Accessibility links

Аудан әкіміне қарсы шыққан мәслихат депутаттары табандылығы арқасында жеңіп шықты


Владимир Ғабидуллин, Қазталов аудандық мәслихатының депутаты, Батыс Қазақстан облысы. 10 ақпан 2009 ж.

Владимир Ғабидуллин, Қазталов аудандық мәслихатының депутаты, Батыс Қазақстан облысы. 10 ақпан 2009 ж.

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында мәслихат депутаттары мен аудан әкімі Есентай Қалиев арасында келіспеушілік туындады. Мәслихаттың ішкі шаруасына әкімнің араласқанына наразылық білдірген депутаттар мемлекеттік билік тармағына жүктелген жұмыстардың адал атқарылуын қалайды.

ДАУДЫҢ БАСЫ ХАТШЫНЫҢ КЕЛІСІМПАЗДЫҒЫНАН ШЫҚТЫ

Қазталов ауданында өткен соңғы мәслихат сайлауы билік күтпеген нәтижемен аяқталды – сайланған 13 депутаттың алтауы партияда жоқ болып шықты. Мәслихаттың алғашқы сессиясында-ақ тәуелсіз депутаттар аудан әкімі Есентай Қалиевтің мәжіліс залын босатып, өздерінің шешім қабылдау жұмыстарына бөгет жасап, кіріспеуін өтінді. Бұл жайт туралы депутат Владимир Ғабидуллин былай деп әңгімелейді:

- Алғашқы сессияны өткізудің арнайы заңмен бекітілген белгілі бір ереже-жарғылары бар. Жиынды аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ашады. Депутаттар өз хатшысын, тексеру комиссиясының жетекшісін және келесі сессияның төрағасын сайлап алады. Яғни, өзіміздің ішкі мәселелерімізді өзіміз шешеміз. Ал әкім сессия президиумына отырып алды. Әлбетте, біз оның залдан мүлдем шығып кетуін өтіндік.

Владимир Ғабидуллиннің айтуынша, өкілді органның атқарушы биліктен тәуелсіздікке талпынудың алғашқы қадамындай болған бұл көрініс әкім билігінің өзімбілемдігіне кедергі келтіре алмаған тәрізді. Ал мәслихаттың алғашқы сессиясының хатшысы болып сайланған, нұротандық депутат Қадырбек Мұқанов келісімпаздық іс-әрекетімен уақыт өткен сайын өз әріптестерінің көңілін қалдырыпты.

- Іс жүзінде аудан әкімінің орынбасары секілді боп кеткен Қадырбек Мұқанов арқылы әкім Есентай Қалиев бізге өз шешімдерін жеткізіп, айтқанын істетіп отырды. Әкім бізбен кеңеспейді, мәселені бірге отырып, талқылап-шешу, өзара ынтымақтастық деген атымен жоқ. Осыдан кейін, аудан өміріне депутаттың ат салысуы туралы айтудың өзі артық. Біз биліктің жеке тармағымыз, сондықтан да бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек, біз барлық құзыры тек әкімнің пәрменін орындаумен шектелетін қолбала емеспіз ғой, - дейді Владимир Ғабидуллин.

Өз хатшысына көңілі толмаған депутаттар бұл мәселені түбегейлі шешу ниетімен мәслихат хатшысын қайта сайлауды ұйғарады. Заң бойынша, хатшыны қайта сайлау үшін сессия өткізу керек. Депутаттардың айтуынша, кезектен тыс сессияны өткізбек болған барлық әрекеттері сәтсіз аяқталған. Өйткені, Қадырбек Мұқанов түрлі сылтау-себептерді алға тартып, жиынға келмеген көрінеді.

Амалы таусылған депутаттар кезектен тыс сессияны хатшысыз шақырып, көпшілік дауыспен жаңа хатшы сайлап алады. Бұл қызметке осыған дейін тексеру комиссиясының төрағасы болып келген, еш партияда жоқ Мірболат Мырзағалиев лайық деп танылды. Тексеру комиссия төрағасының босаған орнына Владимир Ғабидуллин сайланады. Ал Қадырбек Мұқанов бұл кезде Богатырево ауылының тұрғындарымен кезекті есеп беру кездесуін өткізген аудан әкімімен бірге болыпты.

АШУЛЫ ӘКІМ ӘРЕКЕТСІЗ ҚАЛМАДЫ

Келесі күні әкім Есентай Қалиев аудандық мәслихатқа президенттік «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттарды өзіне шақыртады. 28-ші қаңтар күні таңертең өз кабинетінде өткізген шұғыл басқосуда әкім өз ұстанымын жария етеді - депутаттар өз шешімінен бас тартуы тиіс.

Араға екі күн салып, қаңтардың 30-ы күні Қазталовта жергілікті халыққа Әкім Есентай Қалиевтың есеп беру жиыны өтеді. Бұл кездесуге президенттік «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Құлшар мен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен де арнайы келіп қатысады.

Облыс орталығынан келген лауазымды қонақтармен бірге президиум төріне Қадырбек Мұқанов та жайғасады. Оны бұл жиында аудандық мәслихаттың хатшысы ретінде таныстырады.

Әкім Есентай Қалиев жасалған жұмыстар жайында есеп беріп жатқанда, депутаттарға бір құжат таратылады. Ол Қазталов ауданының прокуроры Руслан Сабыровтың мәслихаттың соңғы шешіміне қарсылығы болып шығады. Прокурор бұл құжатта «...Қазталов аудандық мәслихатының 2009 жылғы қаңтардың 27-індегі №12-1 шешімін заңсыз деп тануды талап еткен».

Депутаттар прокурордың қарсылығына бірден өз наразылықтарын білдіріп, әкімнен Қадырбек Мұқановтың неге президиумда отырғанын сұрайды. Ал әкім өз кезегінде Қадырбек Мұқанов мәслихаттың заңды сайланған хатшысы екендігін айтып, прокурордың қарсылығын оқып береді.

- Біз бұл күмәнді құжатты қабылдай алмаймыз, өйткені, мәслихат – биліктің тәуелсіз тармағы. Прокурор бізге заң нормалары мен талаптарын түсіндіріп берсе де, оның біздің шешімімізді заңсыз деп тануға еш құқы жоқ. Заң бойынша, бұл шешімге мәслихаттың өзі немесе сот қана төрелік ете алады, - деген уәж айтады депутаттар.

Ал мәслихаттың жаңа хатшысы Мірболат Мырзағалиев прокурордың бұл қарсылығын әкімнің тапсырысы деп бағалап отыр:

- Бұл құжат қалайша Есентай Қалиевтың қолына түсті? Прокурор оны әкімге емес, бізге, яғни, депутаттарға жолдаған жоқ па? – дейді таңданысын жасыра алмаған Мірболат Мырзағалиев.

Ал әкім Есентай Қалиевтың депутаттарға айтпақ болған уәжі өзгеше шықты.

- Мұндай сессияларды өткізу үшін депутаттар мені, қалаберді жергілікті халықты хабардар етуі тиіс еді. Мен осы ауданның басшысы ретінде өз аймағымда не болып жатқанын біліп отыруым керек. Ал бұл іс – барып тұрған заңсыздық. Сондықтан, мен мұны жөнге келтіру үшін қарап қалмасым анық. Мен үшін Мұқанов пен Мырзағалиевтың қайсысы аудандық мәслихаттың хатшысы болғаны бәрібір. Менің ұстанымым біреу ғана – барлығы да заң шеңберінде болуы керек. Ал 27-ші қаңтарда болған сессия заңсыз түрде өткізілгенін айтқым келеді, - деп мәлімдеді Есентай Қалиев.

Бұдан кейін 9-шы ақпанда мәслихат депутаттары тағы бір кезектен тыс сессия өткізді. Бұл жолғы жиында жалғыз мәселе ғана қаралды, ол - прокурордың қарсылығы.

- 9-шы ақпанда өткен сессияда 6 депутат қарсы дауыс берді, олар прокурордың қарсылығымен өздерінің келіспейтіндігін мәлім етті. Ал қалған нұротандық 8 депутат прокурор жасаған қарсылықты заңды деп таныды. Осылайша, қарсыластарымыз екі адамға артық болды. Ал аудандық мәслихат хатшысының кандидатурасына қайта дауыс беруді 16-ақпанға шегердік, - деді Владимир Ғабидуллин.

Ал Қадырбек Мұқанов болса өзінің қызметтен тайдырылуын заңсыз деп санайды. Ол өз пікірін былайша түсіндірді:

- «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңда мәслихат хатшысы депутаттардың арасынан сайланады және мәслихат өз жұмысын аяқтағанша құзырлы деп жазылған. Демек, депутаттардың осы шақырылымы өз қызметін тоқтатқанша мен хатшы болып қала беремін деген сөз. Бірақ, барлық депутаттар келесі сессияда маған қарсымыз деп дауыс берсе, онда маған олардың шешімімен келісуге тура келеді. Бірақ, олар мені де тыңдап, өз қарсылығының себебін түсіндіріп, заңды негіздемесін айтуы керек қой. Меніңше, бұл дауды қоздыруға жекелеген азаматтар түрткі болды. Ал маған қарсы шыққандар олардың сөзіне еріп, нақты жағдайды түсінбей, қарсы тараптың қатарына қосыла салды деп ойлаймын.

ХАЛЫҚ ЖАҚСЫ ӨМІР СҮРУГЕ ҚҰҚЫЛЫ!

Бүгінге дейін Қазталов аудандық мәслихаты екіге жарылып келген еді. Олардың әрқайсысы бөлек кабинетте отырса да, тараптардың ешқайсысы ымыраға келіп, мәміле жасауға асықпады.

16-шы ақпанда өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Қадырбек Мұқанов мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйледі. Бірақ, оның жасаған есебінің көп жерін депутаттар жарамсыз деп танитынын айтып, оны қабылдамай тастады. Дауыс беру шешімін күтпестен, Қадырбек Мұқанов отставкаға өз еркімен кететінін мәлімдеді. Ал өзге депутаттар оның бұл шешімін бірауыздан құп алды.

Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы сөйлескен депутат Владимир Ғабидуллин былай деп хабарлады:

- Енді бізге кезектен тыс тағы бір сессияны ұйымдастырып, Мірболат Мырзағалиевты осы қызметке бекіту ғана қалды. Мұның барлығы да келешекте болуы ықтимал келіспеушіліктердің алдын алу үшін жасалынбақ.

Владимир Ғабидуллин билік тармақтары дербестігінің маңыздылығын түсінер уақыттың әлдеқашан келгендігін айтады:

- Жасырып-жабары жоқ, бүгінде біздің аудан барлық жағынан ең артта қалғанын ұят та болса мойындауға тура келеді. Бізде қордаланған проблемалар шеш-етектен. Ауданда мектеп болғанымен, бұл білім ордасы 44 жыл бойы жібі түзу жөндеу көрмеген. Мұны айтасыз, Алма Оразбаева атындағы аудандық мектеп те апатты жағдайда. Бізде жол мәселесі де ұзақ уақыт бойы шешілмей келді. Жер лайсаң болған көктем мен күз мезгілінде Барсакелмес аралында жалғыз қалған робинзондар секілді өлместің күнін кешеміз. Бірақ, бізді қорқытатыны – халық алда игі өзгерістердің болатынынан өз күдерін әлдеқашан үзген. Біздің аудан орталығына қараңызшы, қаңыраған ғимараттар, ескірген үйлерден басқа жанды жадыратар ештемені көре де, таба да алмайсыз. Баяғы жартас - сол жартас. Сайлаушыларымның: «Володя, сен өз уәдеңді қашан орындайсың?» деген сауалдарынан да әбден ығыр болдым. Уәдеңді қалай орындайсың, егер, бөлінген қаражаттың барлығы да халықтың жиған-тергенін ысырып етер мереке-мейрамды тойлаудан аспаса. Мәселен, өткен жылдың өзінде ауданның мерейтойын тойлау үшін 80 млн. теңге ақшаны бос рәсуа қылдық. Осыдан кейін бізде той тойлап, дарақылықпен көңіл көтеруден басқа шаруа қалған жоқ па деп те ойлап қаласың. Той өтер, кетер, басшылық та ауысар, бірақ жергілікті халық осында қалады ғой. Бізге ауылдың өмірін жақсарту үшін түбегейлі, игі өзгерістер керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG