Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынында қазақстандық құқық қорғаушылар саяси қудалауға түскендерге ара түсуге шақырды

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының төрағасы Пере Понс (ортада) Варшавада басталған Адам өлшемі жөніндегі конференцияда сөйлеп отыр. Польша, 5 қазан, 2026 жыл

8 қазанда Варшавада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адам құқықтары мен негізгі бостандықтарға арналған Адам өлшемі жөніндегі конференциясында қазақстандық құқық қорғаушылар елде саяси және діни ұстанымы үшін қудалауға түскен деп санайтын азаматтардың істерін жария етіп, халықаралық қауымдастықты оларға ара түсуге шақырды.

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина елдегі өзге де резонансты істерді атап шықты. Ол наурыз айынан бері қамауда отырған қоғам белсендісі Санжар Боқаевты қылмыстық қудалау елде қоғамдық-саяси ой-пікірін еркін білдіретіндерге қаншалықты бостандық бар деген сауал тудырғанын айтты. Ал БҰҰ жұмыс тобы Марат Жыланбаевтың қамалуын негізсіз деп танып, Қазақстанды оны дереу босатуға шақырғанымен билік толық оқшаулап, қазір тіпті адвокаттарының өзі оған кіре алмай отыр деді Төреғожина.

"Ар.Рух.Хақ" жетекшісі сөзінде Қазақстанда жеті жылға сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрім отбасынан мың шақырымнан астам шалғайда жазасын өтеп жатқанына бірнеше рет наразылық білдіріп, үйіне жақынырақ мекемеге ауыстыруды талап еткенін атап өтті.

"Бұлар бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі жағдайлар болып көрінуі мүмкін. Бірақ оларды ортақ бір мәселе біріктіреді: Қазақстанда дербес саяси немесе діни көзқарас ұстану қаншалықты қауіпсіз? Азамат өз пікірі, сыны мен белсенділігі үшін қудаланамын деп қауіптенетін болса, бұл сөз еркіндігі мен бейбіт жиналу бостандығы аясынан шығып кеткен проблема. Мен ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросын Қазақстандағы ахуалды жіті әрі тұрақты бақылауда ұстауға шақырамын" деді Төреғожина.

Бұдан кейін ЕҚЫҰ жиынында Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев сөз алып, этносаралық және дінаралық татулық жайлы баяндады. Омбудсмен Қазақстан үкіметі ұлт пен дінге қатысты кемсітуге жол бермеу бағытында барлық шараны қабылдап жатқанын жеткізді, бірақ әлгінде сөз болған саяси себеппен қудалауға түскендер мәселесі жөнінде ештеңе айтпады.

Қазақстандық "Демос" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Құсайынов Ресейге жұмыс істеуге барып, еркінен тыс Украинадағы соғыстан бір-ақ шыққан Қазақстан азаматтарының, Ресейдің сұрауы бойынша Қазақстанда ұсталып, қазір Ресейге экстрадициялану қаупі төніп тұрған Украина азаматы Любовь Рожанская мен шешен азаматы Мансур Мовлаевтың тағдырына жиынға қатысушылардың назарын аударды.

Бұған қоса ол сәрсенбі күні Қазақстан соты 4 жылға бостандығынан айырған бұрынғы діни қызметкер, Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысына қарсы шыққан Иаков Воронцов жайлы да айтты. "Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау" бабы бойынша сотталған Воронцов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.

"Иаков Воронцов – соғысқа ашық қарсы шыққан дін қызметкері әрі менің досым. 7 қазанда Алматы соты оны соғысқа қарсы ұстанымына бола төрт жылға бостандығынан айырды. Біз ЕҚЫҰ-дан бұл іске назар аударуын сұраймыз және Қазақстан билігін Иаков Воронцовты дереу босатып, оны соғысқа қарсы ұстанымы үшін қудалауды доғаруға шақырамыз. Біз ЕҚЫҰ мен халықаралық қауымдастықты осы жағдайларды назардан тыс қалдырмай, адам құқығын қорғайтын пәрменді тетіктерді пайдалануын сұраймыз" деді Құсайынов.

Ресми Астана елде саяси тұтқындар бар дегенді үнемі жоққа шығарып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандық заңнамада "саяси тұтқын" деген ұғым мүлде қарастырылмағанын бұған дейін бірнеше мәрте мәлімдеген.

5 қазанда басталған Варшавадағы ЕҚЫҰ-ның Адам өлшемі жөніндегі жиыны 15 қазанға дейін жалғасады. Халықаралық конференцияға ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдерімен қатар құқық қорғаушылар, азаматтық белсенділер және сарапшылар қатысып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовқа сот үкімі шықтыОппозиция белсендісі Марат Жыланбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылдыДуман Мұхаммедкәрім түрме карцерінде өзіне қол салуға екі рет әрекет жасаған дейді әкесі"Экстрадиция қаупі күшейді". Ресейлік Мовлаева мен Емельянованың күні Қазақстанға қарап тұрҚазақстанда Ресейдің сұрауымен Украина азаматы Любовь Рожанская ұсталды