"Тозақтан құтылдық": эвакуацияланған Олешки тұрғындары туыстарымен қауышты
Бірнеше жыл Ресей оккупациясында тіршілік етіп, ас-суға және тұрмысқа қажет өзге де игіліктерге зәру болған украиналықтар 31 қазан күні Чернигов қаласында туыстарымен қауышып, көз жасына ерік берді. Соғыстан әбден жапа шеккен Олешки қаласының тұрғындарын эвакуациялауға АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп мұрындық болды. Оның бастамасымен Украина мен Ресей сол аумақты атысты тоқтата тұруға келіскен. 30 қазан күні ондаған автобус Олешки тұрғындарын қаладан алып шықты. Азаматтарға Украина мен Ресейдің бірін таңдау еркіндігі берілді.
Олешки – Украина 2022 жылы-ақ азат еткен Херсон қаласынан 10 шақырымдай жерде орналасқан. Херсон Днепр өзенінің солтүстік жағында орналасса, Олешки оңтүстігінде орналасқан. Соғыс басталғалы бұл қала ұрыс алаңына айналып, ондағы көптеген ғимарат қираған. Қала тұрғындары іс жүзінде қамалып қалған еді: айналасын миналар қоршап, сыртқы әлеммен байланысы үзілгендіктен, бұл аумақтан кетуге мүмкіндік болмаған.
"Біз осы тозақтан құтылдық" деді Любовь есімді эвакуацияланған әйел (суретте жоқ) Азаттықтың Украин қызметіне. 31 қазанда автобустар Украинаның солтүстігіндегі Чернигов облысына жеткен.
Эвакуацияланған мына бір әйел Черниговқа жетіп, көз жасын сүртіп тұр. "Басым айналып тұр. Әбден шаршадық. Көңіліміз босап, не айтарымызды білмей тұрмыз. Қаншама уақыт бойы уайыммен күн кештік" деді ол Азаттыққа. "Сұмдық болды" дейді Виктор есімді тағы бір эвакуацияланушы. Оның айтуынша, соңғы гуманитарлық шаралар басталғанға дейін қаладан қауіпсіз шығу мүмкін болмаған. "Жолдың бәрі минаға толы еді". Халқының саны 24 мыңға жуықтаған Олешки қаласында соғыс жылдары екі-ақ мыңға жуық адам қалған.
Майдан шебінен аман шыққанына әлі де сене алмай жүрген адамдар көсіліп сөйлеуге шамасы келмейтінін айтады. "Автобусқа мінгенше қорқыныш сейілмеді. Қатты уайымдап, қобалжыдық. Оған дейін де не болар екен деп, түнімен көз іле алмадық" дейді Любовь.
Любовьтің (суретте жоқ) айтуынша, әбден зорыққан Олешки тұрғындары қаладан аман шығарына сенбеген. Тек олардың ауыр жағдайы халықаралық деңгейде айтыла бастағанда ғана үміт пайда болған.
Украина туын жамылған әйел жақын адамын танып қалып, қуаныштан көзіне жас алып, келген автобусқа қарай ұмтылды. Украина да, Ресей де 27 қазаннан бері Олешки маңында ешқандай шабуыл жасамады. Мелания Трамп атысты тоқтата тұру туралы келісім жасалғанын содан бір апта бұрын мәлім еткен. "Олешки ұзақ мерзімді бейбітшіліктің бастауына айналсын" деп жазды ол 1 қарашада X әлеуметтік желісінде.
"Әкемізді үйге аман-есен, еш жерін жарақаттамай жеткізуге көмектескен, осыған мүмкіндік жасаған барша адамға алғыс айтамын. Қатты қуаныштымын" деді бұрын Олешкиде тұрған Жанна (суретте жоқ). Күзге дейін қалада екі мыңға жетер-жетпес адам тұрды. Оның көбі – қаладан өз бетімен кетуге қауқарсыз егде жастағы адамдар. Украина омбудсмені Дмитрий Лубинецтің мәліметінше, оккупациядағы Олешкиден эвакуацияланғандардың ең үлкені 94 жаста болса, ең кішісі бір жастан енді асқан сәби болған.
Жаннаның егде жастағы туысынан (суретте жоқ) "Енді не істейсіз?" деп сұрағанда: "Отбасымды асырау үшін жұмыс іздеймін" деп жауап берді. Оның бұл сөзі сол жерде тұрғандарды бір жылатып, бір күлдіріп алды.
Олешкиден эвакуацияланып, Черниговке жеткен тұрғындар 31 қазанда бірге суретке түсті.