Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін хабарлады.
"Маңызды әңгіме болды, біз көптеген тақырыпты талқыладық", – деп жазды Зеленский Х әлеуметтік желісіндегі ресми парағына.
Оның сөзінше, екі президент Нью-Йоркте жеке кездесуге уағдаласқан. "Бұл кездесу көп нәрсені өзгерте алады" деді Украина президенті.
"Бізде шиеленісті азайту және негізгі қауіпсіздік мәселелері: энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және адамдар өмірін қорғау бойынша идеялар бар. Біз америкалық командамен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз және шынымен де маңызды қадамдар жасауға дайынбыз", – деп жазды Зеленский.
Ол сондай-ақ президент Трампқа Ресейге қарсы санкция салу туралы "Линдси Грэм заң жобасына" қол қойғаны үшін алғыс айтты.
Украина президентінің постында Трамппен кездесуі нақты қашан өтетіні жазылмаған. Бұған дейін Зеленский Трамппен 20 қыркүйектен кейін кездесуден үміттенетінін айтқан еді.
АҚШ президенті 22 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлемек және сол күні бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланған.