Accessibility links

Бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцов психиатриялық ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылды

Иаков Воронцов, Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл.
Иаков Воронцов, Алматы, 26 сәуір, 2023 жыл.

Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері, Ресейдің Украинаға ашқан соғысын айыптаған және өзін-өзі басқаратын дербес православ шіркеуін құру жөнінде бастама көтерген Иаков Воронцов қайтадан тергеу абақтысына қамалған. Ол сол жерге Алматы облысындағы психиатриялық ауруханадан ауыстырылған деп хабарлады Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы.

"Тергеушінің бұйрығымен мәжбүрлі емдеуге жіберілген Иаков әкей (Владимир Воронцов) психиатриялық ауруханадан тергеу изоляторына қайтарылды. Дәрігерлер оның денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады және сау адамды қарадай емдеуден бас тартты", – делінген бюро 13 шілде күні Facebook-те жариялаған ақпаратта.

Бюроның хабарлауынша, 8 маусымда психиатриялық мекемеде жатқан Иаков Воронцовқа жолыққаннан кейін Алматы облысы бойынша Ұлттық алдын алу механизмі (ҰПМ) тобының жетекшісі әрі бюроның бас кеңсесінің заңгері Максим Кудрявцев ҰПМ-дегі "қызметінен босатылған". Мұндай шешімді Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) жанындағы ҰПМ-нің азаптаудың алдын алу жөніндегі үйлестіру кеңесі қабылдаған.

"Бұған Алматы облысы бойынша топ жетекшісі "ҮЕҰ мүддесіне" әрекет еткен деген желеуді негіз еткен, себебі бюро Иаков Воронцовқа заңгерлік көмек көрсеткен", – деп мәлімдеді бюро.

Алматының тергеу соты Иаков Воронцовты психиатриялық сараптамадан өткізу туралы қаулы шығарғаннан кейін ол психиатриялық ауруханаға 13 мамырда жатқызылған еді. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов сот шешіміне түбегейлі қарсы болып, психиатриялық сараптама жүргізуге негіз жоғын айтқан.

40 жастағы Иаков Воронцов оған дейін үш ай қамауда болды. Биыл 13 ақпанда ол "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен 10 күнге қамалған. Соның алдында түнде оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

"Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында.

23 ақпанда Воронцов Алматы қаласының полиция департаменті жанындағы изолятордан бостандыққа шығуға тиіс еді. Бірақ оны бірден тергеуге жіберген. Адвокатының айтуынша, Воронцов "есірткіні сату мақсатын көздемей сақтаған" және "есірткі притонын ұстаған" деген күдікпен тергелген.

Тергеу соты айыптауларды мойындамаған Воронцовты екі айға қамау туралы шешім шығарған. Адвокаты Воронцовты үйқамаққа ауыстыруды сұрағанымен, тергеу соты оның өтінішін орындамады. Кейін сот Воронцовты қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартқан еді.

2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеудегі діни қызметінен шеттетілген Иаков Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.

2024 жылы аты-жөні көрсетілмеген адамдардың арызы бойынша Иаков Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда "қылмыс құрамы болмағандықтан" ол іс сол жылы мамырда тоқтатылған еді.

Иаков Воронцов 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтатуды талап еткен православ діни қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойғандардың бірі ретінде көпшілікке танылған. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуі оны діни дәрежесінен айырды. Содан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруға талпынды. Алматы қаласының әділет департаменті ол ұйымды тіркеуден бас тартты. Бұған келіспеген Воронцов әділет министрлігінің үстінен сотқа жүгінген еді, бірақ бірнеше күннен кейін ұсталды.

Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы Иаков Воронцовты мәжбүрлеп психиатриялық емдеуге жіберуді саяси астары бар әрекет деп бағалап, оны дереу босатуға шақырған. Бұған дейін АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы Иаков Воронцовты діни себеппен қудаланғандар тізіміне енгізген.

Айдар
XS
SM
MD
LG