Accessibility links

Медеу аудандық соты оппозиция жетекшілерінің ісін осы сотта қарауға шешім шығарды


Медеу аудандық сотының дәлізінде. Алматы, 22 қаңтар, 2009 жыл.
Медеу аудандық сотының дәлізінде. Алматы, 22 қаңтар, 2009 жыл.

Аса қауіпті қылмыскерді жасырды деп айыпталған қазақстандық оппозиция қайраткерлерінің өздеріне қатысты істің Медеу аудандық сотында қаралуына қарсылық білдіріп берген өтінішін судья Мәди Көшікбаев қанағаттандырмай тастады. Бұл шешімге келіспеген айыпталушылар қалалық сотқа шағым түсірмек.

Бүгін Алматыдағы Медеу аудандық сотында аса қауіпті қылмыскерді жасырды деп айыпталған қазақстандық оппозиция қайраткерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өткізген судья Мәди Көшікбаев бұл іске байланысты сот процесін ақпанның 10-ы күні осы аудандық сотта бастау туралы шешім шығарғаны мәлім болды.

- Заңға сәйкес, енді 15 күннің ішінде айыпталушылар судьяның шешімінің үстінен Алматы қалалық сотына шағым беруге құқылы. Біз осы құқығымызды пайдаланып, қалалық сотқа шағым береміз, - деді қылмыстық іс бойынша айыпталғандардың бірі «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов.
"Шаңырақ" бірлестігінің төарағсы Асылбек Қожахметов. Алматы, қаңтар, 2009 жыл.


Әйткенмен, Асылбек Қожахметов те, онымен бірге жауапқа тартылып отырған оппозициялық «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілев те аудандық соттың бұл жолғы шешімін қалалық сот күшінде қалдырады деп санайды. Қылмыстық іс бойынша айыпталған үшінші адам – Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов қазірде шетелде жүр.

Бұл үш саясаткер 2005 және 2007 жылдары Қазақстанның бір топ азаматына саяси баспана беруді сұрап, Украинаның Көші-қон қызметіне жолданған өтініш хатқа қол қойғаны үшін айыпқа қалып отыр. Саяси қашқындардың арасында 2001 жылы жылы 18 маусымда Павлодар қаласында «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановты өлтіруге тапсырыс берген деп күдіктелген Есентай Байсақов пен оның інісі Жұмабай бар.

Қаңтардың 22-і күні Украинаның бас прокуроры орынбасарының талап арызы бойынша Есентай және Жұмабай Байсақовтардың ісін қараған Киев қаласының апелляциялық соты прокуратураның арызын қанағаттандырмай тастады. Бас прокуратура былтырғы қараша айында Киев қаласының әкімшілік сотының ағайынды Байсақовтарға саяси босқын мәртебесін беру туралы шығарған шешіміне қарсы болған еді.

2008 жылғы қыркүйек айының 24-і күні Қазақстанның Ішкі істер министрлігі «аса қауіпті қылмыскерді жасырды» деген айыппен елдегі оппозиция қайраткерлері Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Төлен Тоқтасынов, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметовтерге қарсы тергеу басталғандығын жариялаған болатын. Кейінірек Әміржан Қосанов пен Владимир Козловты тергеушілер айыпталушыдан куәгерлер қатарына ауыстырды.

Елдегі оппозиция мен адам құқығын қорғаушылар бұл істі «саяси астар бойынша қолдан жасалынған қылмыстық іс» деп бағалап отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG