Accessibility links

Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құруға ең әуелі кім мүдделі?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркия президенті Абдолла Гүл. Анкара, 22 қазан 2009 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркия президенті Абдолла Гүл. Анкара, 22 қазан 2009 жыл.

Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру мәселесіне арналған дөңгелек үстелге қатысушылар бұл бастама туралы әрқилы пікір айтады. Бірі бұл Түркияның Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге тырысып жатқанын көрсетеді десе, екіншісі Қазақстанның имиджін жақсарту үшін тапқан жаңа бір тәсілі деді.




Қазақстан парламенті сенаты қыркүйектің 9-ы күні Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахичевань келісімін бекітті. Өткен жылы Әзірбайжанның Нахичевань қаласында өткен президенттер кездесуінде келісілген бұл ұйымның құрылғаны қыркүйектің 15-інде Стамбулда өтетін саммитте ресми түрде жария болмақшы.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл кеңесті құру туралы бастама көтерген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев деген тұрғыда ақпарат таратады. Әйтсе де Нахичевань келісімін Қазақстаннан бұрын Әзірбайжан мен Түркияның бекітіп үлгіргенін айта кету керек.

Қазақстан парламенті сенатына келісім жобасын бекітуді ұсынған сол шақтағы сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің хатшылығы құрылатынын хабарлаған. Хатшылықтың кеңсесі Астанада да емес, Бакуде де емес, Стамбулда орналаспақ.

Жарғысының жобасына сәйкес ұйымның ішінде президенттер кеңесі, сыртқы істер министрлері кеңесі, сарапшылар мен ақсақалдар кеңесі және хатшылық сияқты құрылымдар болады. Кеңестің бас хатшысы болып тәжірибелі түрік дипломаты Халиль Акынджы сайланады деген болжам бар.

Жаңа ұйымға мүше болып Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан кірмекші. Жиынға Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қатысу-қатыспауы әлі белгісіз. Өзбек басшысы 1995 жылдан бері түркітілдес елдер президенттерінің басқосуларында төбе көрсеткен емес.

Осы жағдайда жоғары лауазымды бір түрік саясаткерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жетпіс жылдық мерейтойына қатысты сый-сыяпат жасай тұрып, Анкараның Ресей, Қазақстан мен Беларусь құрған Кеден Одағына кіргісі келетінін айтып қалғанына назар аударғымыз келеді.

Осыған байланысты Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру бастамасының тасасында кімнің мүддесі жатыр деген сауал туады. Өзбекстан сияқты түркітілдес елдің басшысы неліктен Стамбулдағы бұл жиынға қатысудан бас тартып отыр?

Бұл сұрақтар Азаттық радиосының Қазақ қызметі ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстелінде талқыға түсті.

Дөңгелек үстелге өзбек оппозициясының жетекшісі Мұхаммед Салих (Түркия), Әзірбайжанның бұрынғы ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік кеңесшісі, қазіргі тәуелсіз саяси сарапшы Вафа Гулузаде (Әзірбайжан), «Вестник Кавказа» порталының бас редакторы Алексей Власов (Ресей) және Стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Мұрат Лаумуллин қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосы Қазақ қызметінің редакторы Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.


ТҮРКИЯ МЕН РЕСЕЙДІҢ БАҚТАЛАСТЫҒЫ

Жүргізуші:

– Бірінші сауалымыз – Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда кімге тиімді? Анкараның Ресей, Қазақстан мен Беларусь құрып отырған Кеден Одағына ұмтылуына не себеп?

Әуелі осыған қатысты Ақорданың ресми жауабына назар аударалық. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов былай дейді: «Мұндай құрылымды құру барша түркітілдес елдерге, оның ішінде Қазақстанға да тиімді деп сенеміз. Бұл елдердің арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық барлық түркітілдес елдерге бірдей пайдалы болады деп үміттенеміз».

Вафа Гулузаде:

– Мұндай достастықты құру туралы идеяны өткен ғасырда марқұм сол кездегі түрік президенті Тұрғыт Өзал көтерген еді. Бұдан соң бұл іске Сүлеймен Демирел ден қойды. Түркітілдес елдер басшыларының Қазақстанда, Қырғызстанда, Әзірбайжан мен Өзбекстанда бірнеше
Вафа Гулузаде - тәуелсіз саяси сарапшы. Баку, 28 наурыз 2009 жыл.
саммиті өткені белгілі. Бұл кездесулердң барлығы жай ғана әлдебір ынтымақтастық орнату жөніндегі ниет білдірумен аяқталатын.

Ниет тек декларация күйінде қала берген. Мұның себебі неде? Меніңше, барлық түркітілдес елдер әуелі Ресей кейін совет империясының құрамына енді. Ешқайсысы тәуелсіздік алғанға дейін бір-бірімен екіжақты тікелей қарым-қатынас жасап көрген жоқ. Бұл достастықтың енді ғана пайда болу себебі сол.

Қазақстанның қазіргі бастамасы – дер кезінде жасалған ұсыныс. Бұл – түркітілдес елдердің арасында экономикалық және мәдени ынтымақтастық орнату әрекеті. Бұл іске басшы болып тұрған ел – аймақтық ір мемлекетке айналған Түркия.

Экономикалық пайда, инфрақұрылым саласындағы тиімді қарым-қатынас барлығының көңілінен шығады. Бірақ бұл істің дамуына Мәскеу тежеу болмақшы. Өйткені бұл аймақ Мәскеудің ықпал ету аймағына жататын. Бүгінге дейін түркітілдес елдерде Ресейдің ықпалы өте күшті. Бақталастық Ресей мен Түркияның арасында туып тұр. Түркітілдес елдерге ықпал ету бәсекесі осы бақталастықтың негізінде өрбиді деп ойлаймын.

АСТАНА МЕН АНКАРАНЫҢ ЕКІ БАСҚА МҮДДЕСІ

Алексей Власов:

– Менің пайымдауымша Баку, Астана мен Анкараның түркітілдес елдер арасындағы интеграциялық процестерге қатысуға байланысты әрқилы мүдделері бар. Анкараның геосаяси мүддесі – Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиядағы ықпалын арттыру.

Сондықтан да Түркия ТҮРІКСОЙ ұйымы аясындағы әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықтан гөрі кеңірек ауқымда,
Алексей Власов - «Вестник Кавказа» порталының бас редакторы. Мәскеу, 6 қараша 2007 жыл.
Бейжің, Брюссель, Мәскеу мен Вашингтон сияқы ірі саяси ойынша ретінде қимылдағысы келеді. Орталық Азиядағы интеллигенцияға, түркі бірлігі идеясына сүйенгісі келеді.

Түркия тоқсаныншы жылдары Совет Одағы қирап жатқан кезде осы аймаққа бірінші рет жол салды. Сол кезде ықпалы аса күшті еді. Қазір Анкараның ЕуроОдаққа кіру әрекеті бір сүйем алға жылжымай қалған сәтте бұл идеяның орнына Түркияның еуразиялық геосаяси мүдделері алға шығарып отыр.

Астана бұл ойынды Анкарамен бірге бастап отыр. Назарбаевтың және қазақстан элитасының мүддесі бұл жобаның имидждік пайдасын көбірек күйттейді. Оның үстіне Қазақстанның бірқатар ШЫҰ, ЕврАзЭЫ сияқты интеграциялық жобаларға мұрындық болып отырғаны құпия жайт емес қой.

Түркі әлемінің интеграциясы туралы бастама Нұрсұлтан Назарбаевты ең басты евразиялық интегратор ретінде көрсету амалына көбірек ұқсайды.

Ол осыдан он алты жыл бұрын евразиялық бірлесу туралы идея ұсынған болатын.

Соңғы бір айтатын жайт – Баку Анкарамен және Астанамен жеке-жеке екіжақты диалог орнатуға мүдделі. Ильхам Әлиев ТҮРКСОЙмен қатар экономика мен энергетика салаларында да түркі жобаларын дамытуды қолдайтын сияқты.

Сондықтан әр жақтың өз мүддесі бар. Жобаның болашағы қалай болатыны белгісіз. Өйткені әркім өз керегін табуға тырысып жатыр.


ТҮРКІ БІРЛІГІ ИДЕЯСЫ

Мұрат Лаумуллин:

– Бұл ретте Фридрих Энгельстен қалған сөз есіме түсіп отыр, ол он тоғызыншы ғасырдың ортасындағы панславяншылдық идеясына күле қараған болатын. Славян бірлігі, герман бірлігі, осы дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар емеурін танытып отырған қазіргі түрік бірлігі дегеніміздің барлығы да, бір сөзбен айтқанда - миф. Ондай бірлік болған да емес, болмайды да, Шындығында, нағыз еуразиялық үш мемлекет бар, олар: Қазақстан, Түркия және Ресей. Бұлар екі құрлықты да еншілеп жатқан мемлекеттер

Мен бұған Украинаны да қосар едім, бірақ украин жолдастар түсінбей қалуы мүмкін, дегенмен Украинадағы Ұлы даланың жартысы Еуразияда. Сондықтан Түркияның Кедендік одаққа қосылуға ниет білдіруі түсініксіздеу болуы мүмкін. Бірақ кіре қалған жағдайда Кедендік одаққа мүше елдердің барлығының ұстанымдарын күрт күшейтері анық.

Түркия НАТО-ның, батыс блоктың мүшесі. Қазақстан тарихи тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да Ресеймен тығыз байланысты. Ал Ресей ОИК-ке бақылаушы ретінде қатысып отыр, олай болса құрамында кем дегенде жеті-сегіз түркі тілді аумақтық автономиясы бар Ресей де мүше болуы мүмкін. Мүмкін, әуелі болашақ түркі мемлекеттері ассосациясына бақылаушы ретінде қосылғаны дұрыс шығар.

Тоқсаныншы жылдары Қазақстан да Өзбекстан секілді бұрынғыдай «інілік» рөлге мойынсұнғысы келмейтін болды. Қазір халықаралық аренада Түркиямен қатар тұра алатын деңгейге жеттік. Астананың түркі бірлігі идеясын қайта жаңғыртуына себеп болған басты іліктердің бірі осы деуге болады.


«ИНТЕГРАЦИЯ ДЕГЕН ҚАУІПСІЗ СӨЗ»

Мұхаммед Салық:

– Бұл тақырып, әрине, бүгін көтеріліп отырған тақырып емес. 1994 жылдан бері түркі республикаларының бірнеше сиезі өтті. Бұл сиездерде негізінен мәдениет мәселелері сөз болды. Экономикалық жайттар да қарастырылғанымен олар екінші кезекте қалды. Онда да энергетика, көлік, байланыс мәселелері ғана тиіп-қашпа әңгіме өзегіне айналды. Ұлы Жібек жолын жаңғырту көзделді. Сол кездері-ақ тұрақты жұмыс істейтін хатшылық құру ұйғарылған болатын.

Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ әліпбиі құрастырып, түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігін, тағы да басқа түркі әлеміне ортақ дүниелерді
Мұхаммед Салих - өзбек оппозициясының жетекшісі. Прага, 2 желтоқсан 2008 жыл.
жасамақшы болған.

Ол кезде біздің басшыларымыз жаңа Еуразия идеясының төңірегінде жұмыс істеді. Өкініштісі, өткен он бес жылда алға қойылған осы мақсаттарға ақыры қол жеткізе алмадық. Түрік мемлекеттерінің интеграциясы туралы идея, әсіресе өткен ғасырдың соңында, сол кездегі саяси жағдайлардың ыңғайына қарай бір шетке ығысып қалды.

Алайда, былтыр Нахичиванда өткен саммитте Нұрсұлтан Назарбаев айтқан ұсыныс осы идеяны қайта жаңғыртқандай көрінді. Назарбаев Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі деп аталған аймақтық бірлестік құруды ұсынды. Және ақыры осы бастама бойынша Түркітілді елдердің парламенттік ассамблеясы құрылды.

Түрік белдеуі дегеніміз Адриат теңізінен қытай қорғанына дейінгі кең-байтақ әлем. Осынау географиялық орнының өзі геосаяси интеграцияға сұранып тұр ғой. Мұны өткен ғасырда да, оның алдындағы ғасырда да пантүркистер деп аталып кеткен интеллигенциямыздың арманы болатын

Олар осы тақырып төңірегінде өлең жазды, роман жазды, дегенмен ССРО құлағаннан кейін ата-бабаларымыздың арманын жүзеге асырудың қолайлы сәті туды.Өз басым бұл интеграцияны қос қолымды көтеріп қолдаймын, өйткені екі жағымызда екі алып – Қытай мен Ресей тұр.

Біздің мемлекеттерімізге жаңадан құрылатын Орыс империясының оңтүстік губерниялары ретінде қарайтын Жириновский мен Дугин сияқтылар айтып жүрген Еуразия үлгісін айтпаймын. Менің ойымша бұл интеграцияның түпкілікті мақсаты Еуропалық одақ секілді бірыңғай экономикалық кеңістік, ортақ валюта, ортақ қарулы күштер, ортақ сыртқы саясатқа қол жеткізуі болуы тиіс. «Интеграция» деген біздің жағдайымызда ең қауіпсіз сөз.

Түрік бірлігі немесе түрік мемлекеттерінің одағы деген атаулардан алыстау жүргеніміз дұрыс шығар, түрік бірлігі деген сөз Ресейге ғана емес өзгелерге де ұнамайды. Сол сияқты кейбір сарапшыларымыз Орта Азия түркілері қазірдің өзінде Түркияны өздеріне аға қылды деген сөздерге дем беріп жүр. Олай емес қой.

Біз мұндай басы артық әсіре сезімдерден арылуымыз керек. Сасяаттағы «аға», «іні» деген сөздердің бұрынғы мағынасы жойылды. Тек ұлттық мүдде ғана бар. Алексей айтқандай, ұлттық мүдде тек «ағаларда» ғана емес, «інілерде» де бар. Тіпті «ініде» «ағадан» көбірек болуы да мүмкін.


ИСЛАМ КӘРІМОВТІҢ БҰЛТАЛАҒЫ

Жүргізуші:

– Стамбулдағы түркі тілді елдердің саммитіне Өзбекстан президенті не себепті бармай қалды?

Мұхаммед Салих:

– Менің пікірім өте субъективті болуы мүмкін, өйткені түркі мемлекеттерінің бірлігі деген мәселені айтқанда әуел бастан-ақ Кәрімовтың аза бойы қаза тұратын. 1994 жылдан бастап, яғни Демирел оны саммитке келуге үгіттеп, жаңағы мәселерді айтқан кезден-ақ бір жағына қисайып, онша жақындағысы келмеді.

Бірақ, менің ойымша, басты себеп мынау, өйткені ол өзін түркі деп санамайды. Оның бойында «түрік» және «Түркістан» деген сөзді шын ықыласымен айтуға кедергі келтіретін этникалы-психологиялық себептер бар. Мұндай субъективті себептер оның саясатында түркі бірлігі идеясы деген ұғымға орын қалдырмайды. Екінші себеп, ол әрине, Қытай мен Ресейге ұнау үшін екеуінің арасында бұлталақтап жүр.

Вафа Гулу-заде:

– Расында да, егер ол түркі болмаса онда кім? Осыны білгім келіп отыр, Өзбекстаннан келген досымыз мұны ашып айтпады ғой. Өз басым оны дүниенің кіндігі мен деп санайтын, өте кеудемсоқ адам деп ойлаймын.

Тағы бір жағынан алғанда, оны кінәлауға да болмайтын сияқты. Ол барлығынан қорқады.Біріншіден Ресейден қорқады. Екіншіден АҚШ-тан қорқады. Бұрынғы отаршыл ел Ресей Өзбекстанды тағы да тізерлеуі мүмкін. Ал АҚШ демократиялы ел, ал Өзбекстан демократияны айтқанда төбе шашы тік тұрады. Мұндай жағдай ең дұрысы басты ауыртпай бәрінен аулақ жүру. Түркі елдерінің саммиті ме, басқа ма, бәрібір.

Ол Ресейдің ыңғайын көбірек жығылады. Өйткені Орталық Азия аймағында Қытай мен АҚШ сияқты державаларға қарағанда әзірге Ресейдің үстемдігі күштірек. Бұл дәстүрлі саясатттың жалғасы ғой. Өз басым Ресей АҚШ пен Қытайдан мықты деп ойламаймын, бірақ Орталық Азияда қашан да Ресейдің ықпалы күшті болып келді. Ресей бұл аймақты жете зерттеген мемлекет және осындағы түркі мемлекеттерінің басшыларының ең әлсіз және осал тұсын өте жақсы біледі. Сондықтан одан бәрі қорқады, әсіресе Ислам Кәрімов қатты қорқады.

Алексей Власов:

– Менің ойымша, бұл мәселе талқылауды қажет етпейді, жауап біреу және анық – Ислам Кәрімов ешбір интеграциялық құрылымдарға қатысқысы келмейді. Ресей бастаса да, Батыс бастаса да, тіпті түбі бір түркі елдері ту ұстап шықса да қосылмайды. Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Түркия бастамасымен жасалып отырған шараға да солай қарайды.

Екі түрлі себебі бар. Біріншісі Кәрімовтың кез-келген байланысты тек екі жақты қатынастар арқылы орнатқысы келетіндігі. Екіншісі – бұл өңірдегі тәуелсіз мемлекет құрғалы билік тізгіні ұстап келе жатқан өзге лидерлермен арада жеке басының белгілі бір түсіністігі жоқтығы. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты меңзеп отырмын.

Осы реттен келгенде өзбек президентіне өзіне пайдалы мәселелер бойынша экономикалық, оқу-ағартушылық, гуманитарлық салалар бойынша ортақ жобалар жасаған бойынша әлдеқайда тиімді. Түрік жобасына қатысты көзқарас Өзбекстанда ерте ме кеш пе әйтеуір бір болатын саяси элита өзгерісінен кейін дұрысталатын болар.

Сондықтан әзірге Өзбекстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына, ЕурАзЭК-ке немесе түркі интеграциясына қатысуы туралы сөз қозғаудың өзі меніңше аңғалдық болады.

Мұрат Лаумуллин:

– Мен Салих мырзаның ойымен келісемін. Кәрімов арғы тегі самарқандық тәжік, сондықтан оны кем дегенде жартылай тәжік деуге болады. Саясатта сезімге жол берілмеуі тиіс. Сірә ол түркі одағында екінші рөлде болғысы келмейтін сияқты. Бірінші рөл Түркия мен Қазақстандікі екені анық. Басты желеу осы. Мұны, әріптесіміз Власов жеткілікті түсіндіріп берді деп ойлаймын.


ТҮРКИЯНЫҢ МӘСКЕУ МЕН АСТАНАҒА ЕМЕУРІНІ


Жүргізуші:

– Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы Кедендік одаққа Түркиян неліктен кіргісі келеді?

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Асқар Абдрахмановты тыңдасақ: «Шынын айтқанда, Кедендік одаққа қосылу жөнінде Анкараның ресми ұсынысын естігеніміз жоқ. Алайда түрік саясаттанушылары мен өзге де қоғам қайраткерлерінің бейресми пікірлері Кедендік одақтың, оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің аса ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі ретінде Түркияның Кедендік одаққа үлкен қызығушылық таныта бастағанын аңғартады. Мұның өзі Қазақстан, Ресей және Белорусьтің Кедендік одақ құру бағытында дұрыс жұмыс істеп келе жатқандығын көрсетеді».

Алексей Власов:

– Бір жағынан, түрік саясаттанушыларының бұл пікірінің астарында әлдебір емеурін жатқаны айдан анық. Бұл тек Мәскеу мен Астанаға ғана жасалған емеурін емес, сонымен қатар Түркияны көптен бері Еуроодаққа жақындатпай жүрген Брюссельге жасаған Анкараның қыры сияқты..

Бұл емеурін – еуропалық векторға балама бар деген мағынаны білдіреді. Мәселен, Орталық Азия және Ресеймен сауда-экономикалық қатынастар жасау арқылы Түркия Еуроапасыз да біраз жерге бара алады деген сөз.

Тағы бір себеп экономикада. Өйткені өзара айтарлықтай геосаяси қайшылықтары болғанымен Ресей мен Түркия арасында қатынастардың негізі ұстыны экономика. Сол себепті түрік элитасының мотивтері маған әбден түсінікті. Екінші жағынан, олар мұндай пікір айтылуын айтылғанымен бәрібір жуық арада іске аспайтынын біліп отыр. Яғни, қанша жерден жарияға жар салса да Түркия жекелеген елдерімен қайшылығы бар Кедендік одаққа әзір жақындай қоюы екіталай деген сөз.

Сонымен қатар Кедендік одақ әуелі өз ішіндегі мәселелерді шешіп алуы керек. Әйтпесе әне-міне Қырғызстан, Тәжікстан Кедендік одақ есігін қаққалы отыр. Енді міне Түрия шықты.

Бұл құрылым әрі қарай жемісті жұмыс істеуі үшін біраз уақыт керек. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе – Кедендік одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының ара қатынасын анықтап алмай болмайды. ДСҰ мүшесі болып саналатын Түркия оған дейін Кедендік одаққа кіруі мүмкін емесы. Құқықтық, заңдық тұрғыдан да сәйкес келмейді.

Бірақ, осы аралықта Түркия Кедендік одаққа серіктес ел ретінде араласып, осыдан он алты жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған үлкен Еуразия жобасына сырттай болса да қосыла алады. Яғни ештеңеден ұтылмай-ақ Түркия имидждік тұрғыдан айтарлықтай көп нәрсені ұтуына мүмкіндік бар. Бірақ имидж бен өмірдегі шындықтың арасы жер мен көктей ғой.

Мұрат Лаумуллин:

– Кедендік одақ дегеніміз советтік экономикалық кеңістікті қалпына келтіру жолындағы бірінші немесе екінші қадам. Сондықтан оған Түркияның қосылуы түсініксіздеу көрінеді. Әріптесіміз Алексей Власов бұл орайда пайда болуы мүмкін заңдық, экономикалық және геосаяси кедергілерді айтса да, өз басым, дәл осындай аса қуатты экономикалық держава Кедендік одаққа қосылса, сөз жоқ құптар едім.

Бірақ фактінің аты факт. Жексенбіде өткен референдум Түркияның Батыстан іргесін аулақ сала бастағанын анық көрсетті. Осыдан кейін бұл елдің саяси жүйесі де, геосаяси бағыты да өзгереді. Олар Осман империясының бұрынғы рөлін қалпына келтіріп, Таяу және Орта Шығыспен жұмыс істеуге ден қояды. Сондай-ақ олар алдарына жаңа мақсат қойды, ол – қазір біз құрып отырған ұлы Еуразия экономикалық кеңістікке қосылу. Бұл мәселені Анкараның қалай шешетіні бізге әзір беймәлім, бірақ Түркия қосыла қалса Кедендік одақтың да, басқа одақтардың да салмағы арта түсетіні сөзсіз.

Мұхаммед Салих:

– Бұл одақ Түркияға саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Осы ретте мұндай нәрседе тек бір жақ қана мүдделі болмауы тиіс деп Алексей Власов дұрыс айтып кетті, расында оған Ресей де, Қазақстан да, Белоруссия да мүдделі болуы тиіс. Мен де Түркияның Батысқа жалтақтап отырғанын қаламаймын. Біріншіден, бұл намысқа тиетін әрекет. Түркияның Еуроодақ табалдырығында тұрғанына қаншама жыл болды.

Статистикадан байқағанымдай, осыдан бес-алты жыл бұрын Түркия халқының 60-65 пайызы Еуроодаққа кіруді құлшына қолдайтын, ал қазір олардың саны 40 пайызға жете ме, жетпей ме. Бәрі де өз заңдылығымен келе жатыр. Түркия Еуропаға арқасын беріп, Еуразияға бет бұрғаннан трагедия жасаудың қажеті шамалы. Қайта бұл дұрыс шешім болды.

Вафа Гулу-заде:

– Біріншіден, Алексей Власов мырзаның кәсіби сараптамасына толығымен қосыламын. Расында да Түркия өз проблемасын шеше алмай отырған Кедендік одаққа қосыла қоюы мүмкін емес. Бірақ Түркия Ресеймен аса тығыз әріптестіктен мол пайда таба алатынын жақсы біледі. Түркия Кедендік одаққа кіре қалса экономикалық қуатын үш есе арттырған болар еді. Сондықтан ресми түрде ештеңе айта қомаса да олар түбі Кедендік одаққа қосылуы мүмкін.

Біз мұндай құрылым түркі тілді мемлекеттердің барлығына пайдалы деп есептейміз. Оған Қазақстанға қарағанда басқалар көбірек ынталы болуы керек. Яғни бұл елдер арасында экономикалық және мәдени-гуманитарлық тұрғыдағы әріптестік орнатуға толық мүмкіндік бар.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосы дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG