Accessibility links

Күлекеевке "пара алды" деп тағылған басты айыптың да көбесі қақырады


Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, қыркүйек, 2008 жыл

Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, қыркүйек, 2008 жыл

Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтен жауап алу аяқталды.

Енді бірер күннен кейін жарыссөздер басталып, сот үкімі жариялануы тиіс. Ең алдымен айтылатыны- Жақсыбек Күлекеев өзіне тағылған төрт бірдей айыптың бірін де мойындаған жоқ.

Өзінің қызметін асыра пайдаланып, жеке үйіне күзет қойды деген айыптарға қатысты Күлекеев:
-Мен бастапқыда компания ұсынған бір топ күзеттен де, оқ қағарлардан да бас тартқанмын. Өйткені, мен осыған дейінгі қызметтерімде де күзетсіз жүрдім. Мен күзет қызметінен бас бартып, ай сайын компанияның 10 млн. теңгесін үнемдедім. Бірақ ҚТЖ-ның әкімшілік жетекшісі компания басшыларына және олардың үйлеріне күзет қою заңға сәйкес міндетті екенін айтып, қайта-қайта ескерту жасағаннан соң барып, тек үйге ғана күзет қоюға рұқсат бердім, - деді.
Осылай дей келе ол сот алдында өзіне дейінгі компания басшылары секілді бірнеше оққағар мен күзет қызметін пайдаланбағаны үшін өкінетіндігін айтты.
– Егер мен бірден ҚТЖ-ның ақшасын үнемдейін деп ойламай, жеке басымды ойлап, бірнеше оққағарды жалдасам, мұндай қақпанға түсіп қалмаушы едім. Мен осыған өкінемін. Енді бұдан былай бәріне де міндетті түрде күзет қызметін пайдалану керек деп ұсынатын боламын, -деді Күлекеев.

Әуел баста, 1сәуір күні "100 мың доллар пара алды" деген айыппен тұтқындалған ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев сол күнгі оқиғаға байланысты мынандай жауап берді:
– Кешкі 19.00 шамасында жұмыстан шығып, жүргізушіге тез жүруін сұрадым. Өйткені, кешке маңызды, биресми кездесуім болатын. Соған уақытында барайын дедім. Жол бойында телефонмен сөйлестім. Үйге жеткен соң, портфелімді алып көлік есігін ашып, шығар кезде кабинада тағы бір портфелдің жатқанын байқадым. Жүргізушіден бұл не деп сұрағанымда, ол "белгісіз бір кісі беріп жіберді, сіз біледі" деп айтты деді. Мен портфелдің аузын сол қолыммен ашып қарағанымда, ішінде қомақты ақша жатқанын көрдім.
Жүргізушіме бірден ашуланып, танымайтын адамнан неге зат аласың деп, қатты сөктім. Артынша-ақ қаржы полициясының қызметкерлері келді.

Күлекеевтің жауабынан кейін оның жүргізушісі болған Есенгелді Оспановтан жауап алынды. Ол 1 сәуірдегі оқиғаны былайша баяндады:
– Әдеттегідей таңғы сағат 7.00 шамасында Күлекеевтің үйіне келдім. Сосын бірден World class фитнес клубына апардым. Ол жұмыс уақыты басталғанша сонда болды. Түскі асқа дейін ҚТЖ ғимаратында болдық. Түскі ас кезінде Күлекеев Сарыарқа көшесі бойындағы мейрамханалардың бірінде жолдастарымен тамақтанды. Күндізгі сағат 14.00 шамасында қайтадан жұмысқа келдік. Одан кейін мен ғимарат алдында болдым.

Сағат 15.00 кезінде кеңседен бейтаныс адам шығып, маған портфель ұсынды. Бұл не деп сұрағанымда, "бастығыңның өзі біледі" деді. Сосын мен алдым да «Мерседес» көлігінің артқы орындығына қоя салдым. Біраз уақыттан кейін мен автокөлікке отырып, портфелге қызығып ішін ашып қарасам, іші толған Америка доллары купюрлерін көрдім. Маған несиені төлеу үшін 200 доллар жетпей жүрген. Содан 200 долларды алып, портфельді қайта орнына қойдым. Мен Күлекеев көлікке отырғанда оған бұл портфель жайында айтып үлгермедім, өйткені ол жол бойында телефонмен сөйлесті. Тек үйіне жақындаған кезде ғана, көліктен түсіп жатып, портфелді байқады, сосын "Мынау не?" деп менен сұрады. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін, Күлекеевтің ашуланып, мені балағаттап, қатты-қатты сөздер айтқаны да рас.

Менің қаржы полициясына әртүрлі жауап бергенімнің себебі, тергеу кезінде олар маған қатты қысым көрсетті. Отбасыңа қиын болады деді. Әйеліңді де керек болса, түрмеге отырғызамыз деді. Мен осыдан қорықтым.

Күлекеев бүгінгі сот процесі барысында ҚТЖ-ның бұрынғы қызметкері Руслан Местоевқа қатысты да айтты. Ол онымен тек қызмет бабында ғана сөйлесетіндігін, жеке өзінің ешқашан жұмыс кабинетіне де келмегенін алға тартты. Жұмысқа қатысты оған бірнеше рет ескерту жасағанын да, тіптен жылдың басында тендерлік комиссияларға төрағалық ету өкілеттігіне уақытша шектеу қойғанын да жасырмады.
Сот үкімі енді жарыссөз аяқталған соң, келесі аптаның басында жарияланады деп күтілуде. Жақсыбек Күлекеев үстіміздегі жылдың 1-сәуірінде 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп тұтқындалған болатын.
Алайда екі айға созылған сот отырысы барысында оған тағылған айыптардың бірде-бірі дәлелденген жоқ.
Сотқа келген 70 ке жуық куәгердің барлығы да Күлекеевтің заңға қайшы жұмыс істемегенін айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG