Ресей президенті Владимир Путин Кремльде билік басына келген 2000 жылдан бері Курил аралдарына алғаш рет сапармен барды. 13 тамызда Путин Үлкен Курил жотасының шеткері тұсындағы, Жапонияның Хоккайдо аралына жақын жатқан Итуруп аралында болды, "Ясный" балық өңдеу зауытын аралап, қызыл уылдырықтың дәмін татты деп хабарлады "Настоящее время" арнасы.
Бұдан соң Путин Сахалинге барып, Тынық мұхиты флотының әскери оқу-жаттығуларына қатысты. Ол әскери-теңіз күштерінің айырым белгісі жоқ формасын киіп, жаттығу барысын бақылаған.
Путиннің Курил аралдарына сапары Жапонияның шамына тиді. Даулы аралдарды өз аумағы деп санайтын Токио "қатаң наразылық" білдірді деп жазды британдық BBC.
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Путиннің даулы аралдарға жасаған сапарын "жапон халқының намысын қорлайтын және мүлде қабылдауға болмайтын әрекет" деп бағалады.
Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгидің мәлімдеуінше, Курилдің оңтүстік бөлігі "тарихи тұрғыдан да, халықаралық құқық тұрғысынан да Жапонияның ажырамас аумағы саналады". Токио Ресей елшісін түсініктеме беруін талап етіп шақыртқан. Ал Ресейдің Жапониядағы елшілігі мұны "негізсіз демарш" деп атап, "оңтүстік Курил аралдары – Ресей федерациясының заңды құрамдас бөлігі" деп мәлімдеді.
Путинге дейін аралға 2010 жылы сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев сапар жасаған. Кейін ол премьер-министр ретінде де Курилге үш рет барды, ал 2021 жылы Итурупқа Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин сапарлаған. Ол екеуінің Курил аралдарына барғанына да Токио наразылық білдірген.
Мәскеу мен Токио Курил аралдарының (Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи) мәртебесіне қатысты ондаған жылдар бойы дауласып келеді. Бұл аралдар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Совет одағы мен Жапония арасындағы даулы аймаққа айналған. Совет өкіметі Жапонияға тиесілі аралдарды 1945 жылы аннексиялап алған. Мәскеу аралдарды өз иелігі деп есептейді, ал Токио бұл аумақты өзінің ажырамас бөлігі санап, оны қайтаруды үнемі талап етіп келеді.
1956 жылы Жапония мен Совет одағы аумақта әскери әрекеттерді тоқтату туралы декларацияға қол қойған, бірақ бейбіт келісім жасалмаған.
Совет одағы Курил аралдарын өзіне қосып алғаннан кейін онда тұрып жатқан жапон тұрғындарын депортациялаған. Токио ол адамдар дүние-мүлкінен, бағзы заманнан бері айналысып келе жатқан ата кәсібінен айырылды дейді. Қазір Курил аралдарында 20 мыңға жуық адам тұрады, ресейлік әскери база орналасқан.