Accessibility links

«Өкіл қайын ата» кітабына салынған тыйым


"Өкіл қайын ата" кітабының сыртқы мұқабасы.

"Өкіл қайын ата" кітабының сыртқы мұқабасы.

«Өкіл қайын ата» кітабы жарыққа шығысымен-ақ қылмыстық қудалаудың нысанасына айналды. Рахат Әлиев бұл әрекет кітаптың шынайылығын биліктің мойындағанын білдіреді дейді. Ал, сарапшы кітаптың мазмұнын айтуға тыйым салуымен билік сөз бостандығын шектеді дейді.

ПРОКУРОРДЫҢ ӨЗІ КІТАПТЫ ОҚЫМАҒАН, ӨЗГЕЛЕРГЕ ДЕ ОҚЫМАУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ

Бас прокуратура Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабының шығуына байланысты «қызметтік бабын немесе астыртын ақпарат алудың арнайы техникалық құралдарын пайдалана отырып, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошталық, телеграфтық және басқа да хабарлама құпиясын заңсыз жария қылу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Кітаптың Еуропада жарық көргеніне 10 күн өтіп, интернет-дүкендерде сатыла бастаған кезде Ақорда, міне, осындай сыртқы шара қолдануға кірісті.

«Бұл кітап қазір біз үшін заттай айғақ болып отыр», - деді Алматы прокурорының орынбасары Бағбан Тәйімбетов ҚазТАГ тілшісіне сәрсенбі, мамырдың 20-сы күні. Бұған қоса, ол Алматы прокуратурасына аталмыш іс бойынша «Республика» мен «Взгляд» тәуелсіз газеттерінің бас редакторлары шақырылып, оларға даулы кітаптың мазмұнын жарияламауға нұсқау берілгенін жеткізді.

«Біз оларға заңды түсіндіріп, Рахат Әлиев кітабының шығуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айттық», - деп жалғастырды Алматы прокурорының орынбасары Тәйімбетов. Сондай-ақ, ол газет редакторларын Бас прокуратураның әрекеті “ешқандай да сөз бостандығын шектеу емес, тек қылмыстық іс жүргізу кодексінің сақталуын қамтамасыз ету ғана” деп сендіруге тырысты.

Ал, «Республика» газетінің өзі тура сол күні, 20-сыншы мамырда, Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабынан ақпарат жариялаған жағдайда тәуелсіз газеттердің қылмыстық жауаптылыққа тартылатыны жөнінде газеттің бас редакторы Гузяль Баялинованың ескерту алғанын хабарлады.

Осы бір ызбарлы сәрсенбіде прокуратураға «Взгляд» тәуелсіз газетінің бас редакторы Игорь Винявский де шақырылды. Екі медиа-менеджер прокурорға кірудің кезегінде бір-бірімен соқтығысып қала жаздаған, сөйтсе, сескендіру үшін екеуін де бір уақытқа шақырған екен. Шамасы, ол уақытқа сол екеуін ғана таңдап алған секілді.

ТӘУЕЛСІЗ БАСПАСӨЗГЕ «ӨКІЛ ҚАЙЫН АТА» ТУРАЛЫ ЖАЗУҒА БОЛМАЙДЫ

Бас прокуратураның атынан заң түсіндіріліп, «Республика» және «Взгляд» газеттерінің бас редакторларына «Өкіл қайын ата» кітабының шығуына байланысты қылмыстық іс қозғалғандығы айтылып, яғни, даулы кітаптың ақапараттарын «үсті-үстіне жариялап», тергеуге кедергі келтірмеңдер деп ашық айтылған.

«Кітап қылмыстық іске негіз болып табылады», — делінген Ақордадан жеткен қағазда. Бірақ ескертпе-хат редакторлардың қолына берілмеген. Заң түсіндірілген мәтінмен танысқандарын айғақтау үшін хатқа олардың қолдарын қойдырып алған. Одан соң ескертпе - хат прокурор үстелінің шаң басқан жәшігіне сүңгітілген.

«Бас прокуратура әлгі кітаптан алып, ақпарат таратқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке жеке де, заңды да тұлғалар тартылатынын ескертеді», - деп жазады «Республика» газеті Live journal деген бүкіләлемдік блог-порталының бетіндегі өз парақшасында. Газет Қазақстандағы көптеген кедергілер мен хакерлік шабуылдарға байланысты өз мақалаларын интернетте осы порталда жариялап келеді.

«Республика» газеті редакторының «ең болмаса кітаптың жарыққа шыққандығы туралы хабар беруге бола ма?» деген сұрағына Алматы прокурорының орынбасары: «Ақпараттық хабарлама ештеңе етпейді, бастысы — кітаптан ақпараттар жариялауға болмайды», - деп жауап берген.

«Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский Азаттық радиосына берген түсіндірмесінде, өзі тіпті, «Өкіл қайын ата» кітабының мазмұнын білмейтінін, ендеше, ол кітапта келтірілген дәйектерді жариялай алмайтынын немесе тарауларын, мәтінінің ірі-ірі бөліктерін көшіріп те баса алмайтынын айтты.

Әңгімеге өзек болып отырған атышулы кітап Еуропаның бірен-саран интернет-дүкендерінде, Австрия және Германия секілді Еуропаның кейбір елдеріндегі кітап дүкендерінде сатылады. Қазақстанда бұл кітап сатылмайды, интернетке не баспаның өзі, не жаңадан пайда болған жазушы Рахат Әлиев кітаптың электронды нұсқасын салмаған.

«Кітапты мен оқыған жоқпын, ондай мүмкіндік жоқ. Бас прокуратурадағылар, шамасы, ендігі оқып шыққан болар. Ал, Рахат Әлиевтің өзі кітапта мемлекет басшысының төңірегіндегі және Назарбаевтың өз басындағы құпияларды ашамын деп ескерткен еді ғой», - дейді Игорь Винявский.

«Республика» газеті тура сол күні өз наразылығын білдіріп, ҰҚК мен Бас прокуратураға үш сауал жолдады, солардың екеуі Азаттық радиосының редакциясы үшін де қызықты:

- Неге «Өкіл қайын ата» кітабындағы онсыз да кеңінен таралып жатқан ақпаратты жариялауға болмайды?

- Прокуратура тарапынан салынған бұл тыйым Конституцияның 20-сыншы бабымен сәйкес келе қояр ма екен? Ол бапта былай делінген: «Заң бойынша тыйым салынбаған кез келген тәсілмен емін-еркін ақпарат алуға және таратуға әркім де құқылы».

Өкінішке қарай, сол күні прокурорлық мәліметтер Қазақстанның тек белгілі бір бұқаралық ақпарат құралдары үшін ғана ашық болды. Азаттық радиосының журналистеріне Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Ермек Рахымбаев «Рахат Әлиевке қарсы жаңа қылмыстық істің қозғалғаны туралы ештеңе білмейтінін» айтты.

Сондай-ақ, біздің радиоға Бас прокуратураның баспасөз қызметінің жетекшісі Сәулебек Жамкенұлы да тура осылай деп жауап берді. Алматы прокурорының орынбасары Бағбан Тәйімбетов орнынан таптырмады.

Ал, Бас прокурор Қайрат Мәми, оның көмекшілерінің сөзінше, 20-сыншы мамыр, сәрсенбінің екінші жартысын Ақордадағы мәжілісте өткізген.

РАХАТ ӘЛИЕВ ПРОКУРАТУРА ТАРАПЫНАН ЖАСАЛЫНҒАН ЖАРНАМАҒА РИЗА

Осылайша, біздің тілшілерге кітап ауторының өзі - Рахат Әлиевпен және жекелеген сарапшылармен тілдесуе тура келді. Қазақстан Жоғарғы Соты қылмыстық істер алқасының бұрынғы төрағасы, беделді қазақ заңгерлерінің бірі Өтеген Ыхсанов Азаттық радиосына берген сұхбатында Алматы прокуратурасының бұл әрекеті заңдылыққа қайшы екендігін, әуелі құжаттың өзін, демек ескертпе мәтінін редакторлардың қолына ұстату керектігін айтты. Мүмкін, редакторлар прокурордың ескертпесін даулы деп тауып, сотқа жүгінгілері келетін шығар? Ал қолдарында қағаз жоқ болса, сотқа да қайрыла алмайды.

Өтеген Ыхсановтың айтуынша, заңға түсіндірме беруге прокуратура құзырлы да міндетті, оның үстіне, «Мемлекеттік құпия және мемлекеттік жабық мәліметтер туралы» заңдағы құпия мәліметтер тізімі өте үлкен. Мәселен, президенттің еңбекақысын, әскер санын жария қылуға болмайды. «Тіпті, бірінші ханым Сара Алпысқызының түшкіріп қойғанын да баспасөзге жазуға болмайды», - дейді заңгер.

Ал, «Өкіл қайын ата» кітабы тура сондай мәліметтерге толы. Кітапта президент Назарбаевтың еңбекақысы, денсаулығы және терең интимдік сырлары, оның нағыз болмысы жайында айтылады. Қорғаныс министрлігі әскерлерінің, ішкі әскерлердің, т.б. орналасу реті көрсетіледі. ҰҚК-нің Еуропадағы қайсыбір резиденттерінің тізімі бар, олардың есімдері, лақап аттары, дипломатиялық лауазымы мен әскери шені туралы да мәліметтер бар. Мұндайда не істеуге болады?

Заңгер Өтеген Ыхсановтың айтуы бойынша, ондай жағдайда прокуратура редакторларға нақты қандай, қай тараудағы, қай беттегі мәліметтерді жариялауға болмайтынын айтуға тиіс еді.

Редактор Игорь Винявскийдің сөзіне қарағанда, прокуратура оны істемеген, тек кітаптың шыққанын ғана айтып, тұтасымен бүкіл кітаптың мазмұнына жоламауды ескерткен.

Ал, қылқаламның әзірге таныла қоймаған шебері Рахат Әлиевтің өзі ше? Неге ол саяси қанағаттанушылықтың соңынан кетіп, құпияларды ашып салды, әскерлердің қай жерлерде орналасқанын көрсеткен, антын бұзған, былайша айтқанда неге ол генерал Калугиннің тайғақ жолына түсті?

Бүгін Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев әскерлердің қай жерлерде орналасқандығы туралы мәліметтерді әскерге және басқа да арнаулы бөлімдерге азық-түлік пен басқа да керек-жарақ сатып алуға тендер жариялау туралы хабарлама берілетін Мемлекеттік мүлік комитетінің сайты арқылы табуға болатынын айтты.

Рахат Әлиевтің өз басы Бас прокуратураның әрекеті кітапта шындық жазылғанын Ақорданың мойындағанын білдіреді дегенді айтады.

«Осы тұста қазақы цензураның тағы бір туындысы пайда болды, прокуратура өкілі ҚазТАГ агенттігіне кітапты оқымағанын, бірақ іс қозғағанын айтты. Егер олар кітапты оқымаған болса, онда қылмыстық іс қозғауға кім пәрмен берді? «Өкіл қайын ата» кітабындағы басты кейіпкердің өзі емес пе екен»?» - дейді Рахат Әлиев.

«Прокуратура, осылайша, кітапты Қазақстанға кіргізбеу үшін жалған негіз ойлап тапты. Әуежайда кітапты жеке адамдардың қолынан тартып ала алмайсың. Ал, іс қозғалса, тергеуді негізге алып, құпиялылықты желеу етумен әуежайда, темір жол бекетінде, жолаушылардан кітапты тәркілеуге, пошталардан алуға жол ашылады», - дейді деректі шығармасының кең оқырманға жаппай таралу жолына алаңдаған беллетрист Рахат Әлиев.

Кітап шындығында пиардың саяси контржарнама және өзін жарнамалау ережелерімен жазылған. Рахат онда өзінің бейнесін барынша жарқын да жағымды етіп сипаттаған. Мысалға Рахат «елден шығу визасын жоюға бар күшімді салдым және қашан да биліктің авторитаризм деңгейіне түсіп кетуіне қарсы болған едім» деген сияқтыларды жазған.

ПРОКУРОРДЫҢ БАЙБАЛАМЫ ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНЕ ТАҒЫ ДА НАЗАР АУДАРТАДЫ

Қап-қара мұқабалы 540 беттік кірпіш кітаптың жарық көргеніне он күн өткенде Қазақстандағы билік оның алдына шлагбаум қоя қойды. Енді прокуратура көп ұзамай істі сотқа жөнелтеді және Рахат Әлиев тағы да сырттай жауапқа тартылады.

Ал, қаскөйдің тәубеге келуге асығатын түрі жоқ. Рахат Әлиев өз кітабында билік демократиялық әлемнен жабық ұстап отырған Қазақстанды әлемге ашып беруді мақсат еткенін айтады. «Қай жерде, қай өркениетті елде мемлекет басшысының табысы, еңбекақысы туралы мәліметті жариялауға тыйым салады? Біз салық төлейміз, Назарбаев халықтың ақшасымен тақта отыр, одан ақшаны қайда жұмсап жатырсың деп сұрай алады», - дейді президенттің бұрынғы күйеу баласы, ал қазіргі ең қатал сыншысы.

Заңгер Өтеген Ыхсанов мемлекеттік құпия туралы Қазақстандағы заңдар расымен-ақ өте қатаң дейді. Ашық күйінде қалып келген және халықтың сынына ұшырауы мүмкін соңғы мәлімет «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті туралы» заңының негізінде құпияланды. Ұлттық қауіпсіздікті сылтау еткен осындай құпиялау легін ресми түрде тек Конституциялық кеңес тоқтата алады. Бірақ, ондай бастаманы көтеруге тек парламент депутаттары ғана, оның өзінде кем дегенде он депутат бірауызды болғанда ғана мәселе көтеруге құқылы.

Бірақ Қазақстанның кезекті қалтырауық парламентінен ондай депутаттарды табу қиын болар. Бірауыздан бастама көтеретін он депутатты дегеніміз ғой.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG