«Сасна црер» тобы қаруларын тастап, полицияға берілді

Армения Республикасының патрульдік-полиция полкі аймағын басып алған қарулы топ мүшесін әкетіп бара жатқан полицейлер. Видеодан алынған скриншот.

Шілденің 17-сінен бері Еревандағы патрульдік-полиция полкі ғимараты аймағын басып алған «Сасна црер» (Сасун ержүректері) қарулы тобы полицияға берілді. Бұл туралы Арменияның арнаулы күштері мәлімдеді.

«Армения Республикасының патрульдік-полиция полкі аймағын босату бойынша 30-31 шілде күні өткен антитеррорлық операция аяқталды» деп жазды осы елдің Ұлттық қауіпсіздік қызметі.

Ресми мәлімдемеде «Арнаулы қызмет жасақтары ұйымдасқан, келісімді жұмысының арқасында қарулы топтың қаруларын тастатты, билікке берілуге мәжбүр етті. 20 террорист ұсталды. Патрульдік-полиция қызметінің аймағы толық азат етілді» деп жазылған.

Азаттықтың Армян қызметі шілденің 31-і күні кешке қарулы топтың полицияға берілген видеосын жариялады.

Бұған дейін жергілікті БАҚ-қа қарулы топ жетекшілерінің бірі Варужан Аветисян қаруларын тастайтындарын, бұл шешімге полиция қызметкерлерінің қанын төкпеу үшін барып отырғандарын айтқан. Оның сөзінше, билеуші режимге полиция қызметкерлерінің қатысы шамалы.

Ол «Сасна црер» өз миссиясын орындағанын, яғни халықтық қозғалыс жасағандарын айтады. Аветисян ендігі күресті «әскери тұтқын» ретінде жалғастыратындарын мәлімдеген.

Осылайша екі тараптың да ақпаратынан қарулы топтың полицияға берілгені анық болғанымен, олардың қаруларын өз еріктерімен немесе мәжбүрлі түрде тастағандары белгісіз қалып отыр.

Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, қарулы топ билікке берілгенімен, патрульдік-полиция полкі аймағындағы полиция күзеті күшейтілген күйі қалған. Оқиға маңындағы көшелер әлі жабық тұр.

Ереванда шілденің 27-сі күні «Сасна црер» радикалдық тобына жақтасқан жүздеген адам көшеге шықты. Эребуни ауданындағы Хоренацид алаңына жиналған «Құрылтайшы парламент» қозғалысының және өзге де оппозициялық партиялар мен топтардың мүшелері қарулы топқа тамақ, су, дәрі жеткізуді, электр мен байланысты қайта орнатуды сұраған болатын. Шілденің 29-ы күні кешкісін шеруге шыққандарды тарату үшін полиция пиротехникалық граната, көзден жас ағызатын газ және резеңке таяқ қолданып, ондаған адамды ұстаған. Наразылар полицияға тас лақтырып, қарсылық танытқан.

ВИДЕО: Ереванда полиция шеруді күшпен таратты (29 шілде)

Your browser doesn’t support HTML5

Ереванда полиция шеруді күшпен таратты

Алайда «қарулы топ полицияға берілді» деген ақпарат тараған соң да Ереванның Азаттық алаңында жүздеген адам қатысқан шеру әлі тарқамай тұрғанын Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Шілденің 17-сі күні патрульдік-полиция полкінің аймағын басып алған «Сасна црер» қарулы тобы президент Серж Саргсянды отставкаға жіберуді, сенім үкіметін құруды, оппозициялық лидер Жирайр Сефилянды және өздері саяси тұтқын деп санайтын өзге де азаматтарды түрмеден босатуды талап еткен. Олар полиция ғимаратын басып алған кезде екі полиция оққа ұшып, бірнеше адам жараланған еді. Кейінгі екі апта ішінде бұл топ бірнеше полиция қызметкерлері мен дәрігерлерді кепілге алып, қайта босатқан.

Оқи отырыңыз: Ереванда қарулы топ дәрігерлерді кепілге алды

Заңсыз қару ұстады деген айыппен «Вардашен» түрмесінде жатқан Жирайр Сефилян «Сасна црер» қарулы тобының жетекшілерімен телефон арқылы келіссөз жүргізіп, олардың қаруларын тастауын сөйлескен. Қарулы топты берілуге көндіре алатынын айтқан. Ол үшін бірнеше талапты орындауды сұрап хат жазған. Талаптар арасында: Таулы-Қарабақ мәселесінің шешімі, қарулы күштерге, полиция мен сот-құқық саласына түбегейлі реформа жасау, қауіпсіздік, сайлау, әлеуметтік және экологиялық жүйелерді жаңарту сияқты мәселелер бар.