Accessibility links

Тәжік молда мен қазақ имамның айырмашылығы


Имамдар шенеуніктермен бірге шара өткізіп жатыр. Көрнекі сурет.

Имамдар шенеуніктермен бірге шара өткізіп жатыр. Көрнекі сурет.

Қазақстанда имамдар шенеуніктер сияқты «өз өтінішімен» қызмет ауыстырады. Ал Тәжікстанда белгілі молдалар діни көзқарасы мен принциптері үшін қызметтен қуылып жатыр. Олардың кейбірі басқа елге кетуге мәжбүр.

Былтыр Қазақстанда имамдары жаппай «өз өтінішімен» қызмет ауыстырған бірден-бір облыс – Ақтөбе. Арада аз уақыт өткесін жергілікті имамдар облыс орталығындағы Мәуліт мейрамына жиналып, пайғамбардың туған күнін жаңа құраммен тойлады.

«ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН ФИГУРАЛАР»

Ақтөбедегі ауыс-түйіс былтыр мамырда облыстың бас имамы Бауыржан Есмаханның қызметтен кетуінен басталды. Мамырдың 17-і күнгі ҰҚК-нің Ақтөбе департаментіндегі жарылыстан соң араға үш күн салып, «өз өтінішімен» қызметінен кеткен ол ресми мәлімдеме жасап, «бұл – жоспарлы ротация» деген болатын.

Бауыржан Есмахан - Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің бастығы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Бауыржан Есмахан - Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің бастығы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

«Ротациядан» соң Бауыржан Есмахан Қазақстанның өзге өңірлеріне «барғысы келмеген». Бес жыл бойы Ақтөбенің бас имамы болған ол қазір дін істері жөніндегі облыстық департаментті басқарып отыр. Яғни, шенеунікке айналған.

- Мен қазір мемлекеттік қызметкермін. Мемлекеттік мекемелерде намаз оқуға тыйым салынған. Әйтсе де заңдағы өзгерістерден анау айтқандай зардап шегіп жүрмін дей алмаймын. Түскі үзіліс бар. Кейде қарыздарымды кешкілік жинап бір өтеймін. Бұл тұрғыдан ешқандай проблема жоқ! - деді ол Азаттық тілшісіне.

«Өз өтінішімен» қызмет ауыстырып, Ақтөбенің Темір ауданына бас имам болып барған тағы бір азамат – Қанат Мырзабеков. Ол Темірге «өзі сұранбаған». Бірақ, басшыларының қалауына қарсы да келмепті. Шұбаршидегі Ақмешіт былтыр шілде айындағы оқиғадан кейін жұрт аузына көп ілінген соң аудан басшылары асқан ыждағаттылықпен жаңа имамның бар жағдайын жасап берген.

Ақтөбелік әлеуметтанушы-ғалым Алтай Тайжановтың пікірінше, имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен облыстағы діни ахуал түзеліп кетпейді.
Алтай Тайжанов, философия ғылымдарының докторы, профессор. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Алтай Тайжанов, философия ғылымдарының докторы, профессор. Сурет жеке мұрағаттан алынды.


- Имамдардың арасында сауатсыз адамдар аз емес. Айткан уағыздары тыңдалмайды. Көңілге қонымсыз. Өйткені тереңдік жоқ. Уағызды қазіргі заманмен үндестіріп айтпайды. Бәрінікі баяғы бір із, баяғы бір ертегі. Себебі олар - тағайындалатын фигуралар. Діни-рухани тұлға емес! – деп санайды әлеуметтанушы.

МҮФТИЯТТЫҢ ПӘТУАСЫНАН БАС ТАРТҚАНДАР

Таяуда Душанбедегі «Қазоқон» («Қазақтар» – ред.) мешітінің имамы Мулло Абдурахим - Рахим Назаров қызметінен алынды. Желтоқсанда Тәжікстан ғұламалар кеңесі тағы бір имам Туражонзада туралы пәтуа таратып, барлық имамдарға оны құтпа кезінде оқуды тапсырған болатын. Пәтуада діни кеңес Туражонзаданы шиит мазхабына сай рәсім өткізді деп айыптаған еді.

Мулло Абдурахим бұл пәтуаны оқудан бас тартқан. Ол бұл айыптауды негізсіз деп таниды. «Мен бұл мәлімдемені қолыма берген кезде-ақ дәлелі жоқтықтан оқымайтынымды айттым» деді ол Азаттық радиосының Тәжік қызметіне. Имам таяуда Ресейге кететін болып отыр.

Ғұламалар кеңесі шығарған пәтуаны оқудан басқа да имамдар бас тартқан. Бірнеше имам сол үшін қызметтен алынды. Кулябтағы «Хилали Ахмар» мешітінің, Душанбедегі «Сари Осие», «Мухаммадия» және Душанбедегі «Хожа Бахоуддин Нақшбанд» мешітінің имамдары да қызметтен босағандар қатарында.

Тәжікстандық сарапшы Махмуджон Фазрахмонның айтуынша, биліктің дін өкілдерін қудалауы жақсылыққа апармайды. «Қазоқон» мешітінің имамы Мулло Абдурахим де белгілі діни қайраткерлердің бірі. «Шиит» атанбай тұрып» бірнеше жыл бұрын ол «Қазоқон» мешітінің бұрынғы имамы Мулло Абдурахим "Ислам және СПИД" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде сөйлеп отыр. Душанбе, 4 наурыз 2009 жыл.

«Қазоқон» мешітінің бұрынғы имамы Мулло Абдурахим "Ислам және СПИД" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде сөйлеп отыр. Душанбе, 4 наурыз 2009 жыл.

«салафия» ағымын жақтаушы ретінде де айыпталған. Сол кезде имам бұл ағымды тәжіктер арасында алауыздық тудырады деп кінәлаған болатын.

Мулло Абдурахим – Тәжікстан ұлттық университетінің шығыстану факультетінің түлегі, діни білімі де мойындалған дінбасылардың бірі. Ол имамдық қылған «Қазоқон» мешітіне адамдар көп жиналатын болған. Жұма намазы кезінде намаз оқушылар саны 8-10 мыңға дейін жеткен.

Осы мешітке тұрақты келіп тұратындардың бірі – Тохир Аджиков. Оның айтуынша, Абдурахимның уағызын тыңдау үшін бұл мешітке елдің басқа да аймақтарынан жүздеген адам келіп тұрған.

«ДІНИ ЭЛИТА ЖОҚ»

«Тәжіктер соңғы 20 жылда үлкен әлеуметтік соққыға ұшыраған халықтардың бірі» дейді қазақстандық жазушы, дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Оның айтуынша, сөйте тұра Қазақстан мен Тәжікстандағы рухани дағдырыстың сипаты екі түрлі. Қазақстандағы қиындықтар діни кадрлардың осалдығынан туындап отыр. Діни насихат жаңа заманға сай ізденісті талап етеді. Яғни, бұл салаға да сауатты реформа керек.

Тәжік сарапшыларының пайымдауынша, елге танымал, сыйлы дінбасылардың қызметтен алынуы елдің діни-рухани өмірінде төңкеріс жасауы мүмкін. Ал Қазақстанда имамдар шенеуніктер сияқты «өз өтінішімен» қызмет ауыстырады.

Ақтөбедегі жарылыстан соң діни кадрлар жайы жиі ауызға алына бастады. Қазақстандық сарапшылар Ақтөбе облысы әкімі мен бас имамының ауысуын биліктің өз кінәсін жанама түрде мойындағаны деп те бағалаған еді.

Алтай Тайжановтың айтуынша, Қазақстандағы жағдай мүлдем басқа. Сондықтан ауыс-түйістен әзір үлкен нәтиже күтуге болмайды.

- Нағыз діни адам кім? Ол - тұлға. Мысалы, алысқа бармай-ақ орыс патриархы Кирилді алайықшы? Медведев пен Путин бас болып, бәрі соның қолын сүйіп жатады. Ал біздің діндарлар басқаны айтпағанның өзінде кішігірім шенеуніктердің алдында құрдай жорғалап кетеді. Себебі - Ақтөбеде діни элита жоқ. Ал Қазақстанда - жоқтың қасы. Араб тілін білген адамның бәрін діни-руханилығы жоғары деңгейдегі тұлға деуге болмайды, - дейді әлеуметтанушы.
Ақтөбе облысындағы өкіл имам Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Ақтөбе, 23 мамыр 2011 жыл.

Ақтөбе облысындағы өкіл имам Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Ақтөбе, 23 мамыр 2011 жыл.


Тәжік ғұламаларының уағыздарына халық мәжбүрлеусіз-ақ мыңдап жиналатын болса, Ақтөбе имамдарының алдына жаңа бас имам Әбдімүтәліп Дәуренбеков елмен етене араласып, уағызды көбейтуді қатаң талап етіп қойып отыр.

- Жыл басталғалы біз екі көшпелі семинар өткіздік. Мақсатымыз – имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру. Жыл аяғына дейін 12 семинар өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Ақтөбе облысының бас имамы.

Ал Бейбіт Сапаралының пікірінше, мешіт апталық, айлық жоспары бар мемлекеттік мекеме емес.

- Әйтсе де аймақтардағы имамдардың арасында өзін облыс әкімінің орынбасары сияқты сезінетіндер көп, - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG