Accessibility links

Шындық іздеуші романтиктер кезеңі алты жыл бұрын Әркен Уақпен бірге кеткен


Әркен Уақ, Совет өкіметі ұлтшыл, бүлікшіл деп 8 жылға соттаған диссидент, ғалым.

Әркен Уақ, Совет өкіметі ұлтшыл, бүлікшіл деп 8 жылға соттаған диссидент, ғалым.

Диссидент Әркен Уақтың дүниеден озғанына 6 жыл өтті. Өмірінің соңына дейін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығы мен құпияларын ашу үшін күресіп өткен ол, кінәлі адамдар әлі жазасын алған жоқ деген қалпы бақилық болды.

Әркен Уақ — Желтоқсан оқиғасына қатысушы, Колыма тұтқыны, ғалым, оқытушы. Біз оның билікпен екі арадағы қарым-қатынасын сөз етейік деп отырған жоқпыз. Ол турасында жеткілікті түрде жазылып келеді. Бұл жолы адам тағдырының құбылмалылығы жөнінде сөз қозғап, Әркен Уақтың тұлғалық келбетін ашатын өмірлік белестері жайлы әңгімелегіміз келді. Ал, оның кім болғанын, қандай адам екенін оқырман қауым өзі бағаласын. Оның орнында өзі болса не істер еді, соны елестетіп көрсін.

Сонымен, алдарыңызда көзі тірісінде Әркен Уақтың өзі әңгімелеген және оның жары Тоқтар Рахметова толықтырған әлгі оқиғалар.

БІРІНШІ ОҚИҒА. ЖАЛАҚОРМЕН ЕСЕП АЙЫРЫСУ

1987 жылдың жазында Алматы сәулет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақты “Желтоқсанды ұйымдастырушылардың бірі әрі әсіреұлтшыл” ретінде соттау үшін қажет негізгі бір тапсырма болды: жұмыс орнынан қоғамдық айыптаушыны табу және айыптау куәгерлерін барынша көбейту.

Қоғамдық айыптаушы көпке дейін табылмады, көп адамды үгіттеп көргенімен, бірақ ол рольді ешкім алғысы келмеді. Себебі, Әркен Уақтың парасатты, білімді адам, білікті педагог әрі дарынды ғалым екенін бәрі білетін. Десе де, қоғамдық айыптаушының роліне бір адам табыла кетті. Айыптаушы куәгерлердің де қарасы көбейді.

Оларды мұндай қараулыққа институт басшылығының итермелеп отырғаны бәріне түсінікті еді. Олардың әрқайсысында бір-бір кінәрат бар, соны жуып-шаю үшін келіспеске амалдары қалмады. Бірақ, қай-қайсысы болсын, сотта ұлтшыл деп айғақ бергенімен Әркен Уақтың мықты оқытушы, дарынды ғалым екенін мойындап жатты.

Және де институт басшылығының қарсылығына қарамастан ерікті түрде Әркен Уақты қорғау міндетін мойынына алғандар да болды. Олар доцент Валерий Каро-Мадэ, доцент Шәміл Омаров және аға оқытушы Нинель Фокина еді. Олар қорғаушы тарапының куәгерлері ретінде айғақ берді.

Соттан кейін олардың соңынан қуғындаушылық басталып, “бұларға жастар тәрбиесін сеніп тапсыруға бола ма” деген мәселемен Жоғары білім министрлігінің алдына тартылған жеке ұйғарымдар шұбады.

Сотта қоғамдық айыптаушы мінберге тұрып, айғақ берейін деп жатқанда Әркен Уақ пен адвокаты Григорий Кармановский оның процестен шығарылуын талап етеді. Өйткені, Әркен Уақты айыптауға келген әлгі куәгер жуырда ғана пара алғаны үшін және өрескел қылықтары үшін жұмыстан босатылған еді. Сот қоғамдық айыптаушының жеке ісін алдырғанда айтылған деректер расқа шығады.

Кейіннен белгілі болғандай, бұл адамға Әркен Уаққа қарсы айыптау айтқаны үшін босаған жұмысына қайта алдыру уәде етілген екен. Сотта Әркен Уақ айналасына ер мінезділіктің үлгісін көрсетті. Ал, өзін өзі кәсіби деңгейде қорғауы тіпті адвокатының өзін таңдандырған. Әркен Уақ мемлекеттік айыптаушыларды әбден састырды. Кейбір тұстарында қорғанған жоқ, керісінше шабуылдады. Оның келтірген дәлелдеріне айыптаушылардың өздері не дерін білмей қалып жатты.

Бірақ, тапсырыспен жұмыс істеген соттың соңы немен тынары алдын ала анықталып қойған. Оңды-солды қаралауға бекінген айыптаушылар Әркен Уақ ауыл балаларына қазақ тілінде сабақ түсіндірді дегендей мағынасыз деректерді де алға тартты. Қала қазақтарынан ана тілін білетінін-білмейтінін сұраған тұстарын сот “асқынған ұлтшылдық” деп бағалап отырды. Бұған да арнайы куәгер тауып қойған.

Айыптаулардың бір де бірі дәлелденбесе де “ұлтшыл және бүлік ұйымдастырушы” деген таңбамен Әркен Уақты қатаң режимге 8 жылға соттады.

Сот үкімін естіген сәттегі Әркен Уақты қазірде алматылық Хельсинки комитетін басқаратын Нинель Фокина былай сипаттайды:

«Әркен Уақтың ақталатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Қорғаушылар тіпті сенімді болды. Бірақ, үкім оқылған кезде Әркен Уақтың оны қалай қарсы алғаны мені қайран қалдырды. Бет-жүзінде бір де бір тыжырыну байқалмады, тек бозарып кетті. Еш әлсіздік көрсеткен жоқ, керісінше, одан ішкі күштің алауы екпіндеп тұрды. Әркеннің мығым тұрысы туыс-туғандарына да күш берді де, ешкім жыламады, у-шу болған жоқ. Судья басын көтерместен үкімді оқып шығып, қызарған қалпы залдан шыққанша асықты».

Айыптаушының тарапында Әркен Уақпен өмірінде бас изеп амандасқаны болмаса сөйлесіп көрмеген куәгер де болды. Оның сотта пайда болуы Әркен Уақты қатты таңғалдырды.

Жылдар өте келе, 1995 жылы маған осы оқиғаны әңгімелеу барысында Әркен Уақ әділетсіздікті айтып күйінген еді:

– Жұмыста мен онымен бетпе-бет келген емеспін, достығым да, қастығым да жоқ, сөйлескен де емеспін. Жалпы, ол басқа кафедрадан болатын. Ұшырасқанда үнемі жылы жымиып, білім-парасаттың иесі боп бағатын. Ал, сотта шығып алып неше түрліні сарнады. Ол баяғыдан бері мені аңдып жүр екен-мыс. Жөні түзу азаматтар арасында мендейлерге орын жоқ дегендей небір масқараушылықты жаудырды.

Сот үкімі бойынша жазалау мерзімін Колымада өтеп жатқан Әркен Уақ жиі-жиі әлгі куәгерді есіне алып, жұдырығын түйіп қоятын. Бірақ, Әркен Уақ тікенек сымның қоршауында, ал жалақор әріптесі бостандықта өмірдің қызығын кешіп жатты. Жамандықтың қайтарымы болмайтындай боп көрінді. Бірақ, бұлай ойлаған Әркен Уақ та, оның әріптесі де қателескен екен.

Үш жыл өткенде “бұлтартпау шаралары тоқтатылды” деген ұйғарыммен Әркен Уақ босатылады. Сол кезде бір жыл бойы Әркен ешқайда кетпеу қолхатымен үйде тұрды. Зәредей заң бұзушылық жасаса болды, 4 жылға қайтадан түрмеге түсуі мүмкін еді. Бірақ, ол бекітілген ережелерді қасақана да, байқаусыз да бұзып отырды.

Бір күні ол ұлын шығарып салуға әуежайға барады. Рейсті күтіп, залда жүреді. Бір кезде, мәссаған, мынаның жүзі таныс қой! Сөйтсе, алып-ұшып келе жатқан баяғы ЖОО-ағы әріптесі. Екі қолы алда, миығында өтірік күлкі, жүзінде көлгірсу. Әркен оның қолын алмады, мықтап тұрып жағасынан ұстап, тіземен періп қалды. Ауыр соққы көзінен жасын ыршытып, белін бүгілдірді. Сол мезетті пайдаланған Әркен жұдырықпен мұрнынан соқты. Аяғы жаман болатынын түсінген жалақор қанға боялған мұрнын басып келген жағына қарай қашты.

Басында түкке түсінбей аңырып сәл тұрған Әркен Уақтың ұлы бөгемегенде ызалы әке соққыларының арты жамандыққа ұласар еді. Әркен Уақ бұрынғы әріптесін әуежайдың ортасында, төбелесті көріп жинала бастаған дүйім жұрттың алдында өлтіріп тастар еді.

Ол қаша жөнелгенде де Әркен Уақ ұлының бөгегеніне қарамастан жалақорды артынан теуіп үлгереді.

Өзінің сол сәттегі айрықша сезімі жайында Әркен Уақ бұдан 14 жыл бұрын былай деп еске алған еді:

– Тұмсық бұзудан ондай ләззәт алып көрген емеспін. Осы күнді 4 жылға жуық армандадым. Әрине, ол милицияға арызданатын болса мені тұтқындап, қайтадан түрмеге аттандыратын еді. Бірақ, сол мезетте маған бәрібір еді. Екі көзім алдымдағы сұрқиядан өзгені көрмеді, бар ойым соны итше тепкілеу болды. Сол күні мен көп жылдан кейін бірінші рет сәби ұқсап алаңсыз ұйықтадым.

Сот отырысында Әркен Уақты жаланың астында қалдырған өзге қоғамдық айыптаушы кездейсоқ ұшырасуды күтпей-ақ, Әркеннің досы Валерий Каро-Мадэ арқылы сәлемдеме жолдап, қатты өкінетінін және кешірім өтінетінін жеткізеді. Табиғатында мәрт адам болғасын Әркен оны кешіреді.

Тоқтар Рахметова ешқайда кетпеу туралы қолхаты бар адам жағдайында жүрген кездегі күйеуінің мінез-құлқы жайында былайша әңгімеледі:

– Әркеннің мінезі мінез-ақ еді. Жыл бойына бірде-бір рет милицияға барып белгіленбеді. Негізінде ол ай сайын барып, ешқайда кетпегенін баяндап тұруы керек болатын. Мен жары және балаларының анасы болған соң тағы да шара қолданып жүрер деген оймен барып тұруына итермелеп көргенімде қатқыл жауап беретін: “Кетсінші бәрі, түкірдім оларға, не істесе ол істесін”. Милиционерлер үндемей-ақ өздері белгілеп тұрды, оны мазаламады. Бірақ, ылғи басқан ізін аңдып отырды.

ЕКІНШІ ОҚИҒА. РАҚЫМШЫЛЫҚ НЕМЕСЕ ҚАСТАНДЫҚ

Әркен Уақ Колымадағы қатаң режимді зонада жазасының үшінші жылын өтеп жатты. Елдегі жағдай қатты өзгерген, қайта құру қарқын алған тұс. КСРО Жоғарғы Советінің депутаты Мұхтар Шахановтың Желтоқсан оқиғасы бойынша комиссия құрған кезі. Тұңғыш қазақстандық адам құқықтарын қорғаушылар пайда болып, Желтоқсанға қатысты істерді қайта қарауды талап етіп жатқан шағы.

Олар көп ұзамай-ақ жетістікке қол жеткізді. Әркен Уақ та рақымшылыққа ілігіп, оған үйіне қайтуға мұрсат берді. Алайда, сол тұста күтпеген жағдай болды. Яғни, Әркен Уақ рақымшылық құжаттарына қол қоюдан, зонаны тастап шығудан бас тартты. Ол өзін толық ақтауды талап етті. Қорғаушылардың да, зона басшылығының да үгіттеуіне көнбеді.

Араға уақыт салып Әркен Уаққа екінші рет рақымшылық берілді, бірақ ол тағы да көздегенінен танбады.

Жаза өтеушілердің арасында Әркен Уақ беделді де сыйлы болды, ал зона басшылығы о бастан оны жақтырмады, әсіреұлтшыл, орысты жек көреді деген жалған айыптауға сеніп, оған қай жағынан келерлерін білмеді.

Әркен Уақ зонадағы монша-кір жуу шаруашылығының меңгерушісі болды. Бұл орынды түрмедегі қылмыс әлемі мықтыларының бірі - қапқаздық «пахан» табыстап кеткен еді. Ол кетерінде Әркенге ешкімнің тиіспеуін және оның орнына ешкімнің таласпауын өсиеттеп кетіпті. Түрмедегілер (олардың арасында кәнігі баскесерлер де бар) онсыз да өзін өзі ұстауына, мінез-құлқына қарап Әркеннің білімділігін, екінің бірі еместігін аңғарған. Бірақ Әркен парасаттылығы мен 57-ге келген жасына қарамастан, керек болса жақсылап тұрып аяқ-қолын сілтеп жіберуге де қауқарлы еді.

Сол себепті бастапқыда дұшпандары (зона басшылығының қитұрқы жұмыстарын атқарып, күнелтіп жүргендер) бар болса да, көп ұзамай жаза өтеушілердің көбісі оған тәуелді боп қалды.

Жаза өтеушілердің көбісі сауатсыздықтан істің қайта қаралуына, жазаның жеңілдетілуіне қол жеткізе алмайтын. Олардың ішінде шын мәнінде жазаны жеңілдететін жайттары барлары, тергеу қатесінің кесірінен сотталғандары жетіп артылатын.

Міне соларға Әркен Уақ шағым жазуға жәрдемдесе бастады. Ол әрбір істі мұқият зерттеп, негізді де дәлелді хат жазғанда зона басшылығы, Жоғарғы сот, Бас прокуратура жауап таба алмай қиналатын. Шағымдар барлық партия мен құқық органдарына қардай борады. Шағымдардан миы ашыған зона бастығы Әркен Уақты өзіне шақыртып алып, жалынғандай болды:

– Сіз келгелі бас ауруымыз еселеніп кетті. Шағымдар лек-легімен түсуде. Комиссия бірінен соң бірі келуде. Сізден сұрайтыным, жаза өтеушілерге шағым жазуға көмектесуді доғарыңыз. Жазғылары келсе өздері жазсын. Сіздің не шаруаңыз бар?

Бұған Әркен Уақ былай деп жауап берді:

– Мен тергеу жіберген қателерді түзетуге тырысамын.

– Тергеудің қате жіберген-жібермегенін сіз қайдан білесіз, тергеушісіз бе, прокурорсыз ба?

– Мен оны білемін. Сот төрелігі жіберген қатенің бірі алдыңызда тұр.

Сол кезде зона бастығы астарында қорқыту пиғылы бар сөз тастады:

– Мен сіздің орныңызда болсам, рақымшылықты пайдаланып, үйге қайтып кетер едім. Өзіңіздің қамыңыз ғой, мұнда жүре беру жақсылыққа апармайды.

Әркен Уақ бұл сөздің астарын аңғарып қалады. Бірде көңіліндегі мазасыздықты байқаған баукеспе ұры Әркен Уаққа келіп бір қызметіне жарайтынын жеткізеді: бастықтың сейфінен жеке ісін ұрлап әкеп бере алатынын айтады. Бұл істі өте қауіпті санаған Әркен Уақ одан бас тартады. Бірақ ұры шаруаны дымын шығармай тындыратынын айтып қоймай қояды.

Әркен Уақ адам танитын, әлгі ұрыға сенетін. Оның үстіне ұры мұны қатты сыйлайтын әрі арандатушылықтан алдын ала хабардар етіп отыратын, сөз тасушыны анықтайтын.

Екі күн өткенде ұры Әркеннің қылмыстық ісін әкеп берді. Әркен Уақ өз ісін оқып шыққанда қатты қуанды, себебі қапы қалдыруы мүмкін деректермен танысты.

Істің тура жолдама хатында “Жойылуға тиіс” деген әлдекімнің жазуы бар екен. Тағы екі күннен соң Әркен Уақтың жеке хабаршысы тосын жаңалық жеткізеді. Оның айтуынша, енді екі күннен кейін Әркеннің орнын өзге бір жаза өтеушіге беріп, Әркенді өнеркәсіптік зонаға көшіреді де, сонда ол “аңдаусызда ажал құшатын” боп жоспарлануда: басына бөрене құлап кетеді немесе өзі биіктен құлап кетеді дегендей.

Сол күні Әркен Уақ бұл жайында біраздан бері досына айналған абақтыдағы дәрігерге хабарлайды. Сонымен қатар онда астрахандық бір қазақ қызы медбике болып жұмыс істейтін. Әркен дегенде жанын аямайтын әлгі медбике өзінің орыс күйеуімен бірге талай көмегін көрсеткен. Ғалым Әркен Уаққа өлім қаупі төніп тұрғанын ұққан дәрігер оның қолдан қан қысымын көтеріп, шұғыл түрде лазаретке жатқызады.

Сол түні-ақ Әркен Уақ өзіне қастандық ойластырып жатқаны жайында Алматыдағы досы Валерий Каро-Мадэге хат жазады. Досы заматында Нинель Фокинамен байланысқа шығып, екеуі бірлесіп депутаттар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановқа хабар жеткізеді. Олар Мәскеу мен Қазақстандағы түрлі мекеме-орындарға 49 телеграмма жөнелтеді – Михаил Горбачевтан бастап Андрей Сахаровқа дейін.

Мұнан кейін не болғанын Әркен Уақтың жары ұзағынан әңгімелеп берер еді, бірақ біз бір көрініспен шектелейік. Екі-үш күн өткенде Әркенді өзіне шақыртып алған Колымадағы зона бастығы өз қолымен қант салған шәй ұсына отырып, жыламсырағандай кейіпте:

– Әркен Баталұлы, оныңыз не? Сіз мені бүкіл Одаққа масқара қылдыңыз ғой. Ант ішейін, біз сізге қарсы ештеңе ұйымдастырайын деп жүрген жоқпыз. Сізден сұрайтыным, ендігәрі олай істемеңізші! Сіздің ісіңіз бойынша қырықтан астам сұрау түсті. Мен енді қалай жұмыс істеймін?

Содан кейін Әркен Уақ түрмеде қанша отырса да оған ешкімнің қол ұшын тигізе алмайтынына сенімді болып алды. Ол өлімнен қорыққан жоқ, бірақ үйге тірі оралуды міндет санады. Өйткені алда үлкен істер күтіп тұрды, есеп айырысатын жеке дұшпандарды былай қойғанда, әділеттілікке қол жеткізу парыз еді.

ҮШІНШІ ОҚИҒА. ҚАРАУЫЛ-ДУБАК

Зонада барлық жаза өтеушілер иттің етінен жек көретін бір қарауыл-қадағалаушы болған. Оны Әркен Уақ та жек көрді. Қарауыл өте жағымсыз, аса зұлым және ұсақ адам еді. Білімді, парасатты Әркен Уақты ол да жек көретін. Қит етсе тергеп-тексеріп, тырнақ астынан кір іздеп, үстінен басшылыққа арыз түсіріп тұратын.

Түрмедегілер қарауылға көзіне қарап «дубак» деген айдар тағып қойған. Ондай қорлықы айдар зонадағы ең сорақы қадағалаушыға тағылатын.

Ол уақыт баспасөздің абақтыдағы жағдайды қозғап, жаза өтеушілердің шектен тыс жауыздық көретіндерін көп сынап жатқан кезеңі еді. Ал, әлгі дубак қорлық көрсетуін доғармаған. Оның көзін жоюдың амалы да бір табылмады. Осы қызылкөзден құтылудың амалын тапқан адам болса көптің алғысын алып, үлкен беделге ие болатын еді.

Бір күні зонаға жергілікті ансамбль келіп, концерт қоятын болды. Концертті тамашалауға жергілікті тұрғындар да көптеп келді.

Бұл уақытта Әркен Уақ кітапханада болатын: оны әлгіндей іс-шаралар қызықтырмайтын. Кітапханаға бас сұққан дубак онда отырған екі жаза өтеушіні көреді. Бірақ ол әлгі екеудің біріне ғана, яғни Әркенге ғана тап беріп, тура бір қылмыс үстінде ұстағандай болып, балағаттай бастайды.

Оны тыныштандырайын деген оймен Әркен Уақ жанына барғанда одан сайын өршелене түскен қарауыл әлдене ұстаған қолымен есікті нұсқайды. Әркен Уақ бір қолымен есікті ашып, екінші қолымен қарауылдың қолынан ұстап сыртқа сүйрей жөнеледі.

Сыртта тұрған жұрт жалт қарағанда қарауыл қолындағысымен сабағандай, ал Әркен Уақ қашып шыққандай боп көріне кетеді. Жұрт деп отырғаным – концерт көруге жиналған жергілікті тұрғындар. Көпшіліктің қарап тұрғанын пайдалана кеткен Әркен Уақ сол жерде айғай салады:

– Сендер бізді қорлағанды қашан қоясыңдар?! Халайық, қараңдар бұлар адамды осылай ұрады! Не істедік біз сендерге? Біз де адамбыз ғой!..

Содан үлкен шу көтеріледі. Зона басшылығы онсыз да үстінен көп шағым түсіп жүрген қарауылды айтқан уәжіне құлақ аспастан жұмыстан шығарып жібереді.

Соның арқасында Әркен Уақтың беделі түрмеде отырғандардың арасында одан сайын арта түседі. Түрмедегі ұғым бойынша, зұлым қадағалаушыға жасалған мұндай іс ерлікке барабар, өйткені бұл өте қауіпті іс.

Желтоқсан оқиғасына қатысушы, ғалым Әркен Уақтың болмысын айқындауға қызмет ететін, әділетсіз сотталуынан басталған кішігірім үш оқиғасы осындай. Ержүрек, табанды және қайсар адамның оқиғасы бұл. Наурыздың бірінде оның өмірден өткеніне, ер және күрескер қалпында өткеніне 6 жыл толды.

Әркен Уақтың 1986 жылғы желтоқсаннан кейін Қазақстандағы қуғын-сүргіндер туралы жазған бұл кітабының тұтас таралымын баспадан шығысымен заң орындары тәркілеген еді.
2000 жылы Әркен Уақ "Материалы геноцида, организованного Н.А.Назарбаевым против казакхского народа в декабре 1986 года " деген кітабын жарыққа шығарды. Бірақ Әркен Уақтың өз қолына бұл кітаптың санаулы даналары ғана тиді, негізгі тиражын арнайы қызмет орындары уыстан шығармай қойған болатын. Кейіннен Әркен Уақ осы кітаптың "Геноцид" деп аталған жалғасын да жазып шықты, екінші кітап аутор дүниеден өткен соң жарық көрді, оның да бүкіл тиражы арнайы қызмет орындарының қолына түскен.

Әркен Уақтың кітаптары Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесі комиссиясының жарияланбаған материалдарына негізделіп жазылған. Осы комиссияның және бұдан кейін құрылған басқа да комиссиялардың жұмыстары
аяғына жеткізілмей тоқтатылып тасталған.

Қазіргі Қазақстандағы бірде-бір саяси партия 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын және одан кейінгі репрессиялық жазалауларды тергеп-тексеруді талап еткен емес. Әркен Уақтың бақилық болуымен бірге Қазақстандағы ақиқат іздеуші романтиктер мен шындық жолындағы жалғыз-жаяу күрескерлердің де уақыты келмеске кеткендей.

Ақтық демі үзілгенше Әркен Уақ Желтоқсан құпиясын ашу үшін күресті.

(Журналист Болат Рысқожа бұл мақаласында оқиғаларға қатысқан жекелеген адамдардың әңгімелерін негізіге алған. Аутордың ұстанымы Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG