Accessibility links

Қазақстанда домалақ арыз жазу енді интернет арқылы қайта жандана бастады


Қазақстанда бұрынғы «дәстүрлер» енді интернет арқылы қайта жандана бастады. Әріптесіңнің, жақтырмайтын адамыңның үстінен домалақ арызды жөнелте салу мемлекеттік кеңселер мен жекеменшік компанияларда қалыпты жағдайға айналды. Ендігі жерде интернет-форумдағы анонимді жазбалар үшін де жауап беруге тура келеді.

АУРУХАНАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ДЕРТТЕН ДЕ ЖАМАН

Өткен жылы достарым мені Киевтегі 1-ші жедел жәрдем ауруханасына жеткізіп, сол жерде маған операция жасалды. Сол жолы мен үшін арқамның ауырғанынан гөрі, аурухананың кейпіне қарап шошынғаным ауырлау болды-ау деймін.

Мен өзімді алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі үңгірдегі өмірге тап болғандай сезіндім. Тіпті одан да жаман. Жан-жағыңның барлығын бей-берекет тәртіпсіздік жаулап алған.

Операциялық құрал-жабдықтар қанға бөккен дәкелер мен мақталарға араласып жатыр. Еденге төгілген су әлдекімнің қанына қосылып шалшыққа айналған. Айналадағы дәрігерлер мен медбикелердің үстінде тозығы жетіп, салтақ-салтақ болған желеңдер.

Операция бөлмесі мен палаталарды аурухана бөлмелері дегеннен гөрі бос қалған шахта забойлары десе дұрыс болғандай.

БАТЫС ӨТКЕННІҢ БЕЙШАРАЛЫҒЫНА СЫН КӨЗБЕН ҚАРАЙДЫ

Мен батыс елдерінің ауруханаларында да жатып ем алған адаммын. Сондықтан, өз көргендеріме салыстырмалы түрде баға бере аламын. Бұлардың айырмасы жер мен көктей. Себебі, бүгінде батыс елдерінде өмірдің сапасы жоғарғы деңгейде.

Ал, дәл сол корольдік Англияда, республикалық Францияда және социал-демократиялық Швецияда екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өмір сапасы соншалық керемет болған жоқ.

Жабыла мақтайтын демократиялық елдердің ауруханаларында 1920, 1930 және 1940-жылдары айта қоярлықтай тазалық болған емес. Олардан тек аурухананың ғана емес, басқа да лас нәрселер табылатын.

Бірақ, соғыстан кейін демократиялық елдер өмір сапасына шындап мән бере бастады. Енді оларды тікелей айтқанда да, рухани-әлеуметтік жағынан да былыққа батқан сонау өткен өмірге сүйресең де апара алмайсың.

Бүгінгі демократиялық елдер өздерінің күнәға да, қателіктерге де толы өткендерін ұмыта қойған жоқ. Енді сол өткен шақ қайтып келмес үшін мемлекеттегі, қоғамдағы барлық мүмкіндіктерді жұмсауда.

Өйткені, өмір сапасын жақсартудың негізгі өлшемі батыс елдерін өздерінің өткеніне сын көзбен қарауға мәжбүрлейді.

СТАЛИННІҢ КЕЗЕҢІ ҚАЙТА ОРАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДАЙ

Өткеннің былығын сүзгіден өткізу постсоветтік елдердің басым бөлігінде бастала да қойған жоқ. Оған қоса, СССР-дың бұрынғы аумағындағы кейбір мемлекеттерде сталиндік кезең қайта оралып келе жатқандай.

Ресейде қайтыс болған көсемге басқаша қарай бастаған сияқты. Әрине, оған деген бүкілхалықтық махаббат әзірге ояна қойған жоқ. Бірақ, нышандары біліне бастады.

Сталин кезеңіне тән кейбір элементтер енді Орталық Азияның мемлекеттерінде қылаң беруде. Әрине, белгілі себептерге байланысты, аймақтағы ақпарат құралдары өткеннің келеңсіздіктерін жария түрде айыптап, биліктің шамына тигісі келмейді. Сондықтан да ақпарат негізінен ауыздан ауызға беріледі.

СӨЗ ТАСУ ЖОҒАРЫДАН ЫНТАЛАНДЫРЫЛЫП ОТЫРАДЫ

Оларды біреудің артынан сөз тасуға итермелеп жатқаны туралы Қазақстанның әр аймақтарынан көптеген адамдар хабарласуда. Баяғы совет кезеңінде әбден етене болған жағдай.

Халықтың жаппай бірін-бірі көрсетіп, ұстап беруі 1920-1930 жылдары белең алған жоқ па? Сол кезде тіпті өз әкесін ұстап беру де сәнге айналған еді. Жұрттың бәріне таныс Павлик Морозовтың тарихы естеріңізде болар. Өз әріптесіңді ұстап беру тиімді болатын. Осы арқылы қызмет-мансаб өсетін. Көршілерді ұстап беру арқылы тұрғын жайды кеңейтуге мүмкіндік туатын.

Осындай қылық халық арасында «тоқылдақ» деген атқа ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл сырқат біртіндеп азая бастаған еді. Ал 1990 жылдары ол жоғалып та кеткен болатын.

Бірақ, кенеттен... Енді байқап қарасақ, бұл ауру біржолата жойылмай, жоғарыдан берілетін кезекті белгіні тосып, уақытша дамылдап қана жатқан екен. Міне енді белгі де берілді.

Ендігі жерде адамдар анда да, мында да домалақ арыздың бас көтеріп келе жатқандығының куәсі болуда. Түрлі деңгейдегі бөлім бастықтары мен директорлар өздерінің мүмкін болар бәсекелестерінен құтылу үшін өзінің қоластындағылардың арасынан бақталасына компромат тауып беретін адамдарды іздеуге кірісті.

Сөз тасудың қандай түрі болса да жоғарыдан ынталандырылып жатыр. Бастығы мен әріптестерінің үстінен домалақ арызды айдап жіберетіндер үшін қызметте көтерілу мүмкіндігі туды. Ал енді ол әріптес жоғары тұрған бастықтарға жақпай жүрсе, тіпті жақсы.

Ауруханадағы ластықтың жарасы жеңілдеу. Оны тіпті сөз тасып, біреуді ұстап бергенмен салыстыруға да келмейді.

СӨЗ ТАСУДЫҢ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

Ал енді Қазақстанның әр аймақтарындағы адамдардың айтуына қарағанда, қазірде біреулердің үстінен домалақ арыз жазу заманауи жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асуда.

Мәселен, министрді орнынан алып тастады делік. Қызметке жаңа министр келді. Ол өзінің бағыныштыларына «кімнің пара алатынын жақсы білеміз, сондықтан бір аптаның ішінде өздерің келіп мойындаңдар» дейді. Ешкімнің келіп ештеңені мойындамайтыны түсінікті. Ешкім де ақымақ емес қой.

Бұдан кейін бастық өзінің жеке блогын ашады. Ал, ол жерде форум деген бар. Бұдан соң бағыныштылар әлгі форумдарда аты-жөндерін көрсетпей әріптестерінің үстінен домалақ арызды қарша бората бастайды. Дәл сол домалақ арыздар ресми шаралар қолдануға, есеп айырысуға негіз болады.

Басшылар үшін біреулердің күнәсін ашуға қандай үлкен мүмкіндік десеңізші! Бұндай жағдайдан соң өмір сапасы туралы қандай әңгіме айтуға болады?

Бірінші кезекте өмірдің сапасы емес, домалақ арыздың сапасы бағаланатын кез алыс емес секілді. Домалақ арыз базары қатты дамып, домалақ арыз бағалы тауарға айналатын кез де келіп қалды.
XS
SM
MD
LG