Accessibility links

Барак Обама ресей-американ қатынасына жан бітірмек


Ресей президенті Дмитрий Медведев АҚШ президенті Барак Обаманы қарсы алуда. Мәскеу, 6 шілде 2009 жыл.

Ресей президенті Дмитрий Медведев АҚШ президенті Барак Обаманы қарсы алуда. Мәскеу, 6 шілде 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама ресми сапармен Мәскеуде жүр. Бұл сапардың нәтижелері ресей-американ қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.

6 маусым күні АҚШ президенті Барак Обама, жұбайы Мишель Обамамен бірге, Ресей астанасына келді. Мәскеу сапарын Белгісіз солдат зиратына гүл шоқтарын қоюмен бастаған Ақ үй басшысы кейін Кремльде Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездесті.

- АҚШ пен Ресей арасында, келіспеушіліктерден гөрі, ұқсас мақсаттар көп. Егер біз жақын күндері бар ынтамызбен жұмыс істейтін болсақ, онда жақсы нәтижелермен ілгері дамып, бұл екі мемлекет азаматтарына зор пайда әкелеміз деп ойлаймын, - деді президент Обама.

Ресей басшысы Дмитрий Медведевтің айтуынша, кездесу барысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер сөз болды, шешім шығару мүмкіндігі де зор, соның ішіне стратегиялық шабуыл қаруын шектеу жөніндегі жаңа келісім де кіреді.

Дүйсенбі күні АҚШ пен Ресей делегациялары бас-аяғы 8 келісімге келді. Соның ішінде, Дмитрий Медведев пен Барак Обама стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту туралы жаңа келісімге келуді міндеттейтін декларацияға қол қойды. Бұл құжат 7 жылдың ішінде ядролық оқтұмсықтарды 1500 және 1675-ке дейін қысқартуды қарастырады.

Бұдан бөлек, Кремль АҚШ әскері мен қару-жарағын Ауғанстанға тасымалдау үшін Ресейдің әуе кеңістігін пайдалануға келісімін берді.

Ал, 7 шілдеде Барак Обама Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен және КСРО бұрынғы президенті Михаил Горбачевпен кездеседі. Сондай-ақ, сейсенбі күні Ақ үй басшысы АҚШ және Ресей болашағы турасында баяндама жасамақ.
XS
SM
MD
LG