Accessibility links

Мақта теруге жазда барған дәрігерлер үйлеріне әлі қайтпаған


Өзбекстанда дәрігерлер әлі күнге мақта теріп жатыр. (Көрнекі сурет)
Өзбекстанда дәрігерлер әлі күнге мақта теріп жатыр. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанның Хорезм облысы Янгиарык ауданы медицина қызметкерлері алғашқылардың бірі болып мақта теруге тамыздың 23-і күні жіберілген. Үш жарым ай мақта терген дәрігерлер мен медбикелер әлі егістік басында жүр.

Азаттықтың Өзбек қызметіне хат жолдаған бір топ дәрігер мен медбике үш жарым ай бойы әрі күн суытқанына қарамастан ауруханадағы жұмыс орнына мақта теріп жүргендерін, үйге қайтуға рұқсат ала алмай жатқандарын жазған.

ЖҰРТТЫ ЕМДЕУДІҢ ОРНЫНА МАҚТА ТЕРУ

«Біздің бас дәрігеріміз мүлде шектен шығып кетті. Ол хокимге (әкімге) жағымпазданып жүр. Бас дәрігер «Егер Ташкенттен немесе Азаттықтан хабарласса, мақтаны өз еркімізбен жинап жүрміз деңдер» дейді. Қазір күн қатты суып кетті. Кей күндері ауа температурасы -12 градусқа дейін төмендейді. Мектеп, балабақша және басқа да ұйым қызметкерлері егістіктен баяғыда кетіп қалған. Бірақ дәрігерлерді мақта теруге әлі мәжбүрлеп жатыр. Тіпті кешкі ауысымда жұмыс істейтіндерді де таңертеңмен мақта теруге салады» деп жазады Азаттыққа хорезімдік дәрігерлер.

Азаттық биылғы тамызда Хорезм облысының Янгиарык ауданындағы медицина мекемесі қызметкерлерінің тамыздың 23-і күні мақта теріміне жөнелтілгенін жазған еді. Ол жолы медициналық мекеме қызметкерлері мақта теріміне бармағандарды басшылықтың «жұмыстан шығарамыз» деп қорқытатыны туралы айтқан болатын.

Қарашаның 10-ы күні Азаттық тілшісі осы медициналық мекеменің бір дәрігерімен хабарласқан еді. Оның айтуынша, күн сайын дәрігерлерді облыстың түрлі ауылдарына мақта теруге жібереді.

Мақта алқабында жүрген адамдар. (Көрнекі сурет)
Мақта алқабында жүрген адамдар. (Көрнекі сурет)

- Бүгін де автобуспен алып кетті. Бірақ оларды нақты қай селоға апарғанын білмеймін. Мен мақта терімінде өткен аптада болдым. Біздің қызметкерлер осы жексенбіде дәрігерлердің кәсіби мерекесі болғандықтан ғана барған жоқ. Күнде таңертең оларды 10-15 адамнан автобусқа отырғызып, мақта алқабына апарып, кешке алып келеді,- деді Янгиарык ауданы медбикелердің бірі.

Осы медициналық мекеменің басқа қызметкерінің сөзінше, жуырда олардың басшылығы мақта жинаудың қарашаның 15-сіне дейін жалғасатынын айтқан.

- Бұған дейін бас дәрігер мақта жинаудың қарашаның 5-сіне дейін созылатынын айтқан. Енді 15-сі деп отыр. Бірақ оның өзі нақты болмай шықты, - дейді мекеме қызметкері.

МӘЖБҮРЛЕП ГАЗЕТКЕ ЖАЗДЫРУ

Бұдан бөлек Янгиарык медицина мекемесі қызметкерлері Азаттыққа «мақта жинауға барғысы келмеген дәрігерлер басшылыққа күн сайын 10 мың сомнан («қара базардың» есебімен 1,5 АҚШ доллары шамасы) ақша беретінін» айтты. Мұның үстіне, енді оларды «мемлекеттік басылымдарға жазылуға міндеттеп жатыр».

Мақта жинауға барғысы келмеген дәрігерлер басшылыққа күн сайын 10 мың сомнан (1,5 доллары шамасында) ақша береді.

«Медбикелерге басылымға жазылу үшін 160 мың сомнан («қара базардағы бағаммен» 28 доллар шамасы), ал дәрігерлерге 200 мың сомнан (35 доллар шамасы) әкелуді бұйырды. Басқа мекемелердің қызметкерлерінен басылымдарға жазылу үшін 25-30 мың сомнан (5 доллар шамасы) жинайды. Бірақ бізге осындай соманы беруге мәжбүрлеп отыр» деп жазады хорезімдік дәрігерлер.

Осы мәселені жазу барысында Азаттық репортері Янгиарык ауданы медициналық мекемесі бас дәрігері Умид Жұманиязовпен телефон арқылы сөйлескен еді. Алайда тілші сауалын ести салысымен бас дәрігер трубканы қоя салды.

«МАҚТАНУ ДАЛАДА ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ»

Хорезм облысы Янгиарык ауданы әкімдігінің ауыл және су шаруашылығы бөлімі қызметкерлері Азаттыққа қазір мақта сабақтары түптерін қопсыту жұмыстары басталғанын, тек бірнеше мекеме қызметкерлері ғана мақта теріп жүргенін айтты.

- Янгиарык ауданындағы алқаптың көбінде мақта түптерін қопсыту жұмыстары аяқталды. Егер дәрігерлерді әлі мақта жинауға апарса, яғни бір жерде терілмеген мақталар қалған болып тұр ғой. Өйткені мақтаны далада тастап кетуге болмайды, - деді Хорезм әкімдігі (хокимияты) қызметкері.

Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев.

Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев қазанның 14-і күні мақта жоспарының асыра орындалғанын хабарлаған болатын. Ресми дерек бойынша, өзбек диқандары 2015 жылы 3 миллион 350 мың тоннадан астам мақта жинаған.

Бақылаушылардың пікірінше, Өзбекстанда жиналған мақта мөлшерін асыра көрсету тәрізді советтік тәжірибе сақталып қалған. Елдің кей облыстарында мемлекеттік жоспардың «орындалғанына» қарамастан, мақта жинау жалғасып жатыр. Ал халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар бірнеше жыл бойы Өзбекстандағы мәжбүрлеп мақта жинату тәсілін сынап келеді.

Қыркүйектің басында күннің күрт суытуы салдарынан колледж бен жоғары оқу орындарының көптеген студенттері үйлеріне қайтарылған еді. Алайда Янгиарык дәрігерлері тәрізді кейбір бюджеттік мекемелердің жұмысшылары мен қызметкерлері әлі күнге мақта алқабында жұмыс істеп жүр.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG