Жапониядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 13 адамға жетті, хабарсыз кеткендер бар

Жер сілкінісі салдарынан көпірдің бір бөлігі бүлінді. Яцусиро қаласы, Кумамото аймағы, Жапония. 28 шілде, 2026 жыл.

Жапонияның оңтүстігінде сейсенбіде болған қуатты жер сілкінісі салдарынан кемінде 13 адам қаза тапқан. Мұндай деректі жапон премьер-министрі Санаэ Такаити хабарлады.

28 шілде күні жергілікті уақытпен 16:27 кезінде Кюсю аралында күшті жер сілкінісі тіркелді. Билік цунами қатері туралы ескерту жариялап, бір сағаттан кейін қауіп сейілгенін хабарлаған.

АҚШ Геологиялық қызметі жер сілкінісінің магнитудасын бастапқыда 7,1-ге тең деп хабарлаған, кейін 6,8-ге дейін төмендетті.

Кумамото префектурасында шамамен 10 мың адам эвакуацияланып, 37 мыңға жуық үй жарықсыз қалған, кейбір ғимараттар, жолдар мен көпірлер зақымданған.

Жер сілкінісі салдарынан Кумамотодағы сауда орталығы құлап, кемінде екі адам қаза тапқан. Билік сауда орталығынан сегіз адам құтқарылғанын хабарлады.

Қазір хабарсыз кеткендер жайлы ақпарат нақтыланып жатыр.

Табиғи апат болған аймақта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Келген шығын көлемі әзірге белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жапонияда жер сілкінісінен мыңдаған үй жарықсыз қалып, жолдар бүлінді