Accessibility links

Беғазы-Дәндібай мәдениеті мұраларының қазбалары Еуропаға жетелейді


Беғазы-Дәндібай қорымындағы мәдени ескерткіштер. Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы. 20 қыркүйек 2009 жыл.

Беғазы-Дәндібай қорымындағы мәдени ескерткіштер. Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы. 20 қыркүйек 2009 жыл.

Қазақстандағы ең маңызды тарихи ескерткіштердің бірі – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын зираттар реставрациялануда. Бір топ археолог-мамандар Беғазы тауларының етегінде қазақтың әйгілі ғалымы Әлкей Марғұланның аяқтай алмай кеткен жұмысын жалғастыруда.


БЕҒАЗЫ МӘДЕНИЕТІ ЕУРАЗИЯ ҚҰРЛЫҒЫНАН ТАМЫР ТАРТАДЫ

Бүкіл Еуразия аумағына тараған Беғазы-Дәндібай мәдениеті қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Осы мәдениеттің ескерткіштерін Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлкей Марғұлан ашқан болатын.

Ғалымның басшылығымен 1947-1952 жылдар аралығында Беғазы тауларының етегінде қазба жұмыстары жүргізілген. Алайда, содан кейін жарты ғасыр бойы әлемдік маңызға ие мәдени мұра қараусыз қалып қойды.

Осыдан бес жыл бұрын Алматыдағы археология институты және Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің мамандары «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында ежелгі зираттарды қалпына келтіру жұмыстарын бастады.

Беғазы-Дәндібай кезеңі, ғалым Әлкей Марғұланның зерттеулері бойынша, қола дәуірінің Нұра және Атасу кезеңдерінен кейінгі үшінші кезең. Оның олай аталу себебі, Қызыларай тауының етегіндегі Беғазы қорымы мен Қарағанды қаласы маңындағы Топар елдімекеніндегі су қоймасы астындағы Дәндібай ескерткіш қорымдарының бірлесуінен болып отыр.

Осыдан жарты ғасыр бұрын Әлкей Марғұлан жүргізген зерттеулер бойынша, Орталық Қазақстан аймағы мен Батыс Сібір жері Беғазы-
Сағындық Жауымбаев, Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, археолог. Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы. 20 қыркүйек 2009 жыл.
Дәндібай мәдениеті қамтыған жерлер деген болжам жасалса, бертіндері бұл мәдениеттің Еуразия құрлығын жайлағаны анықталды. Ғалым Сағындық Жауымбаевтың айтуынша, Беғазы-Дәндібай мәдениеті Еуропа жерлерінен Ауғанстан, Иранға дейін созылған.

– Бір жылдары Ақтоғай жеріне Германиядан археолог ғалымдар келіп, осы жерден табылған метал сынықтарын спектро-сараптаудан өткізген еді. Оның нәтижесі әлгі ғалымдарды таң қалдырды. Себебі, осы қорымдардан табылған метал сынықтарының түрі Еуропа жерлерінен табылған қолдан жасалған бұйымдардың металымен сәйкес болып шыққан. Сонымен қатар, ол жерден табылған қоладан жасалған бұйымдар (ыдыс-аяқ, шаруашылық құралдары) арнайы құрылғылардың көмегімен жасалған болса, орталық Қазақстан жерінен табылған металдан жасалған бұйымдар қолдан жасалынған. Сондықтан, Еуропа жерінен табылған бұйымдардан, қолдан жасалған Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қолтаңбасы анық көрініп тұрғанына неміс ғалымдарының көзі жетті, – дейді археолог ғалым Сағындық Жауымбаев.

Ғалымдардың айтуынша, Беғазы-Дәндібай қорымдарынан сондай-ақ Еуропа және Азия жерлеріндегі мәдениеттердің үлгісінде жасалған түрлі бұйымдар табылған. Бұдан жасалған болжам – Беғазы-Дәндібай дәуіріндегілер Азия мен Еуропаға жаугершілік жорықтар немесе сауда-саттық қатынастарын жиі жасаған.

Демек, бұл дәуірде осында өмір сүргендер сауда жасаса да, жаугершілік жорыққа шықса да өз беделін алысқа жүргізе алған дейді археологтар. Себебі, қандай қарым-қатынас болмасын, ат тұяғы әрең жететін жерлерге мәдениетін жеткізе алған сол кездегі қоғамның осал болмағаны деп тұжырымдайды ғалымдар.

Археологтардың тағы бір тоқтала кеткені, қорымдардағы зәулім тастардың асқан шеберлікпен қаланғандығы. Салмақтары орта есеппен 4-5 тоннаны құрайтын тастардың осы араға Қызыларай тауынан ғана жеткізілгені айдан анық. Ал ол жердегі таудағы тас шатқалдардан оны ойып алып жазық далаға жекізу үшін аз күш жұмсалмағаны көрініп тұр.

Демек, қола дәуірінің өз шырқау биігіне жеткен кезең деп ғалымдардың бағасын алған Беғазы-Дәндібай кезеңінде сол кездегі адамдардың күшті болғаны немесе олардың осындай салмақты құрайтын жүкті тиімді жолмен жеткізу жолдарын таба алғандығы деп бағалау ғана
Беғазы-Дәндібай қорымынан табылған мәдени ескерткіштер. Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы. 20 қыркүйек 2009 жыл.
қалады. Кейбір деректер бойынша, бұл жұмыстарға өгіз жегілген арба қолданылған деген болжам барын да ғалымдар жасырмайды.

Кейінгі уақытқа дейін ғалымдардың мазасын алып келген мәселе – қорымдардан шеберлікпен әшекейленіп жасалған бұйымдардың ғана табылуы. Оның үстіне ол бұйымдар асқан шеберлікпен гранитті тастардан қаланған мавзолейлерден табылған.

Бертін келе қорымдар маңынан анықталған қарапайым ескі зираттардан әшекейлі ою-өрнектері аз, бірақ сол дәуірдің үлгісінде жасалған бұйымдар табылды. Бұл, сол кезде-ақ қоғамның элиталы тап, яғни ру басы, қол басы және қарапайым кедей-кепшік пен жұмысшы қауымға бөлінгеніне ғалымдардың көзін жеткізді.

БОЛАШАҚТА АСПАН АСТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙЛАР АШЫЛАДЫ

Мәдени мұра бағдарламасы бойынша Беғазы-Дәндібай қорымындағы реставрациялық жұмыстарды Алматы археологиялық институтының археолог мамандары атқарып жатыр.

Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың бөлім меңгерушісі Арман Бейсеновтің айтуынша, реставрация жасаудағы басты мақсат – болашақта Беғазы-Дәндібай қорымдарымен қоса Қарқараладағы Кент, Апат пен Баянауыл жерлеріндегі тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру арқылы халықтың мәдени мұрасын тоналып, жойылып кетуден сақтау.

Ғалымдардың тағы бір ұсынысы – осы жәдігерлерді сақтай отырып, қайта қалпына келтіру арқылы осы жерлерде аспан астындағы мұражай ашу.

– Жоспар бойынша, бұл жерге туристік кешен ашу көзделіп отыр. Ол үшін осы мавзолейлердің барлығы реставрациядан өтуі тиіс. Осы жердегі алты ірі қорымның бүгінгі күнге дейін төртеуі толық қайта қалпына келтірілді, – дейді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі Арман Бейсенов.

Беғазы тауларының маңы – табиғи жағдайларына, географиялық орналасуына байланысты адамның қоңыстануына ыңғайлы жер. Бұл жерде тек қола дәуірінің ғана емес, сонымен қатар сақ және түрік мәдениеттерінің де ескерткіштері табылып жатыр.

Орталық Қазақстанды біздің заманымызға дейін XII – IX ғасырларда қоныстаған адамдар қола дәуірінде Еуропа елдерімен қатынас құрған көрінеді.

Беғазы-Дәндібай кешенінің әлемдік маңызға ие болу себептерінің бірі – ол орталық Азияда қола дәуірінде қоныстаған адамдардың өркениет деңгейіне жеткендігінің айғағы. Реставрациялау жұмыстары әлі де жалғасады.

Келесі жылы алты ірі қорымның соңғысы көне кезеңдегі қалпына қайта келтірілуі тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG