Accessibility links

Полиция көкшетаулықтардың салым ақшасын түгендеп жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Көкшетау қаласының тұрғындары «КазРосИнвестпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шағын несие ұйымына, алдын ала есептер бойынша, 185 миллион теңге (шамамен 1,25 миллион доллар) салғаны анықталды деп хабарлады бүгін Көкшетаудағы брифингте ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы Жеңіс Кәрімов.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері бұны кәсіпорыннан алынған құжаттардан анықтаған, сондай-ақ тексеру кезінде серіктестіктен 41 миллион теңге қолма қол ақша шыққан.

«Тергеу барысында компанияның есеп шотында ақша жоқ екендігі анықталды» дейді Жеңіс Кәрімов.

Бұған дейін заң орындары қылмыстық кодекстің 177-бабының 3-тармағына сәйкес («Ұйымдасқан топ құрамында аса ірі көлемде алаяқтық жасау») қозғалған қылмыстық іс бойынша «КазРосИнвестпроект» ЖШС-нің жетекшісі Бақыт Әділованы ұстағаны хабарланды. Бұған наразы салымшылар Ақмола облыстық прокуратурасына хат жолдаған еді.

«КазРосИнвестпроект» ЖШС төңірегіндегі дау-дамай мамырдың 26-сынан бері басылмай отыр. Сол күні кәсіпорын кеңсесіне жоғарыда аталған қылмыстық іске байланысты тексеруге келген полицейлер мен ұйым басшылығын қорғаштаған салымшылар шекісіп қалған болатын.
XS
SM
MD
LG