Accessibility links

Қызылордадағы ұшақ апатына қатысты іс қозғалды


АН-2 ұшағы. Көрнекі сурет.
АН-2 ұшағы. Көрнекі сурет.
Қазақстанның бас көлік прокуратурасы Қызылорда облысындағы ұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ресми ақпаратта қылмыстық іс Қазақстан қылмыстық кодексіндегі "әуе көлiгі қозғалысы мен оларды пайдалану қауiпсiздiгiнiң ережелерiн бұзу салдарынан абайсызда болған кiсi өлiмi" деген бап бойынша қозғалғаны айтылған.

Прокуратураның мәліметі бойынша, әуеден химиялық жұмыстар атқарып жүрген АН-2 ұшағы маусымның 28-і күні жергілікті уақытпен сағат 19.40 шамасында Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентіне жақын жерде апатқа ұшыраған.

«Азия континенталь авиалайнс» әуе компаниясының иелігіндегі ұшақтың экипаж құрамында екі адам болған.

«Ұшақ командирі Өзбекстан республикасының азаматы Сергей Капилаж қаза тапты, ал екінші ұшқыш - Қазақстан азаматы Валерий Силавол қазір ауыр халде ауруханада жатыр» деп хабарлады бас көлік прокуратурасы.

Осылайша, Қазақстанда соңғы жарты жылдан сәл астам уақыт ішінде бірнеше ұшақ апатынан мерт болғандар саны 50 адамға жетіп отыр. Биыл сәуір айында Қарағанды облысының Шет ауданы Просторное ауылы маңында құлаған МиГ-31 әскери ұшағының экипаж командирі мерт болып, штурман ауруханаға түскен еді.

Қаңтардың 29-ы күні Алматы маңында SCAT компаниясына тиесілі Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан Challenger-200 ұшағы құлап, борттағы 5 экипаж мүшесі және 16 жолаушының өмірі қиылды.

Ал 2012 жылы желтоқсанның 25-і күні кешке Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде шекара қызметіне қарасты Астанадан Шымкентке бет алған Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, ондағы 27 адам түгелдей қаза болды.
XS
SM
MD
LG