Accessibility links

Кезінде коррупциямен аты шыққан сэр Дик Эванс Астанада өзін үйіндегідей сезінеді


«Самұрық-Қазына» қорының кеңсесі (оң жақта) Астанадағы әкімшілік орталықтың төрінде орналасқан.

«Самұрық-Қазына» қорының кеңсесі (оң жақта) Астанадағы әкімшілік орталықтың төрінде орналасқан.

Мемлекетке инвестиция салу жолына жемқорлық бөгет болып отыр дейді «Самұрық-Қазына» қорының тәуелсіз директоры сэр Дик Эванс. Бір қызығы, осы адамның өзі бір кездері коррупция шатағына қалған болатын.


ПАРАҚОРЛЫҚ КЕСЕЛІ

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов өзінің пікірін ашық айтатынымен белгілі BAE Systems компаниясының бұрынғы төрағасына Қазақстан инвестициялық саммитінің қорытындысын жасау үшін сөз берді деп жазады «Дейли телеграф».

«Өз тәжірибем бойынша мен жемқорлық туралы көп білемін, – деді баяндамасында Дик Эванс. – Менің ойымша, бұл Қазақстан экономикасына ғана емес, басқа дамушы елдер экономикасына да инвестиция салу жолында үсті-үстіне зияны өсіп бара жатқан бөгет боп отыр».

BAE Systems компаниясындағы мансабының соңғы кезеңінде оның басын қатырған жемқорлық туралы оған тағылған айыпты есепке алғанда, Дик Эванс батыл қадам жасады деп айтуға болады, – деп жазады «Дейли телеграф»..

Алайда, сэр Дик қиыншылықтан қорықпайды. Егер Отанында оған британ өнеркәсібінің бұрынғы алыбы ретінде қарайтын болса, мұнда, Қазақстанда ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңында жүрген басты шетелдік ақсүйек болып есептеледі деп атап көрсетеді «Дейли телеграф».

2006 жылы сэр Дик «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қорының төрағасы болып тағайындалды.

Бүгінде аталған компания кең-байтақ жері бар әрі минерал ресурсына бай Орталық Азиядағы осы ел экономикасының жалпы ішкі өнімінің 40 пайызына бақылау жасап отыр.

Қазіргі күні Дик Эванс мұнда директор болып қызмет істейді.

Алғашында ол ел астанасында айына тек бір аптадан уақыт өткізетін болады деп жоспарланған еді. Алайда оған өз уақытының жарымын Қазақстанның саяси орталығы Астанада өткізуіне тура келді.

Ол бес жұлдызды Рэдисон қонақ үйінде тұрады. Дегенмен, Қазақстанға бауыр басып кеткені сонша, ол енді Қазаеқстанның атынан «біз» деп сөйлейді.

«ЖАЛҒАН ШАТПЫРАҚ»

Мысалы, ол Қытай «біз өндіріп жатқан барша нәрсе үшін ең үлкен әрі ең тойымсыз нарық болып табылады» деп есептейді.

Дәл қазір Аса ірі мөлшердегі алаяқтықпен күрес жөніндегі бюро BAE компаниясын ірі қаржылық айла-шарғыларға қатысты тексеріп жатыр. Аталған бюро Британиядағы ірі мөлшердегі алаяқтықты тексеру және онымен күресу үшін жауапты үкіметтік мекеме болып табылады.

«Бұл – жалған шатпырақ, – дейді Дик Эванс BAE компаниясының шетелдік шенеуніктерді сатып алуға арналған арнайы қоры болған деген сөздерге қатысты. – Осы бір ахуалға байыппен қарағанда, тағылған айыптың дәлелденбегенін әрі оның дәлелденуінің мүмкін еместігін дереу байқауға болады. Ақыр соңында, АҚШ-та аталған мәселе бухгалтериялық есеп пен экспортқа лицензия беру қателігінен болғаны расталды ғой».

BAE биыл Британияда 30 миллион фунт және АҚШ-та 400 миллион доллар төлем төлеуге келісімін беруге мәжбүр болды. Компания мұны өзіне тағылған айыптан құтылу үшін істеді, деп атап көрсетеді газет.

Дегенмен, Дик Эванстың BAE компаниясындағы бұрынғы орнына жаңадан келген адам биылғы сәуірдегі өз есебінде BAE «бұл өткендегі кеткен кемшілік үшін өкініш білдіреді әрі ол үшін жауапкершілікті толық мойнына алады» деп жазды.

Сэр Диктің BAE компаниясымен арадағы жұмыс күшін жалдау жөніндегі келісім-шартының күші биылғы ақпан айында бітті. Ол аталған компанияда кеңесші ретінде қызмет атқарып келген болатын.

Кейбіреулер ВАЕ өз өткенімен байланысын үзу үшін жандәрмен күш салып жатыр деп санайды.

Дик Эванстың Қазақстанмен байланыстары 2001 жылы Лондонның Даунинг стрит көшесіндегі №10 үйде басталған еді. Ол кезде бұл үйде, яғни Британия премьер-министрінің ресми кеңсесінде, салтанатты түскі астың кезінде Тони Блэр президент Назарбаевты британ өнеркәсіп иелеріне таныстырған болатын.

Кейін сэр Дик Қазақстан үшін ұлттық әуе компаниясын құруға қол ұшын беруге келісті. Ал соның нәтижесінде құрылған Эйр Астана бүгінде гүлденіп тұрған бизнеске айналды. Эйр Астана компаниясындағы BAE үлесінің мөлшері 49 пайызды құрайды, деп түсіндіреді «Дейли телеграф».

«ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР КЕЙБІР САУАЛДАРДЫ ҚОЙМАУЫ ТИІС»

Осыдан сәл уақыт бұрын Қазақстан совет кезеңінде жасалған өз өнеркәсібін кәдеге жарату жолын іздестіре бастады.

McKinsey фирмасының консультанттары Сингапурдағы Temasek үлгісі бойынша модель жобалап, даярлады. Тоғыз ай бойы жалынып-жалпайып өтініш білдірген соң, Қазақстандағы осындай кәсіпорынға басшылық етуге сэр Дик өзінің келісімін берді.

«Мен тәрізді жігіттер үшін бұл қоғамдағы ең жоғары мансаптарда отырған адамдарға неге олар кейбір істі ерекше жолмен істеуді жөн көреді деп сауал қою оңай, – дейді ол. – Ал жергілікті тұрғындар бұрыннан келе жатқан құндылықтары мен дәстүріне сай мұндайға бармауы тиіс».

«Сіз мұндағы үкіметтің ең жоғары биігінен төмен түссеңіз, советтік бюрократияның мәңгі ерімейтін тоңына ұрынасыз. Ол бюрократия әлі тірі және өзін керемет жақсы сезінеді», – деп мәлімдейді Дик Эванс.

Сэр Диктің Қазақстан премьер-министрі мен президентінің қабылдауына еркін кіру құқы бар. Алайда, Эванс өзінің ықпалын британ компанияларының мүддесін қорғау үшін қолдану жөнді нәтиже берер емес дейді.

«Қазір мұнда келісім-шартқа қол қойып жатқан шетел инвесторларының көптігіне қарай отырып қарның ашады, себебі, олардың арасында британ компаниялары тым аз. Олардың ішінде бірде бір британ компаниясы жоқ. Себебі, бізде оларға сататын ештеңе қалмады. Британия өңдеу өнеркәсібінен бас тартты. Енді міне, осы сферада жұмыс істейтін бір де бір британ фирмасы болмай отыр», – дейді ол.

Осының өзіне қарамастан, Дик Эванс бүгінгі күні басқа елдің билік дәліздерінде алшаң басып жүр.

Бұл адам кезінде Британияның бұрынғы сыртқы істер министрі Робин Кук «Даунинг стрит көшесіндегі №10 үйдің кілтіне ие» деп іштарлық қылған адамның дәл өзі деп атап көрсетеді «Дейли телеграф».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG