санайды.

"Қазір Ресеймен қарым-қатынастағы қысқа мерзімді мүдделерге сүйене отырып, Ресей пропагандасын қолдауға бағытталған әрекеттер Орталық Азия халықтарының тәуелсіздік пен өз тағдырын анықтау жолындағы күресі аясындағы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен дәстүрлеріне қайшы келеді деп санаймыз" делінген ресми мәлімдемеде.

2025 жылғы 30 желтоқсанда Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен әңгімеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің резиденциясына шабуыл әрекетін айыптайтынын және мұны бітімге келуге кері әсер етеді деп санайтынын айтқан. Кремль таратқан мәтінде "арандатушы шабуыл" деген тіркес қолданылса, Ақорда Тоқаевтың "Ресей Федерациясы президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын" жеткізген. Оның айтуынша, бұл әрекет "бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер етеді".

Путинмен телефонмен әңгіме кезінде бұл "шабуылды" Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да сынға алған.

Бірақ Тоқаевтың да, басқа президенттердің де мәлімдемелерінде шабуылдың артында Киев тұр деген пікір жоқ.

Украина президенті бастаған делегация АҚШ-та бейбіт келіссөздер өткізіп жатқан 29 желтоқсан кешке Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров украин дрондары Новгород облысындағы президент Владимир Путиннің резиденциясына шабуыл жасауға талпынды деп мәлімдеген. Оның дерегінше, резиденцияға шабуылға барлығы 91 дрон қолданылған. Бірақ Ресей жағы бұған нақты дәлел келтірген жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский Лавровтың мәлімдемесін "кезекті өтірік" деп атаған. Оның пікірінше, Ресей осылайша келіссөз процесіне кедергі келтіруге тырысып, сонымен бірге Киевтегі үкімет ғимараттарына шабуыл жасауға сылтау дайындап жатыр.

Трамп журналистерге Ресей президенті резиденциясына шабуыл жасауға талпыныс туралы Путиннен естігенін және оған "қатты ашуланғанын" айтқан.

31 желтоқсанда АҚШ арнайы қызметі Украина Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына шабуыл жасауға тырыспаған деген қорытынды келгені жайды ақпарат тарады. Мұны АҚШ Орталық барлау басқармасындағы дереккөзге сүйенген CNN, The New York Times және The Wall Street Journal басылымдары хабарлады.