Accessibility links

Әбдірахманов Назарбаевтан билікті қайтаруды, Жәкішев пен Қажыгелдинді ақтауды сұрайды


Парламенттің алты мәрте депутаты болған Серік Әбдірахманов. Алматы, 18 желтоқсан, 2008 жыл.
Парламенттің алты мәрте депутаты болған Серік Әбдірахманов. Алматы, 18 желтоқсан, 2008 жыл.

«Әділет» партиясы жетекшілерінің бірі билікті халыққа қайтаруды, әділ сайлаулар өткізуді, сот жүйесін реформалауды, саяси айыптыларға рақымшылық беруді, тағы да басқа көп нәрсені сұрап Назарбаевқа ашық хат жазды. Әбдірахманов алдыңғыларына жауап болмаған соң бұл жолғы хатын интернетте таратқан.


«ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС - ПАЙДАЛЫ БИЗНЕС»

«Әділет» саяси партиясы төрағасының орынбасары, бұрынғы депутат Серік Әбдірахмановтың президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатының мәтіні сәрсенбі күні интернетте жарияланды.

Атап айтқанда Әбдірахманов «Үкімет ашықтан-ашық олигархтардың мүддесіне қызмет етеді. Олар тағайындайтын сот «телефондық құқықтың» желісіне, ал күш құрылымдары олардың сойылына айналды. Маңызды шешімдер сырттай қабылданады. Осындай саясат сарай ішіндегі тартыстарға орын берді» деп жазады.

Автор Қазақстан халқының негізгі бөлігі кедейлер, жұмыссыздық жаппай етек алды, шағын және орта бизнес тұншықтырылды деп есептейді.

Әбдірахманов миллиардтаған қаражат бөлінген «Жол картасы», «Ауыл жылы» бағдарламаларын сынап, «сыбайласқан жемқорлықпен күрес пайдалы бизнеске айналды» деп атап көрсетті.

Әрі қарай Әбдірахманов Қазақстан президентінің жеке басына да тоқталып өткен.

«Жұрт арасында «Назарбаев биліктен кетеді» деген әңгімелер айтылып жүр. Халық үреймен «мұрагерлер» туралы да сөз етеді. Демократиялық дәстүрі бар қоғам үшін мұндай әңгімелер қорқынышты емес.

Бірақ бізде өздерін «құдайдан артық санайтын» шенеуніктер азаматтық дауыс беру құқығынан айырып тастады. Тіпті, сіздің жеңіске жетуге мүмкіндігіңіз әлдеқайда көп болған президент сайлауын да олар жасанды үміткерлер және советтік дауыс санау әдісі арқылы былыққа айналдырды» деп сынады бұрынғы депутат.

ҮШ ҰСЫНЫС

Серік Әбдірахманов биліктің өзі байқаған кемшіліктерін тізбектей келе, президент Назарбаевқа бірқатар ұсыныстар жасаған.

«Парламенттің қос палатасына, одан соң мәслихаттарға әділ демократиялық сайлаулар өткізу арқылы халыққа билікті қайтару керек».

Әбдірахмановтың пікірінше, «әділ демократиялық сайлаулар заңдар мен Конституцияның жоғалған құзырын қайта қалпына келтіреді».

«Судьяларды таңдау әдісіне негізделген, судьялардың тәуелсіздігіне кепіл болатын, судьялар және сот жүйесі туралы жаңа заң қабылдау қажет. Адам еркіндігі мен құқығын осы жолмен ғана сақтауға болады» деп есептейді «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары.

Үшінші ұсынысында Әбдірахманов саяси астармен сотталған қоғам қайраткерлері мен журналистерге амнистия жариялануын сұрап отыр. Оның пікірінше, «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке қатысты «қатаң шара қолдану дұрыс емес», ал Әкежан Қажыгелдин – басқа да әріптестерімен салыстырғанда «ең күнәһар саясаткер емес».

Хат соңында автор 2012 жылы президент сайлауы өтетіндігін еске сала отырып, «әділ сайлаулар – ұлттық татуласу арқылы Қазақстанның өркендеуінің тарихи мүмкіндігі» деп аяқтайды.

ХАТ ЖАЗҒАНЫ БОЛМАСА, ОППОЗИЦИЯ ЕМЕС

Сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, Серік Әбдірахманов бұған дейін де президент Назарбаевқа бірнеше мәрте хат жазғандығын, бірақ олардан жауап болмағандығын жасырмады.

«Бір жылдың көлемінде президентке үш-төрт мәрте хат жаздым. Олар президентке жетпей жатыр. Мені қабылдауын сұрадым, бірақ ол уақыт таппады. Сондықтан мен үнсіз қалмадым. Мен ешқашан үндемей қалған емеспін», – дейді Серік Әбдірахманов.

Өзін оппозиция өкілі деп санамайтындығын ескертіп өткен Әбдірахманов бүгінгі ашық хаты арқылы жеке мүддені көздемейтіндігін, бар болғаны демократия үшін күрескісі келетіндігін айтып отыр.

«Өзіммен қоса ұрпақтарым Қазақстанның болашағы үшін, Назарбаевтан кейін билікке кім келеді деп алаңдамауы керек. Барлығы бір адамға қарап қалмауы қажет. Менің философиям осы», – деді Серік Әбдірахманов.

Сонымен бірге Әбдірахманов бұл ашық хатты «Әділет» саяси партиясының өкілі ретінде емес, жеке өзінің атынан жазғандығын ескертіп өтті.

ӘБДІЛДИН МЕН БАЙМЕНОВ ӘБДІРАХМАНОВПЕН КЕЛІСЕДІ

«Ақ жол» саяси партиясының төрағасы Әлихан Байменов хат авторының көтеріп отырған мәселелерімен келіседі және қоғамдағы мұндай проблемалар үшін өзінің алаңдаушылығын білдіреді.

«Хатта көрсетілген ақпараттың көпшілігі шындыққа жақын немесе шындық. Қазір қоғамда белгілі бір деңгейде қауіп сезіледі. Соңғы уақытта билік тарапынан ақпараттық кеңістік пен саяси кеңістікті балама ойдан тазарту жұмыстары жүріп жатқан секілді. Биліктің идеологтары бірте-бірте қоғамды қолмен басқаратын жүйеге жақындатып келе жатқандай әсер қалдырады», – деді Әлихан Байменов.

Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин де хат авторының тұжырымымен толықтай келіседі.

«Елдегі саяси, әлеуметтік жағдай, халықтың өмір сүру деңгейі мүшкіл екендігі және оларға қатысты радикалдық іс-шаралар қолдану керектігі бұрыннан белгілі. Бірақ мұны әркім әртүрлі бағалайды.

Назарбаев өркендеп келеміз деп есептейді, мен болсам кедейленіп барамыз дегенді айтамын. Тәуелсіздік алған жылдары Астана қаласын салудан басқа, ешқандай пайдалы іс жасалмады», – деді Серікболсын Әбділдин.
XS
SM
MD
LG