Accessibility links

Гүлнәр Каримова ақшасын құтқарамын деп Испанияға елші болып кетті


Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримова Миландағы мода күндерінде.

Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримова Миландағы мода күндерінде.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнәр Каримова Өзбекстанның Испаниядағы елшісі болып тағайындалды. Ислам Каримовтың қызының іс-әрекеті капиталды заңдастыруға және соттық талап-арыздардан қашуға бағытталған деп есептейді бақылаушылар.

СУ ЖАҢА ӨЗБЕК ЕЛШІСІ

Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримова Испаниядағы елші болып тағайындалды. Бұл хабарды үстіміздегі жылдың 18-інші қаңтарында Испания сыртқы істер министрлігінің өкілдері растады.

«Жаңа елшінің аты-жөні – Гүлнәр Каримова. Ол Испания королінің өзіне емес, әзірше хаттама бастығына сенім грамотасының көшірмесін ұсынды. Корольға грамота жаңадан тағайындалған өзге де елшілердің грамоталарымен бірге үш ай сайын өтіп тұратын арнайы салтанатты шара кезінде тапсырылады. Сенім грамотасы табысталғаннан кейін ғана ол ресми елші болып жарияланады», - деп хабарлады Испания СІМ баспасөз қызметінің өкілі.

2008 жылдан бері Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримова Женевада БҰҰ-дағы Өзбекстанның ресми өкілі болып табылады. Ол сол міндетін жаңа қызметімен қатар алып жүре ме, жоқ па, ол жағы әзірше белгісіз. Бірақ, Испания СІМ шенеунігінің айтқанындай, дипломатиялық заңдар бойынша бір адамның бірнеше ведомствоға жетекшілік етуі орынды болып саналады.

Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримова Мәскеу кинофестивальінің ашылу салтанатында. 21 маусым 2007 жыл
Былтырғы жылдың наурыз айында Ислам Каримовтың үлкен қызы белгілі испан әншісі Хулио Иглесиаспен дуэт болып әйгілі Besamo mucho әнін орындаған еді. Енді бір жылдан кейін Гүлнәр Каримова 2010 жылғы қаңтарда алдағы алты ай бойына Еуропалық одаққа төрағалық ету байрағын ресми түрде қабылдаған Испаниядағы өзбектің дипломатиялық ведомствосын өз жетекшілігіне алуда.

НЕЛІКТЕН ИСПАНИЯ?

Не себепті Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы алдағы төрт жыл бойы отыруы үшін басқа елді емес, нақ Испанияны таңдады? Айта кету керек, Өзбекстанның шетелдегі елшісі қызметінде болу мерзімі шамамен төрт жылды құрайды.

Бұл сұраққа жауап ретінде бірқатар ақпарат көздері өз болжамдарын жасады. Мәселен, El Pais испан газетінің жазуынша, Ислам Каримовтың қызының Испанияға елші болып тағайындалуы өзбек билігінің Еуропалық одақпен қарым-қатынасқа деген зор мүдделілігін байқатады.

Мадридтік сарапшы Йёс Бунстра Гүлнәр Каримованың Испанияға елші болып тағайындалуының астарында Өзбекстанның бұл елде ұзақ мерзімді экономикалық мүддесінің болуы мүмкіндігін айтады.

«Испания Еуроодаққа бар-жоғы алты ай төрағалық ететін болады. Бұл тым қысқа мерзім. Меніңше Өзбекстан мен Испания ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастыққа мүдделі. Испанияның вагон жасаушы зауыты Самарқанд пен Ташкент арасындағы темір жол бағытына арнап, жаңа «Талго» пойыздарын апаруды жоспарлап отыр», - дейді Йёс Бунстра.

Бұл айтқандарына ол өзбек президенті қызының көмегімен испан экономикасына инвестиция салуды көздейді дегенді де қосады.

Алайда тәуелсіз дат журналисі Майкл Андерсен Өзбекстан президентінің қызы Испанияны осы елде өз бизнесін кеңейту мақсатында таңдаған болуы мүмкін деп санайды. Журналист өз пікірін былайша негіздейді:

«Біз білеміз, Гүлнәр Каримоваға тиесілі-мыс өзбек футбол клубы «Бунёдкор» «Барселона» испан клубымен тығыз ынтымақтастықта. Соңғы екі жыл ішінде сол испандық клубтың жұлдыздары Ташкентке барып, мастер-класс өткізіп тұрды. Өткен айда «Реал Мадрид» клубының ең үздік және қымбат ойыншысы Рональду өзбек астанасында болып қайтты. Енді Гүлнәр Каримова «Майорка» клубына қызығушылық танытып жүр», - дейді Майкл Андерсен.

Оның айтуы бойынша испан баспасөзі «Майорка»-ның саудасы онда да акциялық үлестері бар «Барселона» клубының президенті Жоан Лапортаның делдалдық көмегімен жүзеге асырылуда деп хабарлап үлгерген.

ЖҰЛДЫЗДАРДЫ АҢДУ

Еске сала кетейік, өткен жылғы 22-інші желтоқсанда «Реал» футбол клубының жартылай қорғаушысы Криштиану Роналду кезекті бір күндік мастер-класын өткізу үшін Өзбекстан астанасында болып қайтқан. Кейбір батыстық ақпарат көздерінің мәліметтері бойынша әлемдік футбол жұлдызын Ташкентке шақыру Ислам Каримовтың үлкен қызы үшін 600 мың еуроға (миллион доллар шамасында) шыққан.

Бұл тұста «жұлдыздарды аңдитын» атағы жөнінен президент Ислам Каримовтың кіші қызы Лола Тиллаеваның да кем түспейтінін айта
Француз актеры Ален Делон және Өзбекстан президентінің кіші қызы Лола Тиллаева. Париж, 8 көкек 2009 жыл
кеткен жөн. Былтырғы жылы бұл қыз өзінің кеңсесінің Парижден ашылуына байланысты берген қайырымдылық түскі асында төрт сағат отырып, тамақтанып және қысқаша сөз сөйлегені үшін италиялық танымал актриса Моника Беллуччиға 190 мың еуро төлеген болатын.

Өзбекстанның Uznews.net тәуелсіз ақпараттық қызметінің хабарлауы бойынша Zeromax компаниясының иегері Гүлнәр Каримова 60 миллион еуроға «Майорка» клубына тиесілі Binipuntiró компаниясының акцияларын сатып алған. Бірақ, Zeromax компаниясы әлі күнге ол хабарламаға ешқандай жауап байқатпаған.

Сәл ертерек Швейцариядағы беделді экономикалық журналдардың бірі «Билан» Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримованың елде тұратын ең бай адамдар тізімінің тоғызыншы жолында тұрғанын хабарлаған еді. Журналдың жазуынша Ислам Каримовтың қызы 18,2 миллион долларға Швейцариядан вилла сатып алған.

АКТИВТЕРДІ ЗАҢДАСТЫРУ

Швейцарияда тұратын өзбек диссиденті Сафар Бекжан дипломатиялық мәртебенің көмегімен Гүлнәр Каримова әкесінің арқасында жасаған Еуропадағы капиталын заңдастыруға талпынуда дейді Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында.

«Гүлнәр Каримова өз капиталын заңдастыру үшін дипломатиялық мәртебенің көмегімен Еуропадағы ықпалды ортаға енуге толассыз талпыныс жасауда. Өзбек президенті қызының дипломатиялық қызметі жинаған капиталды заңдастыруға және соттық талап-арыздардан қашып құтылуға бағытталған», - дейді Сафар Бекжан.

Еске сала кетейік, президент Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнәр Каримова ертеректе Америкаға эммиграцияға кетіп қалып, әл-ауқатын жақсартып алған өзбек отбасынан шыққан Мансур Максудимен некеде болған. Отбасылық қатты жанжалдасулардан соң өзбек президенті қызының некесі бұзылды.

Нью-Джерси штатының Жоғарғы соты Каримованың екі ұлын әкесіне қайтару шешімін қолдап, неке бұзу ісін АҚШ азаматы Мансур Максудидің пайдасына шешіп, сот процессін аяқтады. Бірақ, Гүлнәр Каримова америкалық соттың шешіміне қарамастан, Құрама Штаттарды тастап, балаларын алып Өзбекстанға келді.
.
Ташкент соты оған өз балаларына қатысты қамқорлық құқығын берді. Нью-Джерсидің Жоғарғы соты Гүлнәр Каримоваға қайтып оралуды бұйырды, алайда ол АҚШ-қа сол күйі оралмады. Кейіннен тұтқындауға байланысты оның атына ордер берілді, бірақ оның Өзбекстанда күші жоқ еді, өйткені ол ел мен АҚШ арасында тиісті келісім жоқ.

Америкалық соттың келесі үкімі мейлінше қатқыл болды: Гүлнәр Каримоваға АҚШ аумағына келуге тыйым салынды. Ол үкім әлі күнге күшінде.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG