Қазақстандық журналистер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және конститутциялық реформа жөніндегі комиссияға қолданыстағы Конституцияның 20-бабын сақтап қалуды сұрап ашық хат жариялады. 800-дей адам қолдаған үндеудің авторлары бұл бапты жаңа Конституция жобасындағы 23-баппен алмастырмауды сұрап отыр.
Қазақстанның қолданыстағы Конституциясының 20-бабында елде сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні, цензураға тыйым салынатыны және әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екені жазылған. Бұл бап 3 тармақтан тұрады. Ал Конституциялық комиссия жариялаған жаңа жобада бұл норма 23-бапқа көшіп, 6 тармақ болып жазылған.
Атап айтқанда, онда Конституция деңгейінде шығармашылық түрлері тізбеленіп, зияткерлік меншікке қатысты ережелер, азаматтық және қылмыстық заңда бұрыннан бар нормалар қайталанған. Журналистер мұндай мағына аясы кең тұжырымдар теріс мақсатта пайдалануға жол ашып, цензураны күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарына қысымды арттырады деп алаңдайды.
"Қолданыстағы норма заң тұрғысынан нақты, жинақы тұжырымдалған және Конституцияның бостандық, қағидаттар мен кепілдіктер туралы құжат ретінде табиғатына толық сай келеді. Дәл осы норма көптеген жыл бойы пікір білдіру еркіндігін қорғауда негізгі құқықтық тірегіміз болып келеді" дейді авторлар.
Журналистердің ашық хатын жариялаған "Құқықтық медиа орталығы" да жаңа жобадағы "қоғамдық мораль", "қоғамдық тәртіп" сияқты мәні нақты анықталмаған ұғымдарға сүйенетін шектеулер мен қылмыстық құқықпен байланысы ашық көрсетілмеген "арандатушылық қызмет" жөніндегі тұжырымдар екіұшты ой тудырғанын айтады. Орталық мәлімдемесінде ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау нормаларының Конституция мен қолданыстағы заңдарда қатар бекітілуі сот дауларының көбеюіне және қоғамдық пікір білдіру мүмкіндігіне кері әсер етуі ықтимал деп болжайды.
– Бұл ашық хат бір ұйымның немесе бір адамның бастамасы емес – көптеген қазақстандық журналистердің ортақ пікірі. Біз бұл хатты бірлесіп дайындадық. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне қазақстандықтардан келіп түсетін барлық ұсынысты қарастыруға тиіс екенін айтқан. Яғни, ешбір ұсыныс назардан тыс қалмай, бәрі талқылануы керек деді. Ашық хатты қолдап отырған адамдар саны – үлкен көрсеткіш. Дегенмен қол жинау әлі аяқталған жоқ, ол сәрсенбіге дейін жалғасады. Бұл мәселе үлкен резонанс тудырды, себебі сөз бостандығы – баршаға ортақ құқық. Бұл тек журналистерге ғана қатысты емес, ол – барлық азаматтың пікір білдіру еркіндігі. Егер бұл құқық шектелсе, басқа құқықтарды жүзеге асыру да қиынға соғады, – дейді Құқықтық медиа орталық заңгері Гүлмира Біржанова.
Журналистерді алаңдатқан жайтқа Конституциялық комиссияның 7 ақпан күнгі отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жалпылама жауап берді.
– Ең басты қағида өзгеріссіз қалады – сөз еркіндігіне кепілдік беріледі және цензураға тыйым салынады. Әрине сөз бостандығы қоғамның басты құндылықтарының бірі, алайда оның құқықтық шеңбері бар екенін түсінуіміз керек. Бұл шектеулер пікір білдіруге емес, қоғамға қауіпті мақсаттарды көздейтін үгіт- насихатқа қатысты қолданылады, – деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Министр Балаева жаңа Конституция жобасы сөз еркіндігін шектейді дегенге келіспейдіБалаевадан кейін мемлекеттік арнада жұмыс істейтін журналистер де министрдің сөзін толықтырып, сөз бостандығына қауіп жоғын қайталады. Керісінше азаматтардың құқығы оның ішінде ой еркіндігі жан-жақты қорғалған деп сөйледі.
– Мен енді журналист қауымдастығының өкілі ретінде жобадағы сөз бостандығы мен ғылыми техникалық еркіндікке қатысты тоқталғым келеді. Ой азаттығы бұл – ел азаттығы. Бұл ұлы ұстанымды елдің басты заңы – мемлекетіміздің Ата заңында бедерленуі еркін пікір кепілдігінің ел дамуының өзегі екенін айқындайды. Еркін ойсыз ел көсегесі көгермейді. Ашық пікір алмасусыз алға баспайды. Жаңа жобада сөз бостандығын шектеуге қатысты норма жоқ, – деді конституцияық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, журналист, Ерқанат Көпжасар
"Құқық медиа орталық" өкілдерінің сөзінше, президентке ашық хат осы аптада жолданады. Әзірге желіде ашық жарияланып, қол жиналып жатыр. Журналистер бастамашы болған құжат кең сипат алып, оған журналистер және блогерлермен қатар сөз еркіндігіне бей-жай қарамайтын қарапайым адамдар да қолдау білдіріп жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық журналистер Тоқаевтан Конституцияның 20-бабын сақтап қалуды сұрады"ЖОБАДА ЗАҢ МЕН ТӘРТІП АДАМ ҚҰҚЫҒЫНАН ЖОҒАРЫ ТҰР"
Азаттық осы мәселе жөнінде құқық қорғаушы Татьяна Чернобильден сұхбат алып, сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік, халық пен қоғам деген ұғымдардың арасындағы айырмашылықты сұрады.
Азаттық: Конституция жобасында сөз бостандығы туралы жазылған. Дегенмен оны мемлекеттің шектеуіне қарсы тұратын нақты тетіктер бар ма? Халықаралық стандарттарға сәйкес "қажеттілік" пен "пропорционалдылықтың" нақты өлшемдері қандай?
Татьяна Чернобиль: Дұрыс айтасыз, Конституцияда адам құқықтарын, соның ішінде сөз бостандығын ашық шектейтін негіздер қазір де бар, ол жобаға да енгізілген. Бірақ құқықтардың жүзеге асырылу кепілдіктеріне де назар аудару қажет.
Бір жағынан, бірінші бапта адам құқықтары мемлекеттің негізгі құндылық екендігі айтылған, ол қазіргі Конституцияда да бар. Конституцияның преамбуласында да құқықтар туралы айтылады, бірақ онда "адам құқықтары" емес, "азаматтардың құқықтары" деп көпше түрде көрсетілген. Оның үстіне, олар преамбулада адам құқығын "заң мен тәртіп" қағидатынан төмен орналастырылған. Яғни басымдық заң мен тәртіп қағидаттарына беріліп, адам құқықтары соларға бағынуы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Адам құқықтарына қатысты, 23-бапта цензураға тыйым салу бекітілген. Цензураға тыйым қазіргі Конституцияда да бар. Бұл тұрғыда еш өзгеріс жоқ. Сондай-ақ әркімнің сөз бостандығына деген құқығына кепілдік берілген.
Алайда одан кейінгі тармақтарда шектеулер қарастырылған, яғни сөз бостандығы қандай жағдайларда шектелуі мүмкін екені көрсетілген. Айта кету керек, мемлекеттің міндеті – тек құқықтарды бұзбау ғана емес, сонымен бірге олардың барынша тиімді жүзеге асуына жағдай жасау. Сондықтан сөз бостандығын еркін жүзеге асырудың нақты кепілдіктерін де көргіміз келеді.
Ұсынылып отырған қосымша шектеулердің бірі — "қоғамның адамгершілік болмысы" деген негіз. Мұнда аударма қателігі немесе тілдік ерекшелік болуы мүмкін. Конституция жобасы қазақша жазылып, орысшаға аударылды деп айтылды. Дегенмен, бұл жерде қателеспеу өте маңызды, себебі Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт секілді халықаралық стандарттарда бұл "халықтың адамгершілігі" деп белгіленген және ол сөз бостандығын шектеудің рұқсат етілген негіздерінің бірі. Ал біздегі жобада "қоғамның адамгершілігі" деген ұғым енгізілмек. Тіпті лингвистикалық тұрғыдан алғанда да бұл тең мағыналы ұғымдар емес. "Халық" пен "қоғам" бір емес. Ағылшын тіліндегі public сөзі орысшада әрі "қоғам", әрі "халық" деп аударыла береді. Бірақ БҰҰ-ның ресми орысша нұсқасында "халықтың адамгершілігі" деген тіркес әдейі қолданылған. Себебі "халық" – біртекті емес, кең ұғым. Қоғам бір түсінікті ұстануы мүмкін, ал халықтың түрлі көзқарасы болады. Сондықтан "адамгершілік" ұғымын қолданғанда, ұжымдық емес, жалпыадамзаттық өлшемдерге сүйену қажет деген пікір айтылады.
Жалпы, Конституция жобасында ұжымшылдық айқын байқалады. Преамбулада да индивидуалистік емес, ұжымдық көзқарас басым. "Адам" емес, "азаматтар" делінеді. Президент те енді "адам құқықтарының кепілі" емес, "Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарының кепілі" деп көрсетілген. Яғни екпін адамның өзінен қоғамға, жеке тұлғадан ұжымдық ұғымға ауысқан. Бұл – жобаны әзірлеушілердің оны "адамға бағытталған" деп сипаттауына қайшы келетін жайт.
Азаттық: Қауіпсіздік пен сөз бостандығы арасындағы тепе-теңдікке тоқталсақ. Жоба ұлттық қауіпсіздік, экстремизммен күрес немесе жалған ақпаратпен күрес деген желеумен сөз бостандығын шектеу негіздерін кеңейтпей ме? Мысалы, 23-баптың 4-бөлігінде: "Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс" делінген. Ал 6-бөлігінде "қоғамдық тәртіпті бұзу" туралы да айтылған. Бірақ қазір тізім әлдеқайда ұлғайған және "адамгершілік болмыс" деген сөз енген. Бұл түсініктің аясына не кіріп отыр?
"Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы мемлекет деп жариялайды" деп жазу жеткіліксіз. Мұны іс жүзінде дәлелдеу керек.
Чернобиль: Жоғарыда айтқанымдай, "қоғамның адамгершілігі" немесе "халықтың адамгершілігі" деген тіркес – әлі де нақты айқындалмаған ұғым. Дегенмен ол сөз бостандығын шектеудің рұқсат етілген негіздерінің бірі екенін ескеру керек. Бұл негіз Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және біз ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде көзделген. Бұл ұғымның мазмұнын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің және басқа да шарттық органдардың түсіндірмелерінен іздеу қажет. Мемлекетке өз ұстанымын қалыптастыру немесе түсіндіру мүмкіндігі берілгенімен, комитет белгілі бір шекті белгілейді. Яғни "адамгершілік" түсінігі бүкіл қоғам үшін әмбебап болуы тиіс. Егер бір адам үшін белгілі бір әрекет дұрыс емес делінсе, басым көпшілік үшін емес, барша үшін де дұрыс емес деп танылуы тиіс. Бұл мәселен, "зиян келтірме", "өлтірме" деген сияқты жалпыадамзаттық ұстанымдар болуы тиіс. Яғни ешкім дау туғызбайтын, барша мойындайтын қағидаттар.
Енді Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактідегі сөз бостандығын шектеуге рұқсат жайттарға тоқталсам, олар – мемлекеттік немесе ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен адамгершілігі, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен мүдделері.
Мысалы, COVID кезінде денсаулық мүддесіне байланысты белгілі бір құқықтар шектелгенін білеміз. Алайда бұл негіздерді қолданудың бірнеше шарты бар. Біріншіден, олар заңда нақты көрсетілуге тиіс. Екіншіден, шектеу нақты жағдайға байланысты қажетті болуы керек. Ол болжамға сүйенбеуі керек. Мысалы, 8 наурыздағы феминистік марш ұйымдастырушыларына "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген желеумен митинг өткізуге тыйым салу – нақты дәлелсіз, жалпылама тұжырым. Қажеттілік дәлелденуге тиіс.
Үшіншіден, шектеу пропорционал болуы керек. Яғни белгілі бір тақырыпта балама орын немесе уақыт ұсынудың орнына, "бұл тақырыпқа мүлде тыйым саламыз" деу – пропорционал емес. Бұл жағдайда құқық шектелмейді, іс жүзінде жойылады. Төртіншіден, мұндай шектеулер тек демократиялық қоғамда ғана орынды деп танылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конституциядан орыс тілін алып тастау талабы күшейді. Билік "күрделі геосаяси ахуал" жайлы айтадыМемекет Конституциясында "Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы мемлекет деп жариялайды" деп жазу жеткіліксіз. Мұны іс жүзінде дәлелдеу керек. Демократиялық қоғам – құқық үстемдігі мен адам құқықтарын шынайы құрметтеуге негізделген қоғам.
Түзету бастамашылары "конституциялық құрылыстың негіздері" деген жаңа шектеу ұсынып отыр. Яғни егер сөз бостандығы конституциялық құрылыстың негіздеріне қауіп төндірсе, мемлекет оны шектей алады. Бірақ "конституциялық құрылыстың негіздері" деген не? Бұл – жаңа жобада 11 баптан тұратын тұтас тарау. Мұндай кең әрі нақты айқындалмаған ұғым құқық қолданушыларға өз өкілетін кеңінен түсіндіруге немесе асыра пайдалануға мүмкіндік беруі мүмкін.
Тағы бір маңызды жайт — цензураға тыйым салу нормасы сақталады. Бірақ сол баптың ішінде "пропагандаға тыйым" деген норма да бар. Халықаралық құқықта және қолданыстағы Конституцияда цензура зорлық-зомбылықты, соғысты, өшпенділік пен араздықты насихаттау сынды белгілі бір пропаганда түрлеріне қатысты рұқсат етіледі. Алайда қазір тыйым салынатын "пропаганда" ұғымы кеңейтіліп жатыр. Мысалы, "қоғамдық тәртіпті бұзуды насихаттау" да енгізілмек. Бұл цензураның аясын кеңейтеді. Мысал ретінде, егер біреу гомосексуал адамға қатысты жеккөрушілік негізінде жасалған қылмыс туралы жазса, оны "дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттау" деп бағалауы мүмкін. Ал бұл шын мәнінде өшпенділік қылмысы болуы ықтимал. Бірақ мұндай жағдайларда мемлекет өшпенділік тілін емес, керісінше оны әшкерелеген адамды жауапқа тартуы мүмкін.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ЛГБТ адамдарға қатысты өшпенділік пен қорлау жазбалары жазасыз қалып жатады. Бұл – нағыз өшпенділік насихаты болуы мүмкін. Алайда мемлекет назарын соған емес, тыйым салынатын ақпарат тізімін кеңейтуге аударады. Осылайша, цензура қолдануға рұқсат етілетін шекаралар халықаралық стандарттардан шығып бара жатыр. Бұл – ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе.
Азаттық: Конституция жобасының 23-бабының 1-бөлігінде: "Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi." деп көрсетілген. Ал бұрынғы редакцияда " Сөз бостандығына және шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады" деп, бұл тармақ қысқа әрі нақты болатын. Шығармашылық еркіндіктің түрлері жазылғаны, басқа шығармашылық түрлеріне тыйым барын білдіре ме? Мұндай сөйлем неліктен қолданылып отыр?
Чернобиль: Неге екенін білмеймін. Осылайша тізім ұсыну неге қажет болғанын түсінбеймін. Негізінде мұның бәрі "сөз бостандығы" ұғымының аясында әуелден-ақ қамтылған. Яғни сөз бостандығы – бұл пікір білдіру еркіндігін де білдіреді. Ал шығармашылық – пікір білдірудің бір түрі. Сөз бостандығы дегеніміз – ақпаратқа қол жеткізу, ақпаратты кез келген формада білдіру және тарату еркіндігі. Неліктен бұл баппен, оның тұжырымымен ойнау қажет болды – түсінбеймін.
Азаттық: Комиссия мүшелері жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтары преамбулаға енді, құжатта бұған ерекше басымдық берілді дейді. Дегенмен, Қазақстан өзі қабылдаған халықаралық декларациялар, пактілер бар екенін ескерсек, жергілікті заң мен халықаралық заң қайшы келіп қалғанда қайсының биік тұратыны нақтыланбаған. Қолданыстағы нұсқада халықаралық заңның басымдығы бар еді. Сөз еркіндігі тек медиаға қатысты мәселе емес екенін ескерсек, осы өзгеріс елдегі сөз еркіндігі мен азаматтардың бостандықтарына қалай әсер етуі мүмкін? Жобамен танысып шыққан боларсыз, өзіңіз байқаған өзгерістер аясында не айта аласыз?
Татьяна Чернобиль: Халықаралық шарттардың адам құқықтары саласындағы орны туралы айтсақ, біз жалпы халықаралық құқықты емес, мемлекеттің шарт негізіндегі міндеттемелерін айтып отырмыз. Яғни мемлекет бірқатар халықаралық міндеттемелер қабылдады. Жай ғана қабылдаған жоқ, оларды ратификациялады. Ұлттық заңнамамен, соның ішінде Конституциямен салыстырып тексеріп барып, белгілі бір уақыт аралығында мойнына алды.
Ұсынылып отырған жобада осы халықаралық шарт негізіндегі міндеттемелердің орны мемлекет аумағында әрекет ететін нормативтік-құқықтық актілер иерархиясының ең төменгі деңгейіне түсіріледі. Конституция жобасында ұлттық құқық пен халықаралық міндеттемелер арасында коллизия туындаған жағдайда не істеу керектігі нақты көрсетілмеген. Бірақ, қателеспесем, халықаралық органның Қазақстанға қатысты шығарған шешімі немесе оның бір бөлігі Конституцияға қайшы келсе, ол қолданылмайды деген норма енгізіледі. Мұндай сәйкестікті Конституциялық сот тексереді. Мұнда сөз шешімдер туралы болып отыр.
Мысалы, Қазақстан азаматтары да, Қазақстан юрисдикциясында жүрген шетелдіктер де БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымдану құқығына ие. Бұл құқық мемлекет тарапынан заңды түрде берілген. Осы комитет және басқа да органдар жеке шағымдарды қарап, қорытындысында "пікірлер" немесе "қорытындылар" деп аталатын шешімдер шығарады. Негізінде бұл – мемлекетке белгілі бір ұсынымдар беретін шешімдер.
Енді Конституциялық сот осы шешімді қарап, оны Конституцияға сәйкес емес деп танып, "біз оны қолданбаймыз" деуі мүмкін. Конституциялық комиссия отырыстарында сөйлегендер ұлттық құқық пен халықаралық міндеттемелер арасында қайшылық туындаған жағдайда басымдық ұлттық құқыққа, яғни Конституцияға берілетінін бірнеше рет айтты. Бұл жоба мәтінінде бекітіле ме, кейін қабылданған Конституцияда нақты көрсетіле ме – оны білмейміз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билік ұсынған жаңа Конституция жобасын қолдау мен сынБірақ мұндай мәлімдемелер жасалды. Мұнда менің жеке пікірімнің қажеті жоқ, себебі Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясы бар. Қазақстан оны да өз ниетімен ратификациялаған. Ол мемлекеттер жасасатын барлық халықаралық шарттарға қолданылады. Онда өте нақты латынша формула бар: pacta sunt servanda — "шарт орындалуға тиіс".
Бұл – құқықтың негізгі қағидаты. Кез келген құқық саласын алсақ, мысалы, екі жеке тұлға азаматтық шарт жасаса, олар сол шарттың міндеттемелерімен байланысады. Әр тарап екінші жақ өз міндеттемелерін адал орындайды деп күтеді және өзі де соған міндеттенеді. Сондықтан жалпы қағида бойынша халықаралық міндеттемелер мен ұлттық құқық арасында қайшылық болса, халықаралық міндеттемені орындамауды ұлттық құқықпен ақтауға болмайды. Өйткені шарт орындалуға тиіс.
Сот жүйесінің институционалдық дербестігіне, судьялардың адалдығына сенгіміз келеді. Алайда соттар өздерінде бар заңдармен жұмыс істейтінін түсіну маңызды.
Халықаралық шарттарға қосылу рәсімі өте күрделі. Бұл тек мемлекет басшысының барып, "қол қоямыз" деуімен шектелмейді. Оны парламент ратификациялайды және депутаттар жай ғана қол қоя салмайды – шарт ұлттық құқыққа сәйкестігі тұрғысынан тексеріледі. Тек содан кейін ғана ратификацияланады. Сондықтан қол қою мен ратификация арасындағы уақыт аралығы болады. Бұл кезең бәрін мұқият тексеру үшін қажет. Қажет болса, ұлттық заңнаманы сәйкестендіру үшін де керек.
Мысалы, біз мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияға алдымен қол қойып, кейін ратификацияладық. Осы аралықта ұлттық заңнаманы конвенция талаптарына сәйкестендіру үшін сегіз жыл уақыт кетті. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс. Мемлекет шарттық міндеттемелерді, кем дегенде адам құқықтары саласында жетілген әрі жауапты түрде ратификациялауға тырысады.
Азаттық: Өзіңіз қауіпті деп тапқан норамалрды алып тастаған күннің өзінде, жалпы сот жүйесі, судьяларды тікелей президент тағайындап отыратындығын ескерсек, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары толық көлемде қамтамасыз етіле ме?
Татьяна Чернобиль: Білмеймін. Әрине, билік бөлінісі қағидатына, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне сенгіміз келеді. Бірақ бізде бұл тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің кепілі кім екені де түсініксіздеу. Сот жүйесінің институционалдық дербестігіне, судьялардың адалдығына сенгіміз келеді. Алайда соттар өздерінде бар заңдармен жұмыс істейтінін түсіну маңызды.
Біздің құқықтық жүйе прецеденттік құқыққа жатпайды, яғни судьялар шешімді толықтай өз қалауымен қабылдай алмайды. Әрине, олар белгілі бір деңгейде өз ішкі сеніміне сүйене алады, бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. Судьялар заңды түсіндіріп, қолдануға мәжбүр. Сондықтан ең алдымен заңдардың өзі сапалы болуы керек. Бұл заңдар Конституцияға сай болуға тиіс.
Мысалы, қолданыстағы Конституция аясында біз үнемі "заңдарды Конституцияға сәйкестендіріңіздер" деп айтып келдік. Яғни біз Конституция нормаларына, соның ішінде сөз бостандығы туралы бапқа сүйендік. Ол жаман емес еді. Біз заңдарды осы бапқа сәйкестендіруге шақырып келдік. Енді белгілі бір мәселелер бойынша Конституцияға сүйеніп, уәж келтіру мүмкіндігі азаймақ.
Сондықтан бұл жерде мәселені судьялардан сұрау дұрыс емес. Ең алдымен, заңдар мен Конституцияның өзіне назар аудару керек – олар сапалы әрі құқықтарды нақты қорғай алатындай болуға тиіс. Ал содан кейін ғана құқық қолдану практикасы туралы айтуға болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конституцияның тіл туралы бабында "тең" сөзі "қатар" сөзімен алмастырылмақ