Жаңаөзен соты "қыз алып қашқан" бес адамды үш жылға бостандығынан айырды

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында "қыз алып қашуға" қатысқан бес жігітке сот үкімі шықты, деп хабарлады қазақстандық басылымдар.

Сот олардың кінәсі бейнебақылау камерасындағы жазбадан толық дәлелденді деп тауып, бесеуін де үш жылға бостандығынан айырды, дейді "31-телеарна".

Бұл оқиға былтыр 16 желтоқсанда болған. Сот материалында қас қарайған шақта үйіне кіріп бара жатқан қызға бейтаныс адамдар бас салып, еркінен тыс көлікке салмақ болып сүйрелегені айтылған. Оларға қарсылық көрсетіп, сытылып шығуға тырысқан қызды күштеп әкетуге көлік жүргізушісі де көмектескен, деп жазды "КТК" арнасы.

Кейін жәбірленуші арыз түсіріп, Қылмыстық кодекстің "Адам ұрлау" және "Некеге отыруға мәжбүрлеу" баптары бойынша іс қозғалып, сотқа жеткен.

Сот үкімі күшіне енген.

Былтыр қыркүйекте Қылмыс кодексіне енгізілген жаңа бап бойынша, адамды еркінен тыс некеге мәжбүрлеу қылмысын жасағандарды 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Бұл шара әйел мен бала құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында қабылданды. Алайда соған қарамастан, мұндай оқиғалар тыйылмай отыр, дейді бақылаушылар.

  • Биыл 2 ақпанда Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының үкімімен екі азамат қызды некеге мәжбүрлеу мақсатында ұрлау қылмысына кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бостандығынан айырылған.
  • 2025 жылы қазан айында Тараз қаласында бір қызды аялдамада тұрған адамдардың көзінше бірнеше жігіт көлікке күштеп отырғызып, алып кеткен. Қыз бала жан ұшырып, көмек сұраған. Кейін бұл оқиға бойынша үш адам ұсталып, іс қозғалған.
  • 2024 жылғы Шымкент қалалық соты "қыз алып қашқан" жігітті 4 жылға бостандығынан айыру туралы шартты жаза кескен. Жаңаөзенде тұратын ол жігіт әлеуметтік желі арқылы танысқан қызды Шымкенттен алып қашпақ болған.
  • Биыл қаңтарда Қызылордада өткен бесінші Құрылтай жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды", деп мәлімдеген.