Accessibility links

Ресей Польшаның кешірім сұрауын талап етті


Ресей сыртқы істер министрлігі Польша астанасы Варшавада тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткен ұлтшылардың шеруі кезінде Ресей елшілігі алдында болған тәртіпсіздіктерден кейін Польшаның ресми түрде кешірім сұрауын талап етті.

Министрлік таратқан мәлімдемеде "келтірілген зардапты жойып, жауаптыларды жазаға тарту және мұндай арандатуларды енді болдырмау" талап етілген.

12 қарашада Ресейдің сыртқы істер министрлігі Польша елшісі Войцех Зайончковскийді оқиғаға орай түсінік беруге шақыртқан. Министрлікке барған елші ол жерден 20 минуттан соң шығып кеткен.

11 қараша күні Польшаның радикалды ұлтшыл партиясын қолдайтындар тәуелсіздік күніне орай шеруге шыққан еді. Оған 50 мыңға тарта адам қатысқан. Шеру кезінде демонстранттар полициямен қақтығысып, бірнеше полицей жарақаттанған, ондаған адам тұтқындалған.

Шеруге қатысқандар әуелі Ресей туын өртеп, Ресей елшілігінің қақпасы алдындағы полиция бекетіне от қойған. Бұдан соң олар елшілік аумағына кірмек болып, жарылғыш оқ-дәрі лақтырған.

Варшава билігі демонстрацияны заңсыз деп таныған.

Польша сыртқы істер министрлігі оқиғаны "бұзақылық" деп атап, оны ақтап алуға болмайтынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG