Үмбетәлиева: Суперпрезиденттік жүйе сол қалпы қалды

Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы Үкімет үйінде ашылды. Астана, 28 тамыз, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото

Құрылтай мен бұрынғы мәжілістің арасында қандай айырмашылық бар? Жаңа бір палаталы парламенттен не күтеміз? Президент әкімшілігінен көктемде ғана кеткен Айбек Дәдебайдың спикер болуы нені білдіреді? Сұрақтарға "Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының" жетекшісі Толғанай Үмбетәлиева жауап берді.

Азаттық: Толғанай ханым, Құрылтайдың алғашқы сессиясын көрген шығарсыз. Сізге қалай әсер етті, не байқадыңыз? Осы алғашқы сессияға қарап, олардың жұмысы, бағыт-бағдары қалай болатынын байқадыңыз ба?

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева

Толғанай Үмбетәлиева: Қазіргі Құрылтай мен бұрынғы мәжілістің арасында ешқандай айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Жаңа басталып жатқандықтан болар, [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев та көп өзгеріс ұсынған жоқ, жаңа идея естіген жоқпын. Бұрынғы бағдарламасын қайталап шықты: жасанды интеллект, энергетика мәселелерін айтты. Бір тоқталатын нәрсе — ұлттық бірегейлік мәселесіне көбірек мән берді.

Азаттық: Жиында сөйлеген Тоқаев Конституцияға сәйкес Құрылтай төрағасының кандидатурасын өзі ұсынды. Екі бөлек институт бола тұра, Құрылтай өз төрағасын өзі ұсына алмайды. Мұны қағаз жүзінде білсек те, бүгін іс жүзінде көріп отырмыз. Осы ретте Құрылтайдың құзыреті, атқарушы билікке ықпалы туралы айтып беріңізші.

Толғанай Үмбетәлиева: Иә, бұл суперпрезиденттік форманың мүлде өзгермегенін көрсетіп тұр. Президент институты жоғары тұр, биліктің басқа тармақтары тек президентке қарайды, соның шешімімен жүреді. Мұнда ең қызығы — 145 депутаттың өз басшысын сайлау мүмкіндігі шектеулі. Тоқаев «суперпрезиденттіктен кетеміз» деп уәде берген, Конституцияны екі рет өзгерткен, бірақ түбінде суперпрезиденттік форма сол қалпы қалып тұр. Құрылтай, Халық кеңесі болып, тек аттары ғана өзгеріп жатыр, ал функционалдық жағынан, басқару тұрғысынан ешқандай өзгеріс жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстандағы "суперпрезидент моделі" және Конституция жобасы: алда не күтіп тұр?

Азаттық: Құрылтай төрағасы болған Айбек Дәдебай бүкіл саяси карьерасында Тоқаевтың жанында жүрген адам екен: Тоқаев сенат төрағасы болғанда сенатта, БҰҰ бас хатшысының орынбасары болғанда Женевада, президент болғанда президенттің кеңесшісі, кейін әкімшілік басшысы болды. Дәдебайдың биліктегі рөлі қандай? Тоқаев неге оны жанынан тастамайды?

Толғанай Үмбетәлиева: Иә, өзіңіз айтқандай, ол — Тоқаевтың жақын адамдарының бірі. Маған бұл қатынас [Нұртай] Әбіқаев (кезінде сенатты, ҰҚК-ні және басқа да жоғары мемлекеттік органдарды басқарған тұлға – ред.) пен [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың арасындағы қарым-қатынасты қатты еске салады. Әбіқаев Назарбаевтан сәл жасы үлкендеу болғанмен, олардың карьерасын қарасаңыз, жас кезінен екеуі бірге жұмыс істеген. Дәдебайдың биографиясын қарасаң, дәл сол сияқты. Сондықтан ол болашақта Әбіқаев сияқты ол да болашақта көлеңкедегі саясаткер болар деп ойлаймын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Тоқаев билігін нығайту". Шетел басылымдары Қазақстандағы сайлау туралы не жазды?

Азаттық: Құрылтай құрамында бүгін президенттің жиені — қарындасының қызы Дана Медеуова да бар. Оның депутат болып сайлануына заң бойынша шектеу жоқ. Дегенмен Қазақстанда президент туысының парламентте отыруы нені білдіреді?

Толғанай Үмбетәлиева: Бұл — Назарбаев кезіндегі саяси жүйедегі туысқаншылықтың, трайбализмнің ешқайда кетпегенін көрсетеді. Тоқаев оны қайта алып келіп жатыр. Мен мұны саяси легитимизация деп бағалаймын. Дана Медеуова ешқашан саясатқа араласпаған, оның саяси ұстанымын да, кім екенін де білмейміз. Ал қазір оны саясатқа алып келіп жатыр.

Меніңше, бұл елде ештеңе өзгермегенін көрсетеді. Тоқаев жариялаған «мүлдем жаңа Қазақстан» емес, сол баяғы ескі Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз: ол бұрынғы саяси тәжірибені қайта енгізіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азияда саяси оппозицияға мүмкіндік бар ма?

Азаттық: Толғанай ханым, Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының төрағасы ретінде айтыңызшы, Қазақстандағы демократияның ахуалы қазір қандай деңгейде? Назарбаев кезеңімен және Тоқаев билігінің алғашқы жылдарымен салыстырғанда қай бағытта кетіп барады? Қандай баға бересіз?

Толғанай Үмбетәлиева: Меніңше, қазір біз тоталитарлық практикаға қарай кетіп барамыз, демократия туралы айтудың өзі қиын. Назарбаев кезінде демократия формалды, символдық түрде болса да көрінетін, дегенмен ол қатаң авторитарлық жүйе еді. Ал қазір сол қатаң авторитаризмнен мүлдем тоталитаризмге қарай ауысып барамыз.

Бізде қазір саяси партия да, оппозиция да жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарына қатты қысым жасалып, журналистердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмей жатыр. Саясаттанушылар да жоқ болып кетті, қазір тек билікті қолдайтын, биліктің сөзін сөйлейтіндері ғана қалды. Сын айтып жүрендердің көбі көрінбей кетті. Соған қарағанда, біз бұрынғы тоталитаризм жүйесіне қарай қадам басып барамыз.