Азаттық: Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, парламент бір палаталы болып өзгеріп, вице-президент лауазымы қайта пайда болып жатқаны жөніндегі өзгерістерге қандай баға бересіз?
Жармахан Тұяқбай: Әрине, мемлекет өсіп-өркендеген сайын өз саясатын, алға қойған мақсаттарын өзгертіп, әртүрлі реформа жасап жатады. Оның бәрі мемлекеттің қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы, тәуелсіздіктің баяндылығы, елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында жасалып жатқан шаралар деп айтуға болады. Бірақ бүгінгі жасап жатқан конституциялық өзгерістер сол алға қойған мақсаттарға, ойлаған межелерге алып бара ма, жоқ па деген күмән әр уақытта тұрады. Себебі мәселе қандай Конституция қабылдағанда емес, сол Конституцияның тұжырымдары мен талаптарын, бостандықтарын бүгінгі билік қаншалық қамтамасыз етеді, ең басты мәселе – сол. Сондықтан парламентті "Құрылтай" деп атау, яки болмаса екі палаталы парламентті бір палата жасау не парламент құрамын тек партиялық тізіммен бекіту – тек сыртқы көрініс. Оның мазмұны қандай болады, оған қаншалық халыққа, елге жаны ашыған саясаткерлер келеді, олар қаншалық сол мақсаттарына жетуге ұмтылады, барлық мәселе соған байланысты.
Your browser doesn’t support HTML5
Тоқаевтың реформасы, Тұяқбайдың сыны — AzatNEWS l 30.06.2026.
Азаттық: Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "біз қазақ мемлекеттігінің "ғимаратына" күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз" деді. Осы күрделі жөндеуден соң ғимарат қандай болып шығады деп ойлайсыз? Қалай елестетесіз?
Жармахан Тұяқбай: Күрделі жөндеу бола ма, қатардағы жөндеу бола ма, оның барлығы – тек қана сөз. Ал шын мәнінде күрделі реформалар жасау үшін ең бастысы билік ел басқарғанда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын, оның мұң-мұқтажын қаншалық ойлайды, мәселе сонда. Халықтың не жеке адамның құқықтары қаншалық қорғалады? Соның бәрі тек қағаз жүзінде қалатын болса, іс жүзінде баяғы сол Назарбаев салған даңғыл жолмен "Алға!" деп жүре беретін болсақ, онда ешқандай өзгеріс болмайды.
Азаттық: Президент бүгінгі сөзінде "халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді, тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді" деп, 2022 жылдан бері өткен үш жалпыұлттық референдумды мысалға алды. Сіздің ойыңызша қалай? Қазақстанда халық президент айтқандай өзінің ықтиярын білдіру тетігіне қол жеткізді ме?
Жармахан Тұяқбай: Бізде барлығы сөз жүзінде керемет. Халық сөзден әбден шаршап бітті. Билікке сенімсіздік, билікке деген күмәннің барлығы биліктің саясатына байланысты. Егер саясат халықтың мұқтаждығын қамтамасыз етіп, ойынан шығып жататын болса, онда әрине, бүгінгі қабылданып жатқан Конституция, бүгінгі өзгерістер іс жүзінде сол халықтың пайдасына шешіліп жатыр деген тұжырым болады. Оған жете ме, жетпей ме? Реформа тек сыртқы көрінісі ғана болып, ішкі жағындағы мәселелер шешілмей жататын болса, онда бұл әрекеттен ешқандай өзгеріс болмайды. Баяғы жарта сол жартас болып қала беруі мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Назарбаевтың кезінде құрылып, Тоқаевтың тұсында қысқарған: қос палаталы парламенттің соңғы жиыныАзаттық: Өзіңіз айтқан "халық сөзден әбден шаршап бітті" деген пікір дәл сіздің аузыңыздан 15-20 жыл бұрын да шығатын еді. Менің түсінгенім бойынша, әлі күнге сіздің ойыңыздағыдай шынайы өзгеріс, реформа болған жоқ па?
Жармахан Тұяқбай: Реформа мүлде болған жоқ деп айтуға болмайды. Әрине көп өзгеріс болып жатыр. Бірақ сыртқы бейнесі бар өзгерістердің сапасы қаншалық дұрыс деңгейде, мәселе сонда.
Елде болып жатқан трансформациялардың арқасында билік басына жаңа адамдар келіп жатыр. Солар бұрынғы сарынмен, Назарбаев командасы жасаған іс-әрекетті жалғастырып жатқан жоқ па? Әлде қатені түзеп, жаңа іс-әрекет жасап жатыр ма? Сыбайлас жемқорлық, мемлекет қаржысын ұрлау істерінде шенеуніктердің жауапкершілігі қаншалық артты? Міне, осы мәселелер бойынша баға беретін болса, сонда ғана бүгінгі билік шынайы өзгерістер жасап жатыр ма, жасамай жатыр ма деген сұраққа жауап алуға болады.
Азаттық: Сіз президент ауысқан 2019 жылы Жалпыұлттық социал-депократиялық партия төрағалығынан кеттіңіз де, саясаттан жырақтадыңыз. Содан бері халықтың әл-ауқаты қалай өзгерді? Ресми көрсеткіштерге қарағанда ЖІӨ артқан, жалақы өскен, инвестиция көбейген. Сізге қалай көрінеді? Халықтың тұрымысы жақсарды ма?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сайлауға бойкот жариялаған ЖСДП басшысы ауыстыЖармахан Тұяқбай: Бүгінгі жасалып жатқан экономикалық өзгерістерден халықтың жағдайы түзеліп кетті деп айта алмаймын. Халыққа зейнетақы да, әлеуметтік көмектер де беріліп жатыр. Халық билікке қол жайып, сұрап отырған жоқ, өз мүмкіндігінше несие алып, қарызға батып, сол арқылы өйтіп-бүйтіп күн көріп жатыр. Бүгінгі күні халық тек қана билікке сеніп, биліктің арқасында бір жетістікке жетемін деп ойламайды. Жай қарапайым адамдар өз тірлігін өзі жасап, өз арбасын өзі сүйретіп жүр.
Азаттық: Сіз 2004 жылы өткен парламент сайлауынан соң сол кездегі "Отан" партиясы төрағасының орынбасары қызметінен өз еркіңізбен кететініңізді мәлімдеп, партиядан шыққан едіңіз. "Сайлау әділ өтпеді, мұндай бассыздыққа енді шыдай алмаймын" деп мәлімдегенсіз. Содан бері 22 жыл өтіпті. Қаншама сайлау, референдум болды. Қаралы Қаңтар оқиғасы болды. Кезінде елдегі оппозициялық күштердің төрағасы болған, елді соңынан ерткен топты жетектеген адам бола тұра неге үнсіз кеттіңіз?
Жармахан Тұяқбай: Мен сол кездегі биліктің құрамындағы адам болдым. Қызметтен кеткенімде "биліктің жіберген адамы" немесе "бұл қарулы көтеріліс жасап, елде топалаң жасағысы келеді" деген сияқты әртүрлі әңгіме болды. Бірақ мен сол уақыттағы саяси жағдайға наразылық білдіргеннен кеттім. Осы бағытта іс-әрекет жасадым, елде болып жатқан кемшіліктерді жою бағытында не істеу керегін сол кезде айттым. Уақыт өткен соң, сол кезде менімен текетерес болған азаматтардың өзі биліктен кеткеннен кейін мен жаңадан келген жас толқын билік иелері "өзгеріс жасайтын шығар" деген үмітпен, солардың жұмысын бақылап отыру үшін, оларға кедергі келтірмеу үшін, аяғынан шалмау үшін саясаттан өз еркіммен кеттім.
Азаттық: Қазір Қазақстанда оппозициялық партия жоқ, оппозициялық күштер жоқ дегенді көп естіп жүрміз. "Шынайы оппозиция болатын едік, бірақ бізді тіркемейді" дейтін белсенділер бар. Қазір оппозицияның күйі қандай деп ойлайсыз?
Жармахан Тұяқбай: Бүгінгі оппозиция өте әлсіз. Қазіргі кезде шынайы күші, ынтасы бар ұйымдасқан топ бар деп айта алмаймын. Оның басты себебі – халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы. Оның үстіне, халықаралық ахуалды, өзгеріс жасаймыз деп топалаңға тап болған мемлекеттерді көріп, көбі бүгін саясаттан азар да безер болған, саясатқа араласқысы келмейді. Халық өзі ынталанып, ұйымдасып, саяси топ құрып, елде өзгерістер жасайық деген бір үлкен күшке айналмаса, өзін-өзі жариялап жатқан партиялар бір әрекет жасап, бірдеңе шеше алады дегенге сенбеймін.
Азаттық: Бір кезде өзіңіз басқарған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қазір жұмысын аяқтап жатқан парламентте бірнеше мандаты болды. Алдағы Құрылтайда бола ма, болмай ма, ол жағы белгісіз. Осы партияның бағытын қазір қалай бағалайсыз?
Жармахан Тұяқбай: Мен кеткеннен кейін ол партияның не болғанын білемін. Оған қандай күштер келгенін де білемін. Сондықтан мен бүгін оған баға бере алмаймын. Ол партиямен, менің қарым-қатынасым үзілген. Онда жұмыс жасап жатқан азаматтар қаншалық дербес, тәуелсіз әрекет етіп жатыр, оған үлкен күмәнім бар.
Азаттық: Өзіңіз көп жыл бойы сынап келген билік жүйесін, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі образына, рөліне қатысты қандай сөз айтар едіңіз? Ол кісі президенттіктен кеткелі ел алдына жөнді шықпайды, анда-санда бір көрінеді, кейде Кремльге, Путинге барғанын ғана естіп қалып жатамыз. Неге олай болды деп ойлайсыз?
Жармахан Тұяқбай: Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың жасы келді. 80-нен асқаннан кейін одан қайбір қоғамдық белсенділікті көруге болады? Денсаулығы да жоқ шығар. Басқа да көптеген мәселелер бар. Оның үстіне Қаралы Қаңтар оқиғасы болды. Ол да оның абыройына, елдің оған беретін бағасына үлкен сызат түсірді. Сондай жағдайда ол не жасай алады?
Бірақ менің ойымша, оның жанында болған тұлғалар әлі де жүр. Олар әлі де белсенділігін көрсетеді деп ойлаймын. Бірақ ол біздің мемлекетке қаншалық керек, оның қауіпсіздігіне қаншалық нұқсан келтіреді, ол жағын келешек көрсетеді.