Алматы қаласында апелляциялық сот бұрынғы православ діни қызметкері Яков Воронцовты жабық психиатриялық мекемеге мәжбүрлі түрде жіберу туралы шешімді күшінде қалдырды. Қорғаушы тарап психология-психиатриялық сараптама қорытындысымен Воронцов мекемеге жеткізілгеннен кейін ғана таныстырылғанын мәлімдеп, шешімге қарсылық білдірген, деп жазды ҚазТАГ.
"Бізді сараптама қорытындысымен тек Иаковты психатриялық мекемеге жатқызғаннан кейін таныстырғанын сотта айттық. Өйткені оны дәл сол сараптаманы негіз етіп сонда жатқызды ғой. Сұрақ көп. Бұған наразымыз", деген адвокат Ғалым Нұрпейісов.
40 жастағы Иаков Воронцовты 13 мамырда психиатриялық стационарға тексеруге жатқызған. Адвокатының айтуынша, ол әлі екі аптадай сонда болады, ал сот бұл мерзімді ұзартуы да мүмкін.
Иаков Воронцов 13 ақпанда "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен 10 күнге қамалған. Соның алдында оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
23 ақпанда Воронцов Алматы полиция департаменті жанындағы изолятордан бостандыққа шығуға тиіс еді. Бірақ оны бірден тергеуге жіберген. Тергеу соты оны екі айға қамау туралы шешім шығарған. Кейін тағы бір айға ұзартты.
Адвокаттың сөзінше, ол "есірткіні сату мақсатын көздемей сақтаған" және "есірткі притонын ұстаған" деген күдікпен тергеліп жатыр.
Иаков Воронцов 2022 жылы Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған ашық үндеуімен көпшілікке танылған. Human Rights Watch оны психиатриялық емдеуге мәжбүрлеп жіберуді саяси астары бар әрекет деп бағалап, оны дереу босатуға шақырған. Бұған дейін АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы Иаков Воронцовты діни себеппен қудаланғандар тізіміне енгізген.