Украинада соғыс басталғалы бері кемінде 259 мың ресейлік сарбаз қаза тапқан

Украинадағы соғыста қаза тапқан ресейлік әскери қызметшілердің зираты. Ресей, Новосибирск.

Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық соғысын бастаған 2022 жылғы 24 ақпаннан бері кемінде 258 989 ресейлік әскери қызметкер майданда қаза тапқан. Олардың есебін BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы журналистері еріктілермен бірлесіп жүргізген. Қаза тапқандардың 7700-ге жуығы Ресей армиясы мен басқа да күштік құрылымдарының офицерлері. Бұл есепке тек ашық дереккөздерден анықталған адамдар кіреді. Ал соғыс құрбандарының нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Журналистер жаңартылған бұл есебін Ресейде Украинадағы соғысқа байланысты мобилизация жарияланғанына төрт жыл толар алдында жариялады. Кейінгі екі аптада қаза тапқандар тізіміне 10 мыңнан астам жаңа есімдер қосылған, әдетте бес-алты мыңға жуық адам қосылатын. "Медиазона" басылымы бұл өсімге қаза тапқандар саны күрт көбейгеннен емес, Ресей мен Украина арасындағы мәйіт алмасудан кейін анықталған есімдердің қосылуына байланысты деп жазды, олардың аты-жөні тіркеу тізімі арқылы расталған.

BBC мен "Медиазона" бұған қоса қаза тапқандардың ашық дерекқорын жариялаған. Онда ол адамдардың аты-жөні, әскерге шақырылған жері, әскери атағы және әрбірінің қаза тапқан күні мен орны көрсетілген.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа ер адамдарды "ішінара" мобилизация жасау туралы жариялағанына төрт жыл толды. Қазіргі уақытта әскерге шақыру жүргізілмесе де, іс жүзінде мобилизация жалғасып жатыр: президент оны тоқтату туралы жарлық шығарған жоқ. Яғни төрт жыл бұрын әскерге шақырылғандарды демобилизациялау туралы шешім қабылданбаған. Әскерге алынғандар мен өлгендердің есебін жүргізіп отырған журналистердің дерегі бойынша, мобилизация бойынша әскерге алынғандардың 20 мыңнан астамы қаза тапқан, ал ресми ақпаратта Ресейдегі мобилизациямен 300 мың адам әскерге алынғаны жарияланған еді.

"Медиазона" мен ВВС-дің Орыс қызметі қаза тапқандар есебін ашық дереккөздерге сүйеніп жүргізеді: жергілікті БАҚ жариялаған ақпаратты, қалалық және ауылдық әкімшіліктер хабарламаларын, туыстарының әлеуметтік желілердегі жазбаларын және зират деректерін негізге алады. Журналистер өздері жасаған есептегі мәліметтен Ресейдің нақты шығыны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады. Ресей билігі қаза тапқандардың ресми статистикасын жарияламайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Журналистер Украинадағы соғыста өлген 223 539 ресейлік жауынгерді анықтады"Қабірге қоймайынша үмітімді үзбеймін". Соғыста өлді деген қазақстандықтар арасында кім бар?"Өзін жек көретіндер үшін жанын пида етті". Мәскеу Украинадағы соғысқа Ресей қазақтарын да салып жатырУкраинадағы соғыста Ресей жағынан өлгендердің көбі – елдің оңтүстігі мен Кавказдан барғандар. Неге олай?"Ресей соғыс басталғалы 333 мың солдатынан айырылды" - Украина қарулы күштері