Accessibility links

Бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовқа сот үкімі шықты

Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов сотта отыр. Алматы. 16 қыркүйек 2026 жыл.
Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов сотта отыр. Алматы. 16 қыркүйек 2026 жыл.

7 қазанда Алматы қаласы Медеу ауданының соты бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовты төрт жылға түрме жазасына кесті. Бұған дейін прокурор Воронцовқа төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Бұрынғы діни қызметкерге "Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау" бабымен айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Воронцов биыл 13 ақпанда ол "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен әуелі 10 күнге қамалған. Соның алдында түнде оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат салынған үш пакет табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол 23 ақпанда 10 күндік қамаудан босап шығуға тиіс еді, алайда сол күні таңертең оны тергеушіге жауап беруге әкеткен. Адвокатының айтуынша, сол кезде оны "есірткі притонын ұстаған" және "сату мақсатын көздемей есірткі заттарын сақтаған" деген күдікпен екі айға қамаған. Кейін "есірткі притонын ұстады" деген айып алынып тасталды.

16 қыркүйекте сот істі жабық қарай бастаған. Сот процесі басталғанда ол "Азаттық Азия" тілшісіне "Меніңше, бұл – Ресей тарапынан түскен саяси тапсырыс. Бұл – заңсыз қылмыстық қудалау" деді.

Иаков Воронцов 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтатуды талап еткен православ діни қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойғандардың бірі ретінде көпшілікке танылған. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуі оны діни дәрежесінен айырды. Содан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруға талпынды. Алматы қаласының әділет департаменті ол ұйымды тіркеуден бас тартты. Бұған келіспеген Воронцов әділет министрлігінің үстінен сотқа жүгінген еді, бірақ бірнеше күннен кейін өзі ұсталды.

Воронцов қамауда болған кезде билік оны мәжбүрлеп емдеуге Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға бір айға жатқызды. Сол кезде қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады деп хабарлаған. Кейін оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырды.

​
XS
SM
MD
LG