Accessibility links

Қазақстанда «Ұлт көшбасшысына» қарсы екеу алаңға шықты


«Ұлт көшбасшысы» туралы заңға қарсы жазу ұстап алаңға шыққан Сергей Дуванов (оң жақта) пен Андрей Свиридов. Алматы, 16 маусым 2010 жыл. http://respublika-kaz.info сайтындағы сурет.

«Ұлт көшбасшысы» туралы заңға қарсы жазу ұстап алаңға шыққан Сергей Дуванов (оң жақта) пен Андрей Свиридов. Алматы, 16 маусым 2010 жыл. http://respublika-kaz.info сайтындағы сурет.

«Ұлт көшбасшысы» туралы заң баспасөзде жарияланған күннің ертеңінде Алматының орталығында шағын наразылық шарасы өтті. Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов пен адам құқын қорғаушы Андрей Свиридов алаңға шықты.

Екеудің наразылық шарасы тез өтті, оның өтетіні туралы журналистер акция басталардан екі сағат бұрын ғана хабарланды деп жазады «Республика» тәуелсіз газетінің веб-сайты. Алматының орталығындағы Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішінің жанына келіп, «Елбасы туралы» заңға өздерінің қарсылықтарын танытқан тәуелсіз журналист Сергей Дуванов пен адам құқын қорғаушы Андрей Свиридовты полиция ұстамаған.

«Республика» газетінің хабарлауынша, Сергей Дуванов түскі сағат бір кезінде ескерткіштің алдына келіп, «Ұлт көшбасшысы туралы заң – ұлт масқарасы» деген жазуды қолына ұстап тұрған. Ол жаңадан қабылданған заңға қарсы болғандықтан алаңға шыққанын айтқан.

– Бұл заң біздің Конституциямызға да, демократия саласындағы халықаралық стандарттарға да қайшы келеді, – деген Сергей Дуванов Марк Твеннің: «Өз елінің саяси шекпені тозғанын көре тұра, сол шекпенді жаңаға ауыстыруға үгіттемеген азаматты Отанына адал деуге болмайды. Ондай адам – сатқын» деген сөзін мысалға келтірді.

Адам құқы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның журналисі Андрей Свиридов Қазақстанда жеке басына табынатын жаңа тұлғаның пайда болғанын айтты.

Наразылық акциясының соңында Сергей Дуванов қазіргі болып жатқан жайттарға енді жиырма жылдан соң жұрттың бәрі күле қарайтындығын, ал бүгін үнсіздік танытқандар сол кездері өткендегісі үшін ұялатындығын қадап айтты деп хабарлайды оқиға болған жерден «Республика» газетінің тілшісі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG