4 қыркүйекте Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында бұрынғы Совет одағы Екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияны жеңгеніне арналған ескерткіш ашылды. Онда Жапония империясының символын бұзып жатқан Қызыл армия жауынгері бейнеленген. Жапондар хризантеманы әлі күнге дейін ұлт таңбасы ретінде дәріптейді.
Ескерткіш ашылардан бір күн бұрын Жапонияның бас консулдығы шұғыл өтініш айтып, мемориалға өзгеріс енгізуді сұраған.
Биіктігі 15 метр ескерткіште мылтықтың дүмімен шекара бағанын қиратып жатқан совет жауынгері бейнеленген. Бағанда шытынаған жапон императорының таңбасы салынған.
Хризантема гүлі пішініндегі эмблеманы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің одақтасы болған жапон әскері пайдаланған. Ол әлі күнге дейін ресми елтаңбаның орнына Жапонияның символы болып саналады. 16 жапырағы бар гүлді Жапония императоры қазір де пайдаланады және ел азаматтарының төлқұжатында да сол бейнеленген.
Жаңадан ашылған ескерткіште шытынап жарылған жапон таңбасы байқалады
Хабаровскідегі ескерткіш ашылар алдында ондағы символды алып тастауды сұраған Жапонияның үндеуіне Ресейдің кесімді жауабы көп күттірмеді.
"Менің ойымша, бұл өте орынсыз өтініш, – деп мәлімдеді Ресейдің әскери-тарихи қоғамы төрағасының орынбасары Николай Овсиенко 4 қыркүйекте. – Хризантема Жапония императоры үйінің ғана емес, сонымен қатар жантүршігерлік қылмыстар жасаған милитаризмнің де символы".
Әскери-тарихи қоғам бұл ескерткішті Хабаровск облысы әкімшілігімен бірлесіп жасаған.
Мұқабасына жапон императорының таңбасы салынған төлқұжат
4 қыркүйекте ескерткіш ашылғаннан кейін Жапония сыртқы істер министрлігі оны толық бұзуға шақыратын әдеттен тыс қатқыл мәлімдеме жасап, мемориалдың пайда болуын "өте қынжыларлық" жайт деп атады. Жапон премьер-министрі Санаэ Такайчи "оны алып тастауды табанды түрде талап етуді жалғастыруға" уәде берді.
Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Жапонияның ескерткішті алып тастау туралы үндеуін күлкіге айналдырды.
"Енді тек жел соқпауын және күн шықпауын талап ету қалды, – деді ол Токионың өтінішіне жауап ретінде. – Ата-бабамыз қорғаған жеріміз; дәйектерге сүйенген тарихымыз; ескерткіште сақталған жадымыз бар".
Тұмсық тұсында император таңбасы салынған жапонның Mizuho деп аталатын әскери кемесі, 1939 жыл
Хабаровскідегі ескерткіштің ашылуын Жапонияда биыл тамыз айында Ресей президенті Владимир Путиннің даулы Курил аралдарына жасаған сапарынан бірнеше апта өткенде Токиоға әдейі берілген белгі деп қарастырады. Ресми Токио ол аралдарды Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ шенінде Совет одағы басып алған Жапонияның солтүстік аумақтары деп біледі.
Ресей президенті Владимир Путиннің Кремльде билік басына келген 2000 жылдан бері алғаш рет, биыл 13 тамызда Курил аралдарына сапармен баруы Токионың ашуына тиді. Екі ел арасындағы қарым-қатынас 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін күрт нашарлаған.
Осы даулы аралдарға бола Мәскеу мен Токио Екінші дүниежүзілік соғыс ресми түрде тоқтағанын білдіретін бейбітшілік келісіміне қол қоймаған. Екі ел арасындағы қарым-қатынас 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін күрт нашарлаған.
1905 жылы Сахалин аралын Жапония мен Ресей арасында бөліп тұрған шекара белгісінің оңтүстікке және солтүстікке қараған беттері. Ал 1920 жылы Жапония бүкіл аралды басып алған.
Хабаровскідегі ескерткіште бейнеленген шекара бағаны қазіргі Ресейдің Қиыр Шығысында орналасқан Сахалин аралын бір кездері Жапония мен патшалық Ресей арасында бөліп тұрған граниттен орнатылған белгілерге ұқсайды. Арал 1904-1905 жылдары екі ел арасында болған соғыстан кейін жасалған бейбіт келісім аясында Мәскеу мен Токио арасында бөліске түскен.