Accessibility links

«Өкіл қайын ата» енді CD және флеш-дискіде шығады


"Өкіл қайын ата" кітабының мұқабасы.

"Өкіл қайын ата" кітабының мұқабасы.

Берлиндік «Ибера» баспасының бас редакторы Бриджитт Стробеле, Азаттық радиосына берген сұхбатында, Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабының айналасындағы болып жатқан жағдайларға байланысты өз ұстанымын білдірді.

– Стробеле мырза, Қазақстанның Бас прокуратурасы «Өкіл қайын ата» кітабының авторы Рахат Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғады. Прокуратура ол кітап мемлекеттік құпияға толы дейді. Сіз аталған кітапты жарыққа шығарған баспаның бас редакторы ретінде осы кітаптың айналасындағы жағдайға байланысты пікір білдіре аласыз ба? Сіздің баспаңызға соттасу қаупі төніп тұрған жоқ па?

– Мен бұған пікір білдіре алмаймын, өйткені бұл іспен заңгерлер айналысады. Бұл өте күрделі жүйе және мен оны жақсы білмеймін.

– Осы кітапқа байланысты сіздер Қазақстан билігі тарапынан қандай да бір ескертулер алдыңыздар ма?

– Жоқ, бізге ешкім ешнәрсе айтқан жоқ.

– Қазақстан Бас прокуратурасының өкілі «Өкіл қайын ата» кітабын таратқан немесе оқыған ел азаматтары қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп ескертті.

– Бұл өте жаман. Демек, Қазақстан – азат ел емес. Мәселен, Аустрияда және Германияда сіз кез-келген тақырыпқа байланысты өз пікіріңізді білдіре аласыз. Бұл соншалықты проблема емес.

Ал, Қазақстанда болса, меніңше, сөз бостандығы жоқ сияқты. Мен бұны басқаша қалай айтуға боларын білмеймін.

– Бұған дейін баспада осыған ұқсас оқиғалар, яғни, әлдебір елдердің билігі бір аутордың кітабын шығаруға тиым салып, осының салдарынан сіздердің оны баспаған кездеріңіз болды ма?

– Иә, мұндай жағдайлар болды. Мысалы, зорлық-зомбылыққа шақыратын және тағы сол сияқты кітаптар. Мен бұны түсінемін. Бірақ, осы аталған жағдайда аутор Қазақстандағы шындық жағдайды айтып отырмын дейді. Сол себепті біз оның кітабын басып шығаруға шешім қабылдадық.

– «Өкіл қайын атаның» ауторы, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Азаттық радиосына берген сұхбатында «Ибера» баспасымен ынтымақтаса отырып өз кітабын компакт-дискілер мен флеш-дискілерде және т.б. басып шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Олар қашан дайын болады?

– Иә, біз бұл кітапты компакт-дискілерде және флеш-дискілерде шығаруды жоспарлап отырмыз. Бірақ, дәл қазір мен бұл материалдардың шығатын мерзімін айта алмаймын. Олар әзірге даяр емес. Сіздер бұл жайында олар сатылымға шыққан кезде білетін боласыз.

– Стробеле мырза, әңгімеңіз үшін сізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG