8 наурызда, аятолла Әли Хаменеи Америка мен Израильдің әуе соққысы салдарынан қаза тапқаннан кейін Иранның Сарапшылар кеңесі саид Мұжтаба Хосейни Хаменеиді елдің жаңа жоғарғы жетекшісі – рахбар етіп сайлады. Бұл – Иран Ислам республикасы тарихында ел басшысының орнын оның ұлы басқан алғашқы жағдай.
Мұжтаба Хаменеи көпшілік алдына өте сирек шығатын және теологиялық семинария аудиторияларынан тыс жерде ешқашан халық алдында сөз сөйлемеген. Соған қарамастан, ол көбіне көлеңкедегі көшбасшы ретінде қарастырылып, жоғарғы жетекшінің жақын серіктеріне және Иранның күштік құрылымдарына ықпал ететін тұлға деп есептелетін.
Мұжтаба Хаменеи кім және ол әкесінің мұрагерлері тізіміне қалай кірді? Оның кандидатурасы қалай дау тудырды?
БИЛІККЕ АПАРАР ЖОЛ
Мұжтаба 1969 жылғы 8 қыркүйекте Иранның солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында дүниеге келген. Ол – Әли Хаменеиның алты баласының екіншісі. Тегерандағы "Алави" діни мектебінде орта білім алған.
Иран БАҚ-тарының мәліметтері бойынша, жас кезінде Мұжтаба Иран-Ирак соғысы тұсында қысқа уақыт армияда қызмет еткен. Сегіз жылға созылған қанды соғыс кезінде-ақ режимнің Батысқа өшпенділігі арта түскен, себебі Батыс елдері Иракқа қолдау білдірген.
1999 жылы Мұжтаба шейіт теологиясының маңызды орталығы саналатын қасиетті Қум қаласына барып, діни білімін жалғастырды. Бір қызығы, осы уақытқа дейін ол шейіт дін қызметкерінің киімін кимеген.
Мұжтаба Хаменеи (артта) және әкесі Әли Хаменеи
Мұжтаба үнемі тасада жүрген, ешқашан мемлекеттік қызмет атқармаған, жұрт алдына шығып сөйлемеген, сұхбат бермеген. Тіпті сурет, видеолары да өте аз. Алайда біраздан бері оның әкесінің "тірегі" ретінде аты шыққан. 2000-жылдардың соңында WikiLeaks жариялаған АҚШ дипломаттарының хаттарында ол "сахна сыртындағы күш" ретінде сипатталған. Associated Press-тің жазуынша, ол режимнің ішіндегі "іскер әрі күші басшы" деп аталған.
"ҚОЖАЙЫН" МҰЖТАБА
Ешқашан ресми мемлекеттік қызмет атқармағанына қарамастан, кіші Хаменеи жиырма жыл бойы әкесінің аппаратында жұмыс істеп, дінбасылар мен Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) арасындағы қатынастарды үйлестіріп келген. Бірде Әли Хаменеи ішкі сыншыларға ескерту жасап, ұлына тек "Аға", яки "Қожайын" деп қана жүгінуді талап еткен.
Иранның жаңа рахбарының ықпалы көпшілік ойлағаннан әлдеқайда күшті деп санайды ирантанушы Николай Мешхедов:
"Мұжтаба Хаменеи – өте ықпалды адам. Ол марқұм болған әкесіне өте жақын болды және ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да шешім қабылдауға байланысты барлық процестерге белсене қатысып отырды. Бастапқыда көпшілік оны шектен тыс радикал деп санады. Алайда соңғы жылдары оны жаңа рухани көсем қызметіне дайындау мүмкіндігі туралы сөз қозғалғанда оның саяси ұстанымында белгілі бір өзгерістер байқалды: ол технократиялық даму идеяларын қолдап, жас буынға көбірек сүйенетін болды. Яғни, саясаткер ретінде өзін Иранды басқарып отырған дәстүрлі қарт буыннан біршама өзгеше етіп көрсетуге тырысқаны байқалады.
Қазір режимнің билігін сақтап тұра алатын жалғыз күш, яғни Тегеранды нық ұстап тұрған “тірек” – Ислам революциясы сақшылары корпусы. Соңғы жылдары Иранның әкімшілік және діни аппаратында бұл күш Мұжтаба Хаменеи жақтастарымен үздіксіз бірігіп келеді".
