Accessibility links

Нақпаев қайтадан Атырау облысы әкімі орынбасары болды


Атырау облысының әкімдігі. (Көрнекі сурет).

Атырау облысының әкімдігі. (Көрнекі сурет).

Өткен жылы сотталып, қайтадан ақталған Сәлімжан Нақпаев Атырау облысы әкімінің орынбасары болып қайта тағайындалды деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" газеті.

Сәлімжан Нақпаев 2006-2009 жылдары Атырау қаласының, 2009-2010 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары болған еді. Ал 2013 жылдың сәуір айында Атырау қалалық соты Нақпаевты қылмыстық кодекстің 327-бабы 3-тармағы бойынша ("өз бетінше билік ету") айыпты деп тауып, 4 жылға соттаған. Бірақ сол жылдың қыркүйегінде жоғарғы сот оны ақтаған.

Былтыр бас прокурор Асхат Дауылбаев Сәлімжан Нақпаевтың тамыз айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған "арызы" бойынша Атырау облысында заңның сақталуына қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлаған.

2012 жылы жазда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен кеткен соң көп ұзамай облыста бір топ шенеунік ұсталып, оларға қарсы "бюджет қаржысын жымқыру ісі" бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.

Ал биыл 24 қаңтарда Бергей Рысқалиевты тұтқындауға санкция берілді.
XS
SM
MD
LG