Accessibility links

Сарыағашқа телефон байланысы оралды


Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы бағандар. Оңтүстік Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы бағандар. Оңтүстік Қазақстан облысы. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында бүгін таңертең мобильдік телефон байланысы қайта қалпына келді, бірақ кейде нашарлап кетеді дейді жергілікті тұрғындар Азаттыққа.

Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлескен Сарыағаш кенті маңындағы ауылдардың бірінің тұрғыны сенбі күні байланыс мүлде болмағанын, тек жексенбі күні таңертең мобильдік телефонымен қаладағы туыстарымен тілдескенін айтты. «Бірақ кейде сапасы нашаралап, үнсіз тұрып қалып, қайта қосылады» дейді ол.

Ақпанның 8-і күні таңертең Сарыағашқа Шымкенттен барған тағы бір тұрғын кентке кіре берісте полиция қызметкерлері тұрғанын көргенін айтты. «Олар Сарыағаштан шыққан көліктерді тоқтатып, тексеріп жатты. Жүк көлігімізбен келген бізді тексерген жоқ» деді ол телефон арқылы.

Жергілікті тұрғындар осы аптада тәртіпсіздіктер болған ауылдарда полиция жасағы тұрғанын айтты. Бұған дейін Сарыағаш тұрғындары жұманың кешінен мобильдік телефон және интернет байланысы үзіліп қалғанына шағым айтқан еді.

Ақпанның 5-і мен 6-сы күндері Сарыағаш ауданындағы бірнеше ауылда этникалық тәжіктерге тиесілі болуы мүмкін оннан астам көлік пен үй өртеніп, он шақты көліктің қирағаны туралы бұған дейін Азаттыққа оқиға куәгерлері айтқан еді. Билік жанжал болған ауылдарға полиция жасағы енгізіліп, жағдайды бақылау алғанын мәлімдеген. Ресми ақпаратта Сарыағаш ауданында болған тәртіпсіздіктер кезінде құрбан болғандар жоқ деп хабарланды.

Сарыағаштағы тәртіпсіздіктерге себеп болған Ынтымақ ауылындағы адам өлтіру қылмысына қатысты күдікті Өзбекстан аумағында ұсталып, ақпанның 7-сі күні Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы полиция сол күні ресми ақпарат таратты.

Оңтүстік Қазақстандағы тәртіпсіздіктер жайлы Азаттық сайтында жұма күні қазақ және орыс тілдерінде жарияланған «Сарыағаштағы оқиғаны «түсініспеушілік» деп атады» мақаласы мен жаңалықтар Қазақстан аумағынан ашылмай қалды. Бұғауланған мақалалар мен жаңалықтар мәтінін Азаттықтың Facebook парақшасынан оқуға болады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG