Accessibility links

Түрмелерде бүлік жиілеген сайын құқыққорғаушылар да жіті назарда болады


Алматының №1 тергеу абақтысы. 3 сәуір 2009 жыл.

Алматының №1 тергеу абақтысы. 3 сәуір 2009 жыл.

Қазақстан түрмелерінде жұмбақ өлімдер мен бүліктер көбейген сайын құқыққорғаушыларға кінә тағу жиілей бастады. Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі осы тақырыпқа арналды.


Соңғы кездері Қазақстан түрмелерінде бүлік жиі шығатын болып кетті. Өткен аптаның соңында Алматының орталық тергеу абақтысында да бүлік бұрқ ете қалды. Қамауда отырғандардың ондаған туыстары түрме қақпасының алдына жиналған соң, ол жерге ішкі әскер сарбаздары апарылды. Ұзынқұлақтан түрмеде ондаған тұтқынның өз денелерін өздері зақымдағандығы туралы хабар жетті.

Осындай жағдайлар барысында қазақ құқыққорғаушылары түк бітірмей отыр деген сөздер кейбір мүдделі адамдар тарапынан жиі айтылатын болды. Осы тақырыпқа арналған Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне: «Сіздің құқыңыз СҚО» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - Вадим Курамшин; Адам құқықтары жөніндегі бюроның Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша филиалының жетекшісі - Анар Ибраева; Адам құқықтары жөніндегі бюроның Қарағанды облысы бойынша филиалының жетекшісі - Юрий Гусаков; Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қоғамдық бақылау комиссиясының төрайымы Ардақ Жанәбілова қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.

АНАР ИБРАЕВА БИЛІКПЕН АУЫЗ ЖАЛАСТЫ ДЕП АЙЫПТАЛДЫ

Жүргізуші:

– Жақында Қарағанды облысындағы түрмеде тұтқын Максим Кожановты асылып қалған жерінен тауып алды. Ол түрме қызметкерінің тұтқынды ұрып жатқаны түсірілді деген бейнесюжеттің қоғамға таралып кетуіне себепкер болған. Түрмеде асылып өлген жалғыз Кожанов ғана емес. Ол қаза болардан бірнеше күн бұрын осы түрменің бес тұтқыны қарсылық белгісі ретінде өз денелерін өздері зақымдаған еді.

Қылмыстық-атқару жүйесінде болған мына бір оқиғаға да назар салыңыз. Тергеу абақтысында отырған тұтқын Александр Гапонов шілденің 27-сі күні өзін-өзі бауыздамаққа әрекеттенген және қан тамырларын кесіп жіберген. Ол өзін Қостанай облысы Жетіқара қаласының маңындағы колонияға ауыстыруға қарсы болған. Өйткені ол жердегі тұтқындарды ұстау тәртібі өте қатаң көрінеді. Бұл жайында Азаттық радиосына Александр Гапоновтың өзі, оның әйелі және құқыққорғаушы Вадим Курамшин айтып берді. Тергеу абақтысының және прокуратураның басшылығымен байланысу әзірге мүмкін болмады.

Бұған дейін, маусымның 22-сінде, Батыс Қазақстандағы қатаң режимдегі Ақтау колониясынан тұтқындар жаппай қашып шығып, оның ақыры қантөгіске ұласты.

Ал шілденің 21-і күні Қазақстанның солтүстігіндегі «Жаман төбе» аталып кеткен колонияда тұтқындар жаппай өз денелерін өздері жарақаттады.

Байқап отырғандарыңыздай, Қазақстанның әр өңіріндегі колонияларда болған төтенше немесе қайғылы оқиғалар жайындағы ақпараттар соғыс жүріп жатқан аймақтардағыдан кем соқпайды. Кейбір тұтқындар адам құқығын қорғаушылардың үстінен Азаттық радиосына шағымданды. Олардың пікірлерінше, құқыққорғаушылар тұтқындардың толып жатқан шағымдары мен өтініштеріне назар аудармайтын көрінеді. Бұрынғы саяси тұтқын, бүгінгі құқыққорғаушы Вадим Курамшин де осындай пікірде. Ол өзінің құыққорғаушы әріптестерін түрме басшылығымен жасырын ауыз жаласып жұмыс істейді деп айыптайды.

Мысалы, қазақ құқыққорғаушыларын түрмелердегі азаптау оқиғалары жайында жақ ашпайды, қандай да бір тұтқындардың құқықтарын қорғау кезінде таңдап-талғап жұмыс істейді деп кінә таққан болатын. Бірақ құқыққорғаушыларды түрме басшылығымен және
Вадим Курамшин түрмеде отырған кезде анасы Ольга Колтунованың адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросына жазған арызының көшірмесі.
қылмыстық-атқару жүйесі шенеуніктерімен құпия түрде ынтымақтаса жұмыс істейді деп тікелей айыптау бірінші рет болып отыр.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға қойылатын бірінші сұрақ: Сол кездері әлі тұтқын болған Вадим Курамшиннің анасы Олга Колтунованың және тұтқын Александр Гапоновтың арызы бойынша құқыққорғаушылар қандай нақты шаралар қолға алды және оның нәтижелері қандай?

Вадим Курамшин:

– 2007 жылғы 26-29 қыркүйек аралығында Атбасар қаласындағы қатаң режимдегі мекемеде ұзақ мерзімді кездесуде болған кезімде үш тәулік бойы бюро жетекшісі Евгений Жовтистің атына хат жаздым. Бұл хатта мен сот залында өзімнің заңсыз тұтқындалуымнан бастап кездесу сәтіне дейінгі аралықта мені қалай азаптағандары және мені өлтіруге әрекеттенгені жайында нақты түрде жіліктеп, сипаттадым. Бұл кезде менің салмағым 59 келі болатын, қу сүйегім ғана қалған еді.

Бұл мәлімдемені анамның қолына ұстаттым. Атбасардан шыққан соң 2007 жылдың қазанның 2-сі күні анам бұл мәлімдемені бюроның Астана филиалының қызметкері Анар Ибраеваның өз қолына табыс еткен. Бір жыл бойы Ибраевадан ешқандай жауап болмаған соң мен астыртын түрде Жовтиспен байланыстым. Мен онымен таныс болатынмын және бірнеше мәрте байланысқанмын. Оған өз басымдағы жағдай жөнінде белгі берген едім «неге бұл жайында бұрын хабардар етпегенсің» деп өзімді кінәлады. Бұған қатысты өз мәлімдемемнің Анар Ибраевада жатқандығын айттым.

Ол Алматы филиалындағы қызметкерлеріне жағдайдың мән-жайын анықтауды тапсырды. Ал Ибраева болса Алматы филиалының қызметкерлері қойған барлық сұрақтарға менің анам оған ешқандай үндеу тапсырған жоқ деп жауап берді. Оның үстіне Ибраевамен кездескен кезімде колония әкімшілігінің көзінше ол менімен дөрекілеу сәйлесіп, маған одан не керек екендігін нақты айтуымды талап етті. Мен екі ауыз сөзбен ең болмаса рақымшылық алуыма көмектесіңіз дедім. 2006 жылдан бері менің жағдайым сәйкес келетін баптар бар болатын.

Жасаған өтінішіме байланысты Ибраева менің ар-намысыма тиетін екі сұрақ қойды: «Сіз соншалықты кімсіз?» және «Сізге не үшін рақымшылық жариялануы керек?» деді. Мен Қазақстан азаматы екендігімді, рақымшылықтың тікелей аталмаған, формальді белгілері сәйкес келетіндерге де жасалатындығын айттым. Мен осы топқа жататынмын. Бұдан кейін ол маған енді рақымшылық туралы әңгіме қозғамауыма кеңес берді.

Ол бұдан былай бұл әңгімені қозғамауымды талап етті, бірақ мен оның қылығы жайында Жовтиске айтып бердім. Бұдан соң ол мен тағы да шақырып алып, филиал қызметкерлерінің көзінше сұс көрсетіп, бұл мәселені анамның қозғамауы жайында ескертіп, оның басы дұрыс істемейтін шығар деді. Өзімнің жазған хатым жайында сұрай бастағанымда бұл хатты алмағандығы, менің анамның ешнәрсе әкелмегендігі жайында үзілді-кесілді жауап берді.

Анар Ибраева:

– Біріншіден мына бір жайды айта кеткім келеді. Вадим Курамшин мені Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) төрайымы деп сәл қателесіп отыр. Адам құқықтары жөніндегі біздің филиал тек Астана қаласы бойынша ҚБК-ні басқарады. Ал Ақмола облысы бойынша ҚБК-нің төрайымы – Любовь Рубижанская. Яғни осы тұста мәселенің басын ашып алу керек.

Ардақ Жанәбілова:

– Қоғамдық бақылау комиссиясы 2005 жылдан бері заңды негізде жұмыс істеп келе жатыр. Оны жақсы немесе жаман жұмыс істеп жатыр деп сіздер кінәлай алмайсыздар. Біз колониялар мен түрмелердегі заң шеңберінен шығып кеткен оқиғаларға назар аударамыз.
Ақмола облысы Державинск кентінде қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жатқан тұтқынның қарын тұсы өткір затпен тілінген. Вадим Курамшин жолдаған сурет.
Мәселен, Державинск қаласындағы қайғылы оқиға жайында білісімен бірден сол жаққа барып, азаптаулар мен қатаң жағдайлардың болған-болмағанын анықтау мақсатында мониторинг жүргіздік. Бізбен бірге облыстық және аудандық прокуратура өкілдері жұмыс істеді.

Сотталағандармен әңгімелестік, олар денелеріндегі жарақаттар мен соққы іздерін көрсетті. Біз ресми есеп даярлап, оны бас прокурорға және барлық ресми органдарға жібердік. Сотталғандарға қатыгездік жасаған басқарма бастығы мен бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылғандығы жақында белгілі болды. Оларды қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және адамдарды азаптағаны үшін айыптаған.

Юрий Гусаков:

– Сіздер қозғап отырған мәселе барынша маңызды. Біз кімнің диірменіне су құйып отырғанымызды анықтап алуымыз керек. Мен заңнаманы бұзған жайттарға назар аударамын. Мен үшін қай жерде «қызыл», қай жерде «қара» зона екендігінің айырмашылығы жоқ. Бірақ мен құқық тәртібіне қарсы кеңестің құрылуына және кейбір жекелеген тұтқындар үшін ерекше жайлы жағдайдың жасалуына үзілді-кесілді қарсымын. Бұл – біріншіден.

Сіздер әңгіме қылып кеткен Гапоновқа келсек, бұл адамға құрметпен қараймын. Бұл адам менің жұмыс тәжірибемде кездескен өз құқығын ақырына дейін құқықтық механизмдерді пайдалану арқылы қорғаған бірден-бір тұтқын шығар. Иә, оның соңғы әрекеттері ақтық шараға барғанын көрсетіп тұр.

Ал маған дейін не болса соны сөйлеген азаматтың сылдыр сөздеріне қатысты айтарым жоқ. Бұл - оның адасқан, далбасалаған әңгімесі. Ал мен сіздің сөзіңізді тыңдап отырмын.

ТҰТҚЫН ГАПОНОВТЫҢ ІСІ

Жүргізуші:

– Құрметті мырзалар, мен сотталған азаматтардың бірі Александр Гапоновтың зайыбы Наталья Гапонованың сөздерін тыңдауларыңызды сұраймын. Өз айтуынша, Гапоновты басқа колонияға ешқандай негізсіз ауыстырып жатқан көрінеді.

Наталья Гапонова:

– 2008 жылы күйеуім 166/5 мекемесінде отырды. Ол мекемде қызметкерлердің қолынан кісі өліп жатқан. Күйеуім Анар Ибраева ханымнан көмек сұрай бастады. Бұл хаттарды өзім тікелей жіберіп отырдым және Ибраеваға телефон шалып тілдестім. Күйеуім Ибраеваға жазған хатында өз өмірі үшін қауіптенетіндігін айтқан еді. Алайда Ибраева құқыққорғаушы ретінде ешқандай әрекет жасамады.

Міне 2010 жыл да өтіп жатыр, ал менің күйеуімді әлі күнге дейін бір колониядан екіншісіне ауыстырумен келеді. Оның жағдайы бұрынғыдан да нашарлап кетті. Анар Ибраева менің өтініштеріме нақты ешнәрсе деп жауап берген жоқ. Қазіргі уақытта күйеуімнің өмірі үшін қатты қорқамын. Не себепті Анар Ибраева ешқандай әрекет жасамай, ешнәрсені зерттемей отыр? Жұбайымды өлтіруі немесе өлімші қылып сабап тастауы мүмкін. Осының барлығын жасыру үшін олар күйеуімнің көзін жояды немесе өзгедей бір нәрсе жасайды.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген соң шілденің 27-сі күні кешкісін бізге Гапоновтың өзімен тілдесудің сәті түсті. Оның айтуынша және Вадим Курамшиннің мәлімдеуінше, Гапонов өзін-өзі бауыздамақ болып әрекеттенген және қан тамырларын кескен. Азаттық радиосына берген сұқбатында Александр Гапонов былай деді:

«Шілденің 2-сінде Горный кентіндегі Е-164/4 колониясына Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры келді. Мен оның қабылдауына кірдім. Сол кезде режимдік бөлімде сотталған Сугатовты ұрып жатқан. Мен бұл жайында прокурорға хабарлап, тіпті оны сол жерге алып бардым. Прокурор қолына кісен салынған, еденде қан-қан болып жатқан тұтқынды көрді. Алайда ешқандай шара қолданбастан кетіп қалды.

Шілденің 23-сі күні мені прокуратураның тергеушісі тергеуге алды, ал үш күннен соң тергеу абақтысына алып кетті. Мені Қостанай облысындағы «Жетіқара» айрықша режимдегі колонияға ауыстырмақшы Ол жаққа адамдарды «сындыру» үшін апарады. Онда адамды зорлауға дейін барады. Мені ол жаққа «сындыру» үшін алып бармақшы деп ойлаймын.

АНАР ИБРАЕВАНЫҢ УӘЖІ

Жүргізуші:

– Тақырыпты одан ары жалғастырайық. Бір құқыққорғаушы Вадим Курамшин тұтқынды соққыға жығу оқиғасын түсірген Максим Кожановтың өлімі жайында өзінің білгенін, бірақ «үндемеуге мәжбүр болғанын» айтты. Екінші құқыққорғаушы Юрий Гусаков та осы адамның қазасы жайында білген. Бірақ ол «бұл жайында өз басшылығына хабарлауды қажетсіз» деп есептеген.

Түрмеде қаза болған Азамат Кәрімбаевтың жұбайы күйеуінің денесіндегі жарақаттар көрсетілген бейнежазбаны интернетке орналастырған. Оны түрмедегі азаптаулардың ізі деп санайтын әйел жарты жылдан астам уақыттан бері қолтаңбалық сараптама нәтижесін алуға қол жеткізе алмай жүргенін мәлімдеді. Бұл жайында өзге құқыққорғаушылар не айтады?

Анар Ибраева:

– Құқыққорғаушылар көп, бірақ мен тек Астанадағы адам құқықтары жайында нақты айтамын. Біздің ұйымның немен айналысып жатқандығын, қолымыздан ненің келетіндігін, ненің келмейтіндігін айтқым келеді. Біріншіден, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Астана филиалының директоры - Анар Ибраева. Астана, 12 мамыр 2010 жыл.
жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро қоғамдық бірлестікке жатады. Яғни, біз осыған сәйкес заңды өкілеттіктерді пайдаланымыз. Біз адам құқықтары жөніндегі жағдайдың мониторингімен айналысамыз. Мониторинг дегеніміз – ақпарат жинау. Курамшин мырза да, саяси партиялардың өкілдері де, т.б. осындай шаруамен айналысады.

Менің қолымда барлық құжаттар, келіп түскен және жолданған шағымдар бар. Сондықтан қандай да бір жалаң айыптауларды қабылдамаймыз. Мемлекеттік органдар берген жауаптар бар. Сондықтан айып таққысы келетін қыстырма сөздердің бұл жерде қажеті жоқ. Біз қоғамдық ұйым ретінде қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Біздің жұмысымызды бас кеңсе бақылап отырады. Сондықтан шағымдарыңыз болып жатса, соның басшысына өтініш айтуларыңызға болады. Нақты дәлелдер болмайынша біз өз жанымыздан ешқандай ақпарат қоспаймыз.

Біз тек Астана қаласында жұмыс істейтінімізді тағы да атап өтпекпін. Яғни біз тиісті орынға барып, құқық бұзу жайттарын көрсек, сол жайында жазамыз. Астанадағы азаптаулар немесе кісі өліміне қатысты екі оқиғаны атап айтқым келеді.

Бірінші оқиға өткен жылдың наурыз айында Е-166/5 айрықша режимдегі колониясында тіркелді. Біз ол жаққа бақылаушы комиссияның құрамында барғанбыз. Барлықтары білуі үшін айта кетейін, біз ол жерде түскі тамақсыз таңғы сағат 8-ден кешкі 19-ға дейін болдық. Нәтижесінде, ұмытпасам, 56 шағым қабылдап, аталған колониядағы заңдылықтың сақталуына осы күнге дейін бақылау жасап келеміз.

Екінші оқиға қатаң режимдегі Е-166/10 колониясында болды. Ол жерде бір тұтқынның өлімі тіркелген. Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл жайында неге айтпайды? Меніңше, оның шектен шыққан жағдай болғандығы соншалық, оны назардан тыс қалдыру тіпті мүмкін емес. Бұл тұтқын Қызылорда колониясынан Астанаға ауыстырылған екен. Астана колониясына келгеніне үш сағат өткен соң көз жұмған. Денсаулығы жақсы адам болған. Біз оқиға орнына барып, тұтқындармен, жәбірленушінің өкілдерімен сөйлестік. Астана қаласы ішкі істер басқармасы марқұмның туыстарын жәбірленушілер деп тануына қол жеткіздік. Менің білуімше, сол кісі Қазақстандағы «Хизб ут-Тахрир» қозғалысының өкілі болған. Бірақ кейбір құқыққорғаушылар, неге екенін білмеймін, бұл фактіні ашпайды.

Өз денелерін өздері зақымдаған жағдайларда да біз оқиға орнына барып, қараймыз. Бірақ барлығы бірдей оңай бола бермейді. Кейде бізді түзеу мекемелеріне кіргізбейді. Жақында ғана осындай оқиға болды, бізді еркін қоныстанушылар колониясына кіргізген жоқ. Біз ақыры тұтқындармен кездесе алмай қайтып кеткен соң ғана колония бастығы телефон шалып, қайтып оралуымызды сұрады. Яғни бұл түзеу мекемелеріне біздің үнемі кедергісіз кіре алмайтындығымызда көрсетеді.

Қоғамдық комиссияның қызметкерлері айына бір рет Астанадағы барлық түзеу мекемелерінде болып шығады.

Ардақ Жанәбілова:

– Барлық өңірлерде де қоғамдық бірлестіктер басқаратын бақылау комиссиялары бар. Бұлар мониторингпен айналысатын таза құқыққорғаушы ұйымдар. Бірақ, өкінішке қарай, мониторинг жасалмайтын аймақтар да бар. Ол жақтағы бақылау комиссиялары аз ғана адамнан тұрады. Негізінен бұлар арнайы оқытылмаған адамдар. Олар мониторинг былай тұрсын жай ғана адам құқықтары жайында да білмейді.

Ал Қызылорда, Атырау, Ақтөбе сияқты өңірлерде қоғамдық бақылау комиссиялары не істейтіндіктерін өздері де білмейді. Бірақ ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) коалициясының жемісті жұмыс істеп жатқандығын айта кету ләзім. Бұл коалицияның жұмысын Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі бюро үйлестіріп отырады және оның құрамына барлық қоғамдық ұйымдар енеді.

ЮРИЙ ГУСАКОВ ЖӘНЕ ОНЫҢ КРЕДОСЫ

Вадим Курамшин:

– 2003 жылға қарай Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) біраз өңірлерде Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроны жұтып қойды десе болады. Филиал қызметкерлері сотталғандардың қатарынан шығатын белсенділер сияқты түзеу мекемелері
Адам құқығын қорғаушы - Вадим Курамшин. Астана, 3 маусым 2010 жыл.
әкімшілігінің көмекшілері ғана болып қалды. Бір ғана айырмашылығы, бір топ еркіндікте, кеңселерде отырса, жеңдеріне белгі тағып алған екінші топ қоршалған темір тордың арғы жағында жүреді.

Көмекшілердің дәл сол бірінші тобының көмегімен түрме әкімшілігі қамау орындарындағы көптеген өзін-өзі жарақаттау оқиғалары немесе түрме қабырғасындағы кісі өлтіру жайында шындықты бүгіп қалады.

Менің қолымда Ақмола, Қостанай облыстарындағы тұтқындардың кісі өлімдеріне байланысты Астана бойынша адам құқығы жөніндегі бюро жетекшілеріне жазған хаттарының көшірмелері бар. Осы хаттардың ауторлары әлгіндей кісі өліміне кінәлілердің дәл сол Ибраеваның арқасында жазадан құтылып кетіп жатқандығын бірауыздан мәлімдейді.

Одан қалса, бюроға арыз-өтініш айтқан бейшараға қысым күшейіп, ал бюроның атына жазылған шағым сонда сол қозғалмаған күйі жатады. Бұл күнделікті қалыпты жайтқа айналды.

Сотталушы Гапонов жайында Гусаковтың айтқаны маған ұнады. Гапонов барынша сауатты адам. Ол өз құқығын қалай қорғауды біледі. Бірақ оның өзін-өзі бауыздамаққа әрекеттенуі, тамырын кесуі тек өзге колонияға ауыстырумен ғана байланысты емес. Ол амалы таусылғандықтан, шарасыздықтан осындай қадамға барып отыр.

Ол кезінде Ибраеваға жіберген іс материалдарын еркіндікке бере алмайды. Ол түрме басшылығына ресми түрде өтініш жасап, барлық қағаздарды «Сіздің құқыңыз» филиалының төрағасы Вадим Курамшинге, яғни, маған беруін сұрайды.

Бұл қағаздарды ол Галендухинге де беруді сұрайды. Ол - адам бақылау комиссиясының төрағасы. Шынын айту керек, оның ұстанымы барлығына түсініксіздеу болып қалды. Ол келемін деп уәде береді, бірақ әр он бес минут сайын келмей қалуының жаңа себептерін түсіндіріп жатады. Сотталғандардың туыстарымен бірге басқармаға барсақ, бізді Галендухинге қарай жібереді.

Оны түрменің жанында күтіп тұрамыз. Ол болса, кенеттен телефон шалып, қазір ғана жаңадан тағайындалған орынбасар Мансұровамен сөйлескенін айтады. Мансұрованың айтуынша, Гапоновта бізге беретін ешқандай құжаттар жоқ-мыс. Мен Галендухинге оның сөзіне сенбе деймін. Қылмыстық-атқару жүйесінің бұл ертегілеріне комиссия төрағасының сенуі нағыз ақымақтық.

Ол: «Мен ешқайда бармаймын, осы жерде отырып заң аясында жұмыс істеймін», – деп жауап береді. Қолында кішкентай сәбиі бар Гапоновтың әйелі оған телефон шалып, көмектесуін өтінеді. Бірақ ол тұтқаны тастай салады. Оған Азаттық радиосы түсініктеме беруін сұрап телефон шалады. Ол бұдан бас тартады. Міне, оны сипаттайтын мысалдар.

Ал енді Астана колонияларының біріндегі жұмбақ өлім жайына келсек. Колония басшылығы болған оқиғаны ақырына дейін жария еткісі келмеді. Бірақ 60 сотталушы 15 минуттың ішінде жиналып, қарсылық ретінде аштық жариялады.

Ибраева ханым келесі күні келіп барлық жайдан хабардар болды. Әуелгіде түрме басшылығы кісі өлтіру фактісін мойындағысы келмеді. Алайда мен барлық материалдарды журналист Жұмабике Жүнісоваға жібердім. Сөйтіп ол тұтқынның шынымен де өлтірілгендігін мойындатқызды. Әйткенмен бар кінәні колониядағы белсенді, әкімшілік көмекшісіне аудара салды.

Бірақ ешкім, оның ішінде Анар Ибраева да бар, карантин бөлмесіне белсенді қалай кіріп кетті, ол жерге бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған емес пе деп сұрақ қойған жоқ. Сотталғандар үшін Анар Ибраева қазір ҚАЖК-нің елшісі іспеттес.

Колонияда әлдебір оқиға бола қалса, келесі күні сонда Анар Ибраева пайда болады. Бұл жақсы-ақ, бірақ сотталғандарға деген оның қарым-қатынасы түсініксіз. Алдымен ол қандай көмек керек деп сұрайды. Содан соң айғайға басады. Менің ойымша, осылайша куәлік беруге даяр адамдарды анықтап алады. Содан соң оларды этаппен алып шығып, өлтіреді.

Юрий Гусаковқа келсек, оған 40-шы колониядағы сотталушы Евгений Карауш көмек сұрап өтініш жасады. Ол колония қызметкерлерінің үнемі ұрып-соғатындығына шағымданды. Гусаков екінші рет келгенде Карауш оған тағы да өтініш жасап, өз шағымын оның қолына ұстатты. Ал төрт күннен соң оны режимдік бөлімде өлімші етіп сабағаны соншалық, Карауш өздігінен жүре алмай қалды. Ал бір аптадан соң оны 41-ші колонияға ауыстырып жіберді.

Карауштың айтуынша, оның тұла бойы көкпеңбек болып, басы ісіп кеткен. Медициналық бөлімнен берілген анықтамада осының барлығы көрсетілген. Алайда онымен кездескен Гусаков куәлік беруден бас тартқан. Сонымен бірге бұл құқыққорғаушы «шағымымның жағдайы не болып жатыр» деген Карауштың сауалына да жауап бермеген.

Жаңа ғана менің атыма ар-намысқа тиетін сөзді қалай айтса, сотталғандарға қатысты да ол өзін осылай ұстайды. Бұлардың жасап жатқан жұмысы бюроның әуел баста негізге алған мақсатына сай келмейді. Бұл Жовтистің өзі жинаған бұрынғы команда емес.

Юрий Гусаков:

– Жоғарыда сөйлеген азаматтың сөзіне күмән келтіремін. Сотталушы Карауштың денсаулық жағдайы алаңдатарлықтай емес болатын. Екіншіден, ол шағымын мүлдем өзге әйелге, өзге ұйымға берген. Ал Евгений Карауштың ісімен мен өткен жылдың маусым айында айналыстым ғой деймін. Оны не үшін өзге колонияға ауыстырғанын да білмеймін.

Құқыққорғаушылар жағдайға, мекемеге ықпал етулері мүмкін. Бірақ солай бола тұра олар ұйымдасқан қылмысқа да, ҚАЖК-ге де бүйрек
Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 түрмесінде әкімшілікке наразылық ретінде өз қарнын тіліп тастаған тұтқын. Адам құқығын қорғаушы Вадим Курамшин жолдаған сурет.
бұрмай, бейтарап ұстанымда болуы керек. Кешіріңіздер, тіпті саяси партияларға да бейтарап болулары керек. Өкінішке қарай, қазір болып жатқан оқиғалар тек «қызылдарды» ғана емес, өзгелерді де тартып отыр. Бұл өте жаман.

Жүйеде өте күрделі мәселелердің бар екендігі рас. Тіпті құқыққорғаушылардың көмегіне сүйеніп болсын, режимді босаңсыту мәселесін шешуге кеңес бермес едім. Режимнің аты – режим. Қылмыс жасадың ба, соттың үкімі бойынша алған жазаңды өте. Егер әкімшілік тарапынан бұрмалаушылықтар болса, онда сотталушылар бұл жайында айтулары керек. Өйткені денсаулықты қатерге тігудің қажеті жоқ. Ол кейін бостандықта да қажет болады. Мен түрлі құқыққорғаушылардың жұмысынан анау айтқандай айырмашылықтарды көріп тұрған жоқпын.

Ал енді аталған жағдайға келсек, біреулер жағдайға ықпал ете алса – жарағаны, ал енді ықпал ете алмаса, ол үшін сөгудің реті жоқ. Жүйеге ықпал ете алдың ба – тамаша, қолыңнан келмеді ме – бұл барлығына ортақ кемшілік.

Мен түрлі мекемелерде болып көрдім. Мысалы, 41-ші колонияда болдым. Бұл - өрт сөндіретін машина сияқты «қызыл» зона. Бірақ ондағы жағдай Қаражалдағы АК 159/22 мекмесінен әлдеқайда тәуір. Қаражалда тіпті ауыз су да жоқ.

Қазір аталған зонаны адам кейпіне келтіру үшін бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ ондағы «бауырлардан» да, «қызылдардан» да немесе тағы біреулерден де ешқандай шағым жоқ. Мен ешкімнің мүддесіне қызмет еткім келмейтіндігін ашып айтқым келеді. Қолымнан келгенінше жұмыс істеп жатырмын. Ал енді жанжалға себеп болар жайтты көріп тұрған жоқпын. Өйткені бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жатқан жоқпыз ба?!

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG