Accessibility links

«Алтын арман» базарындағы күнделікті алым мөлшері алтынмен тең дейді кәсіпкерлер


«Алтын арман» базары, Петропавл, 29 шілде 2009 жыл.
«Алтын арман» базары, Петропавл, 29 шілде 2009 жыл.

Петропавлдағы «Алтын арман» базарында сауда жасайтын кәсіпкерлер күнделікті біржолғы базар алымын төлеуден бас тартып отыр. Олар базар әкімшілігінен алым мөлшерін қаладағы өзге базарлармен теңестіруді талап етті.


САУДАГЕРЛЕР БАЗАР АЛЫМЫНЫҢ МӨЛШЕРІНЕ НАРАЗЫ


Петропавл қаласындағы «Алтын арман» базарында сауда жасайтын кәсіпкерлер осы кезге дейін күніне базар алымы үшін 531 теңгеден төлеп келген болатын. Ал қаладағы басқа базарлардың бәрінде күнделікті алым мөлшері 250 теңге болып белгіленген.

«Алтын армандағы» саудагерлер енді базардағы күнделікті алымның мөлшерін өзге базарлардағыдай деңгейге төмендету туралы талап қойды. Бұл жөнінде олар осыдан бір ай бұрын бірқатар мемлекеттік мекемелерге – қала әкімдігіне, қалалық және облыстық мәслихаттарға, жергілікті салықтарды жинау жөніндегі басқармаға, облыстық салық комитетіне тиісті хаттар да жазған. Бірақ әзірге өзгерген ештеңе жоқ.

Кәсіпкер Светлана Селютина мемлекеттік органдарға жолдаған хатқа келген жауапты оқып тұр. «Алтын арман» базары, Петропавл, 29 шілде 2009 жыл.
«Бізді бәрі де қысыр сөзбен шығарып салады. Депутаттар мәселе он күнде шешіледі деген еді. Бірақ содан бері бір айдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін түк шешілген жоқ. Шілденің 27-сі күні біз қалалық әкімдік ғимаратының алдында наразылық акциясын ұйымдастырмақ болған едік. Тіпті соған рұқсат та алдық. Бірақ бейбіт жолмен шешерміз деген үмітпен наразылық шарасына шықпадық», – дейді Светлана Селютина есімді жеке кәсіпкер.

Саудагер Татьяна Антонова базардағы алым мөлшері әділетті емес деп санайды.

«Мәселен, құндыз тон сататындар да, ине-жіп, түйреуіш сияқты ұсақ-түйек сататындар да 531 теңгеден төлейді. Менің тауарым аз, оның үстіне бір апта бойы сауда жүрмей тұр. Салық төлеу үшін көрші сатушыдан қарызға ақша алып жүрмін. Үйдегі баламның аузынан жырып, бар табысымды салыққа беріп отыра алмаймын ғой. Салықты екі есеге азайтса, балаларыма тым болмаса жеміс-жидек алып берер едім. Сатушыға төлейтін ақша болмағандықтан, сауданы да өзіміз жасап жүрміз», – дейді Татьяна Антонова.

Ал Людмила Бурлеваның айтуынша, жалғыз өзіне бір орынға күніне 531 теңгеден төлеу қиын тигендіктен тағы екі саудагермен бірлесіп бір орынды алыпты. Қысылып-қымтырылып тұрса да, салықты үшеуі бірге теңдей бөліп төлейді. Ал төлей алмағандар сауда жасаудан бас тартып, базардан кетіп те қалған. Қазір біршама сауда орындары бос тұр. Алым мөлшері азайтылмаса, саудагерлер бұл жерден кететіндерін айтып отыр.

АЛЫМ МӨЛШЕРІН АЗАЙТУ - МӘСЛИХАТТЫҢ ҚОЛЫНДА

«Біз күнделікті салық жинауға келетіндерге өз тілегімізді айта бастасақ, бізді жеке кәсіпкер деген лицензиядан айырамыз деп қорқытады. Сауда жасамайтын болсақ, бізге сол лицензия керек те емес. Қала, тіпті ел бойынша біздің базарда ғана салықтың мөлшері осындай, басқаларының бәрі аз төлейді. Тек Алматыдағы көтерме сауда базарында ғана 500 теңгенің үстінде, бірақ олардың табатын табысы да
Базар алымының көлеміне наразы кәсіпкерлер шілденің 29-ы күні жұмыс орындарына шықпады. «Алтын арман» базары, Петропавл, 2009 жыл.
біздікінен әлдеқайда көп қой. Мен кейде күніне 1000 теңге табыс көремін. Оның 500-ін салыққа төлейміз, 500 теңгені жүк тасушыға береміз. Сонда өзімізге ештеңе қалмайды. Патент арқылы төлейік десек, не патент берілмейді. Біз соған келісер едік», – дейді кәсіпкер Роман Падалкин.

Шенеуніктер болса, бұл базарға салық айлық есептік көрсеткішке сай салынады деп түсіндірді. Айлық есептік көрсеткіш өзгерген сайын, салық мөлшері де құбылып тұрады.

Мәселен, жаңа жылға дейін саудагерлер 478 теңгеден, 1 қаңтардан бастап 522 теңгеден төлеп келген болса, шілденің 1-інен бастап айлық есептік көрсеткіш тағы ұлғайған. Сөйтіп қазіргі соманы – 531 теңгені құраған.

Ал басқа базарлардағы саудагерлерге салынатын салық мөлшері айлық есептік көрсеткішке емес, арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде белгіленген ейді шенеуніктер. «Алтын Арман» базарына қатысты шешім осыдан 5 жыл бұрын қалалық мәслихаттың сессиясында қабылданыпты.

Сондықтан базар саудагерлерінің талабын қанағаттандыру үшін депутаттар бұл мәселені өз сессиясында қайта қарап, бұрынғы шешімдерінің күшін жойып, басқа шешім қабылдаулары керек екен.

Саудагерлердің өтініші бойынша прокуратура тексеріс жүргізгенде қалалық мәслихат бекіткен құжаттың заңсыз екенін анықтапты. Себебі, салық мөлшерін анықтау үшін күнделікті орташа түсім, сауда және тауар түрі, сауда нүктесінің орналасқан жері және басқа да жағдайлар есепке алынуы қажет. Мұндай зерттеулер жыл сайын өткізіліп отырылуы тиіс.

«Алтын Арман» базарында. Петропавл, 29 шілде 2009 жыл.
Ал «Алтын арманда» хронометраждық бақылау осыдан 3-4 жыл бұрын жүргізіліпті. Соның өзі бүкіл базарда емес, бір-екі сауда нүктесінде ғана өткізілген екен. Осы туралы жергілікті салықтарды жинау жөніндегі басқарманың бөлім бастығының міндетін атқарушы Хасан Құсайыновтан сұрағанымызда, ол прокуратураның шешімімен таныс емес екенін, тіпті оны өз көзімен көрмегенін, естімегенін, сондықтан ештеңе айта алмайтынын ғана жеткізді.

Қалалық мәслихаттың депутаты Александр Казанцев бұл базардың салығы қалалық емес, облыстық бюджетке түсетінін, жергілікті салықтарды жинау жөніндегі басқарма облыстық мекеме екенін, сондықтан қалалық мәслихат мұндай мәселемен айналыса алмайтынын ғана айтты.

Ал прокурордың наразылығы қалалық мәслихаттың биыл желтоқсан айында өтетін сессиясында қаралмақ. Облыстық мәслихаттағылар қаладағы базардың мәселесін қалалық мәслихат шешеді деп отыр.
XS
SM
MD
LG