Accessibility links

Сейсенбі күні №1 автопарктің қарамағында болған жатақхана тұрғындарының мәселелері шешілгендей болды.

Бұлай айтып жатқан себебіміз, әлеуметтік дау-жанжалдарды қарастыру және шешу жөніндегі Қоғамдық Кеңестің бүгінгі болған отырысында, аталмыш жатақхананың төңірегіндегі дау күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі ретінде талқыланды.
Осы жағдайға байланысты ЖСДП-ның өкілі Әнуар Тоғысов баяндама жасады. Аталған жатақхананың қандай жолдармен жекешелендірілгенін және оның соңғы қожайыны болып саналатын «Файнекс Корпорейшен ЛТД» компаниясының басшылары жалдаған жұмысшылардың балалы аналарға қол көтергендігін айтты. Кеңестің отырысына келген жатақхана тұрғындары да бүкіл мән-жайды баяндап берді. Сонымен қатар, олар «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тоқмұхамед Садықовқа айтылған оқиғаларды дәлелдейтін фото суреттерді берді.
Жатақхана тұрғындарының атынан сөз алған Әсемгүл Кеңесқызы күн бұлттанса, мектеп жасындағы балаларының бұл жерден көшейікші деп жылайтындығы туралы айтып берді:
«Біздің конституциялық құқықтарымыздың аяқ асты тапталып жатқанына бір жылдан асты. Осы жатақхананы «Файнекс Корпорейшен ЛТД» компаниясы сатып алғалы бері, баспанасыз қаламыз ба деген үрей бізге маза бермейтін болды. Балаларымыз сот орындаушылары мен компания өкілдерінің келгенін көретін болса, шыңғырып жылайтынды әдетке айналдырды. Тамыз айының басында біздің жатақханаға компанияның бір топ өкілдері мен сот орындаушылары келді. Олармен дауласып жүргенімізде, компанияның арнайы жалдаған жұмысшылары біздің баспанамыздың шатырын қирата бастады. Оларды тоқтатуға барған балалы әйелдер сол жерде түгелімен соққыға жығылды».
Жатақхана тұрғыны Әсемгүл Кеңесқызы балаларының қорқынышта өмір сүріп жатқандығын айтты.
Бүгінгі Кеңеске келген компанияның заңгері Нейля Рахымова өз басшыларының мұндай сорақылыққа бармағанын және автопарктің қарамағында болған жатақхананың мәселесіне байланысты соттың шешімі баяғыда шығып қойғанын айтты. Сондай-ақ, ол тағы да басқа мәліметтер айтуға оқталып еді, Тоқмұхамед Садықов пен кеңестің басқа да мүшелері және аталған жатақхананың тұрғындары компанияның заңгеріне өз ойын аяқтауға мүмкіндік бермеді.
Қоғамдық Кеңестің төрағасы Тоқмұхамед Садықов «Файнекс Корпорейшен ЛТД» компаниясының директоры Тимур Левинді үстел басындағы әңгімеге бірнеше рет шақырса да, оның әлі күнге дейін келмегендігін мәлім етті. Сөйтіп, ол заңгер Нейля Рахымова арқылы компанияның басшыларына сәлем жолдап, жатақхананың бұзылған шатырын жөндесін деген тапсырма берді.
«Осы жағдайға байланысты Қоғамдық Кеңес үкіметке конституциялық құқығы тапталған жатақхана тұрғындарының мәселесін шешу туралы өтініш жолдайды», - деді Тоқмұхамед Садықов.
Бірақ, осы тұста сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов үкіметтің өтінішті дұрыс түсінбей кері қайтарып жіберуі мүмкін екенін айтты. «Біз көпшіліктің алдында әдемі сөздер айтып, олардың қошаметіне бөленуді көздемейік. Бұл проблеманы бір жақты ету үшін нақты қадамдар жасайық. Менің ойымша, тұрғындардың мәселесін сот арқылы шешкен дұрыс болады»,- деді ол.
Серік Сейдумановтың сөзінің дұрыс екенін тілге тиек еткен Тоқмұхамед Садықов бас қосуға келген қалалық прокурордың орынбасары Бағбан Тайымбетовке жатақхана тұрғындарының мәселесін бастан-аяқ тексеру керектігі туралы айтты. Сондай-ақ, ол тұрғындардың соққыға жығылуын және қыстың күні баспаналарын жылу мен электр қуатынан айырған компания басшыларын да заң алдында жауапқа тартуды қарастыру керек екенін жеткізді.
Сонымен, Қоғамдық Кеңестің шешімі бойынша, тұрғындар өз жатақханаларында тұра беретін болды. Ал, осы мәселеге байланысты соттың шешіміне тоқталған Тоқмұхамед Садықов компанияның заңгеріне прокуратура тарапынан жасалатын тексерулердің аяқталуын күте тұрыңдар деп айтты.
Бұл сөздерді естіген жатақхана тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Ал біз аталған компанияның заңгері Нейля Рахымованы әңгімеге тартқанымызда, ол Қоғамдық Кеңестің шешімі бір жақты болғандығын айтты:
«Қоғамдық Кеңес тек өтініш қана білдіре алатынын естен шығармайық. Әрине, олардың бүгінгі айтқандарын мен компания басшыларына жеткіземін. Бірақ, бұл бас қосуда біздің сөзімізді ешкім тыңдаған жоқ. Біріншіден, дауға айналып отырған жатақхананың ғимараты жартылай қирап тұр. Екіншіден, тұрғындардың барлығы дерлік, аталған ғимаратты заңсыз пайдаланып отыр. Үшіншіден, жатақхана тұрғындарын кезекті рет шығару кезінде компания басшыларының соққыға жығылғаны да ескерілмеді. Сонымен, не керек, олар бүгін бізді құбыжық етіп көрсетті», - деді ол.
XS
SM
MD
LG