Accessibility links

ҰҚК шекара қызметінің басшысы тағайындалды


Қазақстан-Қытай шекарасындағы күзет. (Көрнекі сурет)
Қазақстан-Қытай шекарасындағы күзет. (Көрнекі сурет)

Дархан Ділманов Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің директоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан президентінің ресми сайты 19 маусым күні хабарлады.

Онда "Мемлекет басшысының өкімімен Дархан Ділманов Қазақстан ҰҚК төрағасы орынбасары – шекара қызметінің директоры қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан ҰҚК төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры міндетін уақытша атқарудан босатылды" деп жазылған.

ҰҚК шекара қызметіндегі жеморлыққа байланысты соңғы жылдары бірнеше сот істері қаралып, жұрт назарын аударған бірқатар төтенше оқиғалар болды.

2015 жылы наурыз айында ҰҚК шекара қызметі бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов 11 жылға сотталды. Сот оны «ұйымдасқан қылмыстық топ құрған» және «аса ірі көлемде пара алған» деп таныды. Жоламанов өзіне қарсы сотты «қолдан жасалған, саяси іс» деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

ҰҚК шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасары полковник Әлім Хасенов «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен сотқа тартылды. Ол «шекара бекеттерін салуға бөлінген 300 миллиондай теңгені жымқыруға қатысы бар» деген айыппен 2014 жылы 11 жылға сотталды.

2013 жылы желтоқсанда ҰҚК шекара қызметі "Батыс" аймақтық басқармасының бастығы Әбдіразақ Ілиясов коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен 13 жылға сотталды.

2012 жылғы желтоқсанның 25-і күні Шымкент әуежайына бет алған ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Ан-42 ұшағы апатқа ұшырады. Апат кезінде ұшақ бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты. Оның ішінде шекара қызметі басшысының міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков пен шекара қызметінің офицерлері болған. «Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты тексеру орталығы» (OCCRP) халықаралық ұйымы «апатқа ұшыраған ұшақты жөндеу кезінде жемқорлыққа жол берілген» деп мәлімдеді.

Ал 2012 жылдың мамырында «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Жаппай кісі өліміне қаза тапқан азаматтардың қызметтесі - қатардағы сарбаз Владислав Челах айыпты деп танылды. Екі аптадан кейін шекара қызметінің сол кездегі директоры генерал Нұржан Мырзалиев отставкаға кетіп, ал 2012 жылдың аяғында Челах өмір бойына түрмеге кесілді.

XS
SM
MD
LG