Accessibility links

Қалалық прокуратураның мәліметінше, Алматыда 10 айда оқу орындарының жасанды дипломдарын пайдалануға байланысты 85 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, біртұтас ұлттық тестілеуден өткені жөнінде жалған сертификаттар жасауға қатысты 20 дерек, жоғары оқу орындарын бітіргені туралы дипломдарды жасау бойынша 57 қылмыс тіркеліпті.

Алматы қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Асхат Тәженовтың айтуынша, жалған диплом жасаушылар колледждерден бастап, ірі-ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарының құжаттарын қолдан жасаған. Алматы қаласында құрықталған сондай топтың бірі 5 жыл аралығында 1500 жалған диплом жасап, 600-ын сатып үлгеріпті.

- Олар дипломды шамамен 500 АҚШ долларынан 2-3 мың АҚШ долларына дейінгі аралықта сатқан. Қазіргі кезде дипломдардың жалған-немесе жалған еместігін жай көзбен айыру мүмкін емес. Сол үшін тергеу кезінде арнайы сараптамалар жүргізілуде. Оны сот-техникалық сараптамасы және сот-қолжазба сараптамасы жүргізеді. Солардың қорытындылары негізінде дипломдардың жалған-не жалған еместігі анықталады.


Қазақстанда жалған диплом жасаумен айналысатын жасырын топтардың саны туралы әзірге, нақты ақпарат жоқ. Десек те, оған сұраныстың аз еместігін көшедегі жарнамалардан да көруге болады. Қазақстандағы ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов қазіргі кезде дипломды дайындауға қойылатын талаптың төмендеп кеткендігі жалған дипломдарға жол ашып отырғандығын айтады.


- Техникалық жағынан алып қарасаңыздар, соңғы кезде дипломды дайындау сапасы он дәрежелі қорғаудан екіге дейін түсірілген. Ксерокстан жасауға мүмкіндік бар болғандықтан оның сатушылары да көбейіп кетті.


Жалған диплом көбіне, адамның білімі мен біліктігінің орнына жапырақтай қағаз талап ететін салаларда сұранысқа ие дейді ол.


- Мысалы, бизнеске білімсіз адамдар керек емес, кәсіпорындарға керек емес, банк саласына керек емес. Тек қана мемлекеттік жұмыстарға баратын кезде ағайындары бар, туыстары бар, «бір қағазды әкеле сал» деп жеңіл жолға итереді.


Қазақ Британ техникалық университетінің оқытушысы, профессор Болысбек Өтелбаев қоғамда жалған диплом жасаушылар саны көбейсе, демек қоғамда оған сұраныс та бар. Олай болса, біз әлі де болса, бюрократияны жоя алмай отырмыз дейді.


- Диплом не үшін керек адамға? Диплом адамға белгілі бір қоғамда қызмет атқарып, өзінің тұрмыс-тіршілігіне қажетті нан тауып, бала-шағасын асырауы үшін, еліне белгілі бір дәрежеде қызмет етуі үшін керек. Соған берілген жолдама деп түсінем. Егер ол қағаз – диплом белгілі бір біліммен бекітілмесе, ондай дипломның керегі не? Демек, жалған дипломды пайдаланып, жұмыс атқаратын жерлерде оған жағдай жасалынған деген сөз.


Білім саласындағы фальсификацияның қоғам үшін зияндылығын айтқан ғалым қоғам үшін шын мәнінде, атақ-дәрежеден гөрі білім мен білік керектігін айтады


- «Торғай сойса да, қасап сойсын» дейді. Лобачевский деген ғалым айтады: «Дарынсыз генералдан, тақуа ғалымнан, өз ісін білетін етікші артық. Оның пайдасы көп» дейді. Олай болатын болса, бізге жалған диплом алған маманнан гөрі өз ісін жақсы білетін дипломсыз адам керек.


Ал Рахман Алшанов әлемде жалған дипломның жолын кесуге бағытталған тиімді механизмдерін Қазақстанға да енгізу қажет деп есептейді.


- Шетелде мұндай жағдай анықталатын болса, өмір бойы ол адамды еш жерде жұмысқа алмайды. Тек диплом сұрамайтын көше сыпырушының шаруасы болмаса. Шетелде де көп. Бірақ жүз рет тексереді. Қазақстанның өзінде де компанияларда тексеретін ұйымдар бар. Қазір мемлекеттік орындарда, кадр бөлімдерінде арнайы осы іспен айналысатын бөлімдер бар. Оны тексеру үшін де аса көп ақылдың қажеті жоқ. «Қай жерде бітірдің? Қалай бітірдің?» деп бір телефон шалса, бір-ақ секунд, бәрі белгілі болып қалады. Бірақ айтып отырған адамдардың біразының өздері «соны әкел» деп отыр ғой.


Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда ҚР-ның Білім және ғылым министрлігінде елдегі барлық дипломдарды иелерімен, нөмірімен қоса тіркейтін орталық құрылып жатқан көрінеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG