– Иаковпен өткен аптаның бейсенбі күні тергеу абақтысында кездесіп, екеуіміз тергеу ісі аяқталғанын талқыладық. Айыптау актісі бүгін қолыма тиді, қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмын, – деді 25 тамыз күні адвокат Нұрпейісов Азаттыққа.
Жарты жылдан бері қамауда отырған 41 жастағы Иаков (Владимир) Воронцовқа "тыйым салынған заттар сақтаған" және "есірткі притонын ұстаған" деген айыптар тағылған. Қылмыстық кодекс бойынша, мұндай айыптар тағылған адам кінәлі деп танылса, жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін.
Воронцовтың адвокаты айыптау құжатында айтылатын екі негізгі жайтқа тоқталды.
– Біріншіден, Воронцовтың үйінен тыйым салынған зат табылғаны және 25 қарашада оның үйінде басқа адамдармен бірге осы тыйым салынған затты қолданғаны айтылады. Біздің ойымызша, тыйым салынған заттың табылғаны ол зат Воронцовқа тиесілі дегенді білдірмейді. Ал оның танысымен шылым шегіп отырғаны оның үйінде есірткі притоны болған деген сөз емес, – деді Нұрпейісов.
Тергеу нұсқасы бойынша, былтыр қарашада Воронцов "есірткі қолданады" деген жедел ақпарат түскеннен кейін оның тұрғын-жайына жасырын аудио және видео бақылау орнатылған. Айыптау актісінде Воронцов аса ірі көлемде – үш грамға жуық есірткі сатып алғаны, келесі күні оның үйінде тінту жүргізіліп, сол зат тәркіленгені айтылады.
Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
"Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында.
Оның жақтастары мен кейбір құқық қорғаушылар бұл істі Воронцовтың діни және қоғамдық қызметімен байланыстырады.
"Қажығаны байқалады, ескі аурулары қайта қозған"
Тергеу абақтысында ұзақ уақыт бойы қамауда отыру Иаков Воронцовты рухани жағынан күйзелтіп, оның денсаулығы сыр берген, бір кездегі ескі дерттері қайта қозған дейді адвокаты.
– Тергеу изоляторының негізгі мақсат-міндеті қылмыстық іс аясында күдікке ілінген я жауапқа тартылған адамды қамауда ұстау болғандықтан, ол жерде дертті емдеп-жазуға жағдай да, тиісті маман дәрігер де жоқ. Сондықтан оны, ескі дерті қайта қозған кезде, бір-екі рет ауруханаға қаратып, қайтадан абақтыға әкелген, бірақ ол жерде емделуге мүмкіндік жоқ, – деп түсіндірді Нұрпейісов.
Адвокаттың сөзінше, өзіне нақақ жала жабылды деп есептейтін Воронцовтың ескі ауруының қозуына көңіл-күйінің жағдайы әсер еткенге ұқсайды.
– Моральдық жағынан қажығаны байқалады, әрине, ол түсінікті де, тергеу абақтысы демалатын жер емес қой. Иаков ана жерім, мына жерім ауырады деп шағым айта бермейтін адам және де діндар кісі ғой, жұртқа сенгіштігі де бар. Мен оған қандай да бір жағдай болып қалған кезде қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығына, прокуратура органдарына шағым жазыңыз, егер олардан ешқандай қозғалыс болмаса, кеңес бердім. Ол солай жасады да, – деді заңгер.
Психиатриялық емханаға жатқызып, кейін қайтадан абақтыға ауыстырды
Өткенде айда Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы Иаков Воронцов Алматы облысындағы психиатриялық ауруханадан қайтадан тергеу абақтысына ауыстырылғанын хабарлаған.
"Тергеушінің бұйрығымен мәжбүрлі емдеуге жіберілген Иаков әкей (Владимир Воронцов) психиатриялық ауруханадан тергеу изоляторына қайтарылды. Дәрігерлер оның денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады және сау адамды қарадай емдеуден бас тартты", – деп хабарлаған бюро 13 шілде күні.
Иаков Воронцов Алматының тергеу соты оны психиатриялық сараптамадан өткізу туралы қаулы шығарғаннан кейін 13 мамырда психиатриялық ауруханаға жатқызылған еді. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов сот шешіміне түбегейлі қарсы болып, психиатриялық сараптама жүргізуге негіз жоғын айтқан.
Иаков Воронцов оған дейін үш ай қамауда болды. Биыл 13 ақпанда ол "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен әуелі 10 күнге қамалған. Соның алдында түнде оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеудегі діни қызметінен шеттетілген Иаков Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.
2024 жылы аты-жөні көрсетілмеген адамдардың арызы бойынша Иаков Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда "қылмыс құрамы болмағандықтан" ол іс сол жылы мамырда тоқтатылған еді.
Иаков Воронцов 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтатуды талап еткен православ діни қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойғандардың бірі ретінде көпшілікке танылған. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуі оны діни дәрежесінен айырды. Содан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруға талпынды. Алматы қаласының әділет департаменті ол ұйымды тіркеуден бас тартты. Бұған келіспеген Воронцов әділет министрлігінің үстінен сотқа жүгінген еді, бірақ бірнеше күннен кейін ұсталды.
Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы Иаков Воронцовты мәжбүрлеп психиатриялық емдеуге жіберуді саяси астары бар әрекет деп бағалап, оны дереу босатуға шақырған. Бұған дейін АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы Иаков Воронцовты діни себеппен қудаланғандар тізіміне енгізген.