Accessibility links

АҚШ Астанадағы кездесуге қатыспайды


АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джен Псаки.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джен Псаки.

АҚШ Астанада қаңтардың 15-інде өтеді деп жоспарланып отырған Украинаға қатысты төрт ел президенттерінің кездесуіне қатыспайды деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джен Псаки.

Қаңтардың 5-інде өткен баспасөз жиынында Псаки Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты "Біздің ұстанымымыз айқын, ол - Ресей мен сепаратистер Минск келісімін орындағанда ғана Шығыс Украинадағы қақтығысты бейбіт шешуге қарай нақты қадам жасалады. Келіссөзде не болатынын алда көре жатармыз" деген.

Псаки бұған қоса АҚШ пен Еуропа елдері әу бастан Ресейге салынған санкция Украина дағдарысын реттеуде нақты, берік бітім жасалған жағдайда ғана алынады дегенге тоқтағанын айтқан.

"Егер Ресей мен сепаратистер әрқайсысы Минск келісімінде келтірілген өзіне тиесілі шарттарды орындаса, онда біз кейбір санкцияны алып тастауды қарастырамыз. Нақты іс-әрекет, прогресс болмай, санкцияны алу туралы әңгіме де қозғалмайды" деп мәлімдеген Псаки.

15 қаңтарда Астанада Украина, Ресей, Франция және Германия президенттерінің кездесуі өтеді деп жоспарланған. Кездесу барысында Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистермен арадағы қақтығысты реттеу жолдары талқылануы тиіс.

Бірақ кеше Германия мен Франция басшылығы да Астанадағы кездесуге күмән келтіріп, келіссөзді қыркүйекте Минскіде қабылданған келісімде келтірілген шарттар орындалған жағдайда ғана өткізуге болатыны" жайында мәлімет таратқан.

XS
SM
MD
LG