Accessibility links

Күнкөріс қамымен қалаға қоныс аударатындардың құқығы арнайы заңмен қорғалуы керек


Суретте (солдан оңға): Орталық Азия даму институтының директоры А. Көшербаев, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Қожахметов және «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті Б.Төреғожина. Алматы, 24 ақпан 2009 ж.

Суретте (солдан оңға): Орталық Азия даму институтының директоры А. Көшербаев, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Қожахметов және «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті Б.Төреғожина. Алматы, 24 ақпан 2009 ж.

Қазақстанда Еурокомиссияның қолдауымен ішкі мигранттардың мәселесімен айналысатын "Шаңырақ - біздің ортақ үйіміз!" атты жоба жұмысы басталды. Жоба жыл сайын қалаға ағылатын 300 мың мигранттың құқын қорғау шараларымен айналысатын болады.

«Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қоры және Орта Азиялық даму институттары бірігіп жүзеге асырғалы отырған жобаның мақсаты – ауылдық жерлерден көшіп келушілер құқының аяқ асты қалмауын қадағалау болмақ.

Екі жылға арналған жоба бойынша қалаға жұмыс іздеп келген немесе біржолата көшіп келіп жатқан азаматтарға жағдай жасау жоспарланған. Бұл мақсатқа Еурокомиссияның Қазақстандағы өкілдігі 296 мың еуро қаржы бөліп отыр.

«Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов бүгіннің өзінде республика бойынша 8 аймақта арнайы бөлімшелер жұмысқа қосылғандығын айтады.

– Сегіз аймақтағы ішкі мигранттардың жағдайымен танысып, оларға құқықтық кеңестер беріп, туындаған жағдайдан заң арқылы қалай шығу керектігін түсіндірмекпіз, - дейді Асылбек Қожахметов.

Сонымен қатар ол ауылдық жерден көшіп келушілерге деген көзқарастың жақсы еместігін айтады. Сол себепті, жобаға қатысушылар осы пікірді өзгертіп, олар да Қазақстанның тең құқылы азаматы екендігін дәлелдеп, қалалықтардың көздерін жеткізбек.

Осы ретте қыруар қаржыны ауыл тұрғындарының халін сол ауылдың өзінде-ақ түзеуге жұмсаған тиімдірек болмай ма, деген Азаттық тілшісінің сұрағына Асылбек Қожахметов былай деп жауап берді:

– Әрине, олай істеген тіптен тамаша болар еді. Республикадағы ауылды жерлерді дамыту бағдарламасының басты мақсаты да осы болатын, әйткенмен, бұл бағдарлама қазір мүлдем жұмыс істемейді. Тиісінше, ауылдың да жағдайы мәз емес. Әрине, ауылда жұмыс орындарын ашып, білім мен денсаулық саласын қолға алып, дамыту қажет-ақ. Алайда, белгісіз көптеген факторлар дәл қазір осы бағдарламаға тежеу болып тұр. Сондықтан ауылдан көшіп келіп жатқан азаматтар бар және де оларға қатысты мәселелер уақытылы шешілу керек.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина әдетте ауылдан қалаға келген адамдардың өз құқын білмейтінін айтады.

– Кез келген адам, әсіресе жаңа көшіп келген азамат өз мәселесін өзі ғана шешетін болса, ол әдетте пара беру немесе «аға-көке» іздеу сияқты жолдарды табады. Өйткені ол екі жаққа да тиімді. Дегенмен, бұл заңсыздықтың аяғы одан да үлкен проблемаларға алып келетіндігін әрдайым ұмытпаған абзал, сондықтан ішкі мигранттарды арнайы заңмен қорғаған дұрыс болар, – дейді ол.

Жобаны ұйымдастырушылар шара барысында мигранттар туралы заңға өзгеріс енгізуді талап етпекші. Ол арнайы заң бола ма, әлде бар заңның ішіне өзгертулер ене ме – ол жағы әзірге белгісіз. Ішкі мигранттар қалаға келгенде тіркелуі қажет, алайда тұрғылықты баспана болмаса, тіркеле алмайды. Тіркелмеген азаматты жұмысқа да қабылдамайды, әлеуметтік көмектерге де ілінбейді. Сондықтан, осы азаматтарға қатысты арнайы заң қабылданбаса, олар заңсыз жолмен күнін көруге мәжбүр болады дейді мамандар.

Жобаны жүзеге асырушы мамандар ішкі мигранттар мәселесін шешу барысында әлемдік тәжірибені саралағандарын айтады. Орталық Азия даму институтының директоры Алмас Көшербаевтың айтуынша, тарихта ең алғашқы терең дағдарыс екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болған. Әлем бойынша ішкі миграция мәселесі ушығып тұрған сол кезде осы мәселені шешудің екі жолы іске асқан екен. Бірі – американдық , екіншісі - еуропалық жол. Біріншісінде, өндірістердің тоқтамай жұмыс істеуі басты мақсат деп табылса, соңғысында адам – жеке тұлға ретінде басты назарға алынған.

– Біз еуропалық даму жолын таңдап отырмыз. Бұл жолда адам, азаматтың құқықтары басты назарға алынады. Әр азаматты жеке тұлға ретінде қарастырып, солармен жеке-жеке жұмыс атқарылуы керек деп ойлаймыз, – дейді Алмас Көшербаев.

Ресми статистикаға көз жүгіртер болсақ, жыл сайын ауылдан қалаларға 300 мың адам көшіп келіп жатады екен. Әрине, бұл солардың барлығы да қалада тұрақтап қалады деген сөз емес.

– Дегенмен, қалаға қоныс аударушылардың жағдайын бүгін жасамасақ, атышулы «Шаңырақ оқиғасы» алда тағы да қайталануы мүмкін екендігін естен шығармау керек, – дейді «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG