Accessibility links

Обама Ливиядағы елшісінің қазасына орай мәлімдеме жасады


АҚШ елшілігінің өртенген ғимараты мен елшілікке тиесілі көлік. Бенгази, Ливия, 12 қыркүйек 2012 жыл.
АҚШ елшілігінің өртенген ғимараты мен елшілікке тиесілі көлік. Бенгази, Ливия, 12 қыркүйек 2012 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Ливиядағы елші қаза тапқан шабуылды айыптаған мәлімдеме жасады. Ол шабуылды жасағандардың, елші және үш дипломаттың қазасына кінәлілердің жауапқа тартылатынына уәде берді.

"АҚШ бұл жантүршігерлік оқиғаларды қатаң айыптайды. Біз Ливия үкіметімен бірлесіп дипломаттарымызды қорғау және шабуылға айыптыларды жауапқа тарту шараларын жасап жатырмыз" деді Обама.

АҚШ үкіметі Ливиядағы елшілігіне жасалған шабуылды алдын-ала жоспарланған әрекет болуы мүмкін деп санайды.

Америка үкіметінің дерегі бойынша, осы елдегі АҚШ елшісі мен үш дипломат қаза тапқан шабуылды дайындауға "Әл-Қаида" және "Ансар аш-Шариа" қарулы топтары қатысуы мүмкін.

Кейбір елдердің басшылары Ливиядағы шабуылды, кейбірі ислам туралы түсірілген фильмді айыптап жатыр. Мысалы, Иранның сыртқы істер министрлігі фильмді "жиіркенішті" деп, Вашингтонның мұндай мәселеде үнсіз қалуы исламды қорлауға жол ашады деген тұрғыда мәлімдеме жасады.

Ал Ауғанстан президенті Хамид Карзай фильмді айыптап, исламға тіл тигізу сөз бостандығына қайшы деді. Ауғанстан үкіметі ауғандықтардың фильмді көрмеуі үшін дереу YouTube веб-сайтын бұғаулап тастады.

Египет премьер-министрі Хишам Кандиль исламды қорлайтын фильмге бола АҚШ-ты айыптауға болмайтынын айтты.

Америкалық және бірқатар Еуропа елдерінің саясаткерлері Бенгазидегі шабуылдың Египет астанасы Каирде болған антиамерикалық шерулермен еш байланысы жоқ деген пікірде. Саясаткерлер Бенгазидегі шабуыл "мұсылмандарды қорлады" деп саналған фильмнің интернетте жария болған үзінділеріне деген стихиялы қарсылық шарасы ғана деп есептейді.

Шабуылды "Әл-Қаида" басшылығындағы Айман әз-Зауахириден кейінгі екінші адам - Әбу Яхия әл-Либидің қазасы үшін кек алу деп санайтындар да бар.

Барак Обама басқа мемлекеттердегі АҚШ елшіліктерінде де қауіпсіздікті күшейтуге тапсырма берді.
XS
SM
MD
LG