"ОЛ - ҚОЖАЙЫННЫҢ ҰЛЫ ЕМЕС, ОНЫҢ ӨЗІ"
2005 жылы "реформистер" партиясынан президент сайлауына түскен кандидат Мехди Карруби Әли Хаменеиге наразылық білдірді. Оның айтуынша, сайлау науқаны кезінде Мұжтаба Хаменеи өзінің қарсыласын қолдаған. Карруби сайлауда Махмұд Ахмадинежадтан жеңіліп қалды, алайда сайлаудың ертесінде ол Мұжтабаны дауыс санауда айла-шарғы жасады және сайлау органдарына қысым көрсетті деп айыптады.
Бұған жауап ретінде аятолла Әли Хаменеи Каррубиге ашық хат жолдап, бұл айыптаулары негізсіз екенін айтты және Иранда саяси дағдарысқа жол бермейтінін ескертті.
Кейінірек Карруби бір ақсақалдың Әли Хаменеиге: "Ұлыңыз сайлауда бір кандидатты қолдап жүр", – дегенін айтқанын еске алады. Сонда Хаменеи: "Ол – жай ғана қожайынның ұлы емес, қожайынның өзі", – деп жауап берген.
Осы сөз тіркесі Мұжтаба Хаменеинің есімін Иран саясатындағы жетекші тұлғалардың қатарына енгізді, ол енді тек рухани көсемнің ұлдарының бірі ғана емес, дербес саяси тұлға ретінде қарастырыла бастады. Ал қазір, Иранның Сарапшылар кеңесі оны Ислам республикасындағы ең жоғары қызметке сайлағаннан кейін, ол ресми түрде бүгінгі Ирандағы билік құрылымының басшысына айналды.
Әскери-саяси сарапшы және шығыстанушы Василий Семеновнің айтуынша, Мұжтаба Хаменеи 2009 жылғы даулы президент сайлауынан кейін басталған жаппай наразылықтар кезінде ерекше көзге түскен:
"Сол наразылықтарды Мұжтаба Хаменеи Ислам революциясы сақшылары корпусымен (ИРСК) бірге басып-жаншыды деп есептеледі. 2009 жылдан кейін Әли Хаменеи елді ИРСК құрамындағы күштік тұлғалардың қарауына біржола берді. Бұл – Иранның жеке армиясы іспеттес құрылым; оған ең діндар сарбаздар мен офицерлер қабылданады. Бірақ КСИР тек әскери қызмет атқарып қана қоймай, тұрақтылықты қамтамасыз ету және жоғарғы жетекші – рахбардың режимін қорғау міндетін де орындайды.
Сонымен қатар бұл күш құрылымдары Иран экономикасының үлкен бөлігін бақылауына алды. Кейбір болжам бойынша Ислам революциясы сақшылары корпусы елдегі ЖІӨ-нің кемі 25 пайызын бақылап отыр, ал елдің оппозициясы бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жетеді дейді. Көп министрлік пен мемлекеттік компаниялардағы негізгі қызметте ИРСК адамдары отыр. Көптеген компания жекешелендіріліп, ИРСК шенеуніктерінің туыстары мен достарының қолына өткен. Соның нәтижесінде олар мемлекеттік қаражат, субсидия мен несиені талан-таражға салатын табыс көзіне айналды".
"МҰРАГЕРЛІК БАСҚАРУҒА" СЫН
Он жылдан астам уақыт үйқамақта отырған бұрынғы премьер-министр Мир Хусейн Мусави 2022 жылы Әли Хаменеи өз ұлын билікке әкелуге дайындалып жатыр деп ескерткен. Оның айтуынша, бұл 1979 жылғы революция түбірімен жоюды мақсат еткен мұрагерлік билік жүйесін қайта жаңғыртуға тең.
"2500 жылға созылған династиялық билік қайта оралды ма, енді әке орнын ұлы баса ма?" – деп жазған еді Мусави.
Бұл сынға жауап ретінде Иранның Сарапшылар кеңесі рухани басшы қабілет-қарымына қарай тағайындалады деп ескерткен.
Кейінгі журналистік зерттеулер (мәселен, қаңтар айының соңында Bloomberg жариялаған) 2019 жылдан бері АҚШ санкциясына іліккен кіші Мұжтаба Хаменеиге қатысы бар жылжымайтын мүліктің құпия активтерін тапқан.
Бұл зерттеулерге қарасақ, ол делдалдар мен офшорлық компаниялар арқылы әлем бойынша қымбат активтерден тұратын ауқымды желіні сақтап қана қоймай, кеңейтіп отырған.
Мұжтаба Хаменеидің жұбайы Захра Хаддад-Әдел АҚШ пен Израиль жасаған әуе соққысы кезінде қайын атасы Әли Хаменеимен бірге қаза тапқан.
Иранның марқұм болған рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи портреті бар плакат. Тегеран, 2 наурыз, 2026 жыл.