Accessibility links

El Mundo: АҚШ испандықтар телефонын тыңдаған


АҚШ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден. Мәскеу, 9 қазан 2013 жыл.

АҚШ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден. Мәскеу, 9 қазан 2013 жыл.

Испаниялық El Mundo басылымы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің 2012 жылдың желтоқсанынан 2013 жылдың қаңтарына дейін "Испанияда 60 миллионнан астам телефон қоңырауына тыңшылық жасағанын көрсететін" құжаттарды жариялады.

El Mundo бүгінгі санында жариялаған "тыңшылық" туралы мақаласында АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнен алынған құжаттарға сілтеме жасайды.

Бұған дейін АҚШ арнайы қызметі Франциядағы ондаған миллион телефон әңгімелері мен хабарламаларды жазып алғаны, Германия канцлері Ангела Меркельдің телефонын тыңдап, электрондық почтасына тыңшылық жасағаны туралы хабарланған еді.

Бүгін америкалық Wall Street Journal басылымы "Германия канцлері Ангела Меркельдің электрондық поштасына тыңшылық жасалғанын АҚШ президенті Барак Обама білген соң АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігі тыңшылық жасауды тоқтатқанын" хабарлады.

26 қазанда Вашингтон қаласында мыңдаған адамдар АҚШ барлау қызметінің тәсілдеріне наразылық көрсету үшін Капитолий ғимаратының алдына барды. АҚШ барлау қызметінің құпия әрекеттері туралы деректерді мекеменің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден жариялаған еді. Қазір ол Ресейден уақытша саяси баспана алып, сонда тұрып жатыр. АҚШ Сноуденді Ресейден қайтарып беруді сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG