Accessibility links

Интернетте Жармахан Тұяқбайды әшкерелеген аудиотаспалар жарияланды


Жармахан Тұяқбай, оппозициялық саясаткер

Жармахан Тұяқбай, оппозициялық саясаткер

Рахат Әлиевтің ықпалында деп айтылып жүрген «Kaztoday» интернет сайтында «Қазақстанның ірі лауазымды шенеуніктерінің телефонмен әңгімесі» деп таныстырылған аудиотаспалар жарияланды.

Материалды әлемдік торапқа шығарушы бұл таспаларды Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай өзінің саяси іс-әрекеттерін Ақордамен келісіп жасайтындығының айғағы ретінде келтірген.

Таспада оншақты азаматтың есімі аталады. Олар: Нәке - Дүтбаев, Әдеке, Зағипа - Балиева, Жәке - Тұяқбай, Мұхтар - Аюбаев, Владимир - Жұмашаров және т.б. Бұдан бөлек телефонмен әңгімелесушілер «Шеф», «Президент» сөздерін жиі қолданған. Әңгіме барысында олар былапыт сөздерді жиі пайдаланған. Материалда телефон әңгімелерінің дәл қай уақытта таспаға басылғандығы көрсетілмеген, бірақ үлкен бір мерекенің қарсаңындағы мезгіл екендігі аңғарылады.

Жарияланған жеті әңгіме де мазмұны жағынан бір-біріне байланысты: негізінен «кейіпкерлер» Шеф-Президент пен Жәке-Тұяқбай арасындағы кездесудің жай-жапсарын сөз еткен. Таспаны жариялаған автор бұларды Президент Назарбаев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның басшысы Жармахан Тұяқбай деп таныстырған.

Жармахан Тұяқбай бұл мәселеге қатысты Азаттық радиосының сауалдарына жауап беруден бас тартты. Аталған партияның баспасөз хатшысы Максим Андрюшиннің айтуынша, қазір интернетте жарияланған таспаларға қатысты Тұяқбайдың мәлімдемесі дайындалып жатыр.

Бұл уақытта қазақстандық сарапшылар осы аудиотаспалардың дәл қазіргі уақытта көпшілікке таныстырылуында үлкен саясат жатыр деп есептейді. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, бұл компромат Тұяқбай мырзаға қарсы бағытталған.

- Саяси күрес болған соң оның ішінен арандатушы сатқындар да табылады. Сонымен бірге әлдебіреудің абыройын төгу үшін қолдан жасалған қара PR болуы да ғажап емес, - деді Әзімбай Ғали.

"Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов жарияланған таспаларға қатысты туындайтын сұрақтарға Жармахан Тұяқбайдың өзі жауап беруі тиіс деп есептейді.

- «Алға» билікпен келіссөздерге барған жоқ. Сондықтан оны тіркемеді. Социал-демократтар мүмкін сондай шарттарға барған шығар, - деген болжам айтады әлі ресми тіркелмеген «Алға» партиясының бұрынғы төрағасы Асылбек Қожахметов.

Өткен аптада Президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, қазірде Венада тұрып жатқан Рахат Әлиев Азаттыққа берген сұхбатында, Қазақстанда оппозициялық күштер жоқ, елдегі билікке қарсы саяси күштер Ақордадан қаржыландырылады деген еді. Ол айыптауға қатысты Жармахан Тұяқбай: «Басымызды иіп, биліктің, әлде болмаса олигархтардың алдына баруымыз социал-демократиялық партия өкілдері үшін ұят нәрсе», - деп мәлімдеген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG