Оралдағы құсбегілер жарысы

Оралдағы жарысқа Ақтау, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Тараз бен басқа да қалалардан 18 бүркітші қатысты. Сұңқар салғандар да болды.

Жарыстың бірінші кезеңінде бүркітшілер құстарын алыстан ұшып келіп, қолдарына дәл қондырып жарысты. Екінші кезеңде бүркіттердің шарықтау шегі сыналды. Үшінші кезеңде құстар шырға, яғни түлкінің терісіне түсіп жатты. Соңғы кезеңде құсбегілер бүркіттерін тірі қоянға салды.

Ұйымдастырушылар жарыс 15 ақпанға дейін өтсе, аңға үйренген жыртқыш құстарды түлкі мен қарсаққа да салып көруге болар еді деп жатты.

Жарыс алдында томағасы сыпырылмаған бүркіт.

Бүркітшілер жарысына - 23 градусқа жеткен күннің суығына қарамай келген көрермендер.

Көрермендердің көбі балаларын да ерте келіпті.

Қаршығасына қызыл беріп тұрған жас аңшы.

Құсына қарап тұрған бүркітші

Жарысқа қатысушылар

Оралдағы құсбегілер жарысын ұйымдастырушы Айболат Құрымбаев Азаттыққа енді мұндай бәсекені жиі өткізіп тұруға тырысатындарын айтты.

Бүркітшілер жарысына Ресейдің Самара, Тольятти, Пермь мен Ульяновск қалаларынан да келген көрермендер болды. Олардың кейбірі құстарын шекарадан өткізу қиын болғандықтан жарысқа қатыса алмағандарын айтты.

Бүркіт ұстаудың шығыны көп. Құс базарында бір бүркіттің бағасы бірнеше мың долларға дейін барады. Құсбегілердің сөзінше, ұрғашы бүркіттің тұрқы ірілеу, шеңгелі күштірек болғандықтан құны да қымбат.

Оралдағы құсбегілер жарысының жүлделері қомақты болған жоқ. Бірінші орынға - 200 мың теңге, екінші және үшінші орындарға - 50 мың теңге тігілген. Ұйымдастырушылар жүлде ірі болса, қатысушылар да көп болар еді дейді.

Құсын ұстап тұрған бүркітші.

Қаршығаның қызылға түскен сәті.

Құсбегі

Жарысты бақылап тұрған атты полицей.

Бүркіттің шүйліккен сәті

Жарыстың жеңімпазы - атыраулық бүркітші Арман Қошқаров.

6-сыныптан бері бүркітке әуеспін. Әкем әйгілі бүркітші Әбділхақ Тұрлыбаевтан дәріс алған. Мен болсам, әкемнен үйрендім, - дейді Арман Қошқаров. - Бұл хобби емес, ұрпақтан ұрпаққа қалатын дәстүр. Аңсарың ауатын әуес, таң атпай атқа қонасың, бүркітіңді ұшырып көресің. Көпшілік мықты бүркітшілер Моңғолияда тұрады деп ойлайды. Моңғолияда болғам, өйтіп айта алмас едім. Көп жерде болдым, үздік бүркітшілер Қазақстанда деп санаймын. Бүркіт барлық жерде бір ғой, адамның тәсілі әр қилы